Елімізде орташа жылдамдықты асырғандарға жаңа айыппұл енгізілді

Қазақстанда орташа жылдамдықты асырғаны үшін жаңа айыппұл белгіленді: ең төменгі сома – 157 мың теңге, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жаңа айыппұл мөлшері
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүргізушілер үшін жаңа жауапкершілік түрін енгізгенін мәлімдеді. Енді орташа жылдамдықты 60 км/сағ және одан жоғары асырған жағдайда 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 2025 жылы бұл сома 157 мың теңгеден асады.
Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде қала маңындағы трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі арқылы шамамен 15 мыңдай осындай құқық бұзушылық тіркелген.
«Қарсы жолаққа шыққаны» үшін жаза күшейтілді
Маңызды өзгерістердің бірі – қарсы жолаққа шығуға қатысты. Бұрын бұл үшін жүргізушілерді 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру немесе жол апаты болған жағдайда 20 АЕК айыппұл салу қарастырылған еді.
Бұдан былай қарсы жолаққа шығу салдарынан жол-көлік оқиғасы тіркелсе, жүргізуші куәлігінен 9 айға дейін айыру көзделген.
Бұл өзгерістер жазаның әділетті болуына және жол-көлік оқиғаларының азаюына бағытталған, – деп түсіндірді Сұлтанбаев.
Мақсат – жолдағы тәртіпті арттыру
ІІМ дерегінше, жол ережесін бұзу көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Жаңа санкциялар жүргізушілердің тәртібін күшейтіп, апат санын азайтуы тиіс.