"1 келісі 2400-2500 теңгеден". Ауылшаруашылығы жәрмеңкелерінде 195 тоннадан астам сиыр еті сатылды
Сенбіде еліміздің барлық өңірінде 47 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, отандық өндірушілер тұрғындарға 195 тоннадан астам сиыр етін ұсынды. Сауда алаңдарына 400-ден астам ауылшаруашылығы тауарын өндіруші қатысып, өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей сатты, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы жылдың басынан бері республика бойынша 3 700-ден астам осындай жәрмеңке ұйымдастырылғаны халықтың бұл саудаформатына деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
Жәрмеңкелерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату басты назарда болды. Соның ішінде сиыр етіне деген сұраныс жоғары. Сиыр етін сату көлемі бойынша Қостанай облысы көш бастады. Өңірдегі жәрмеңкелерде рекордтық 83 тонна сиыр еті сатылды.
Еттің бағасы өңірлерге қарай 2 400-ден 3 700 теңгеге дейін өзгеріп отырды.
Астанада 61 тонна, Абай облысында 19 тонна ет сатылды.
"Қолжетімділік бойынша Қызылорда облысы алдыңғы қатардан көрінді. Мұнда сиыр еті 2 400–2 500 теңге аралығында сатылды. Түркістан қаласындағы "Қуаныш" базарында аптасына екі рет, сейсенбі және бейсенбі күндері ет жәрмеңкесі өтеді. Мұнда сиыр етінің бағасы - 2 600 теңге", делінген хабарламада.
Кеше Семей қаласындағы "Северный" көлік-логистикалық орталығы аумағында 19,5 тонна сиыр еті, әрқайсысынан бір тоннадан картоп пен пияз, 250 келіден сәбіз бен қырыққабат сатылды.
Қарағанды қаласында дәстүрлі күзгі "Ауыл береке – 2025" жәрмеңкесі басталды. Шараға облыстың 7 ауданынан 90-нан астам ауыл шаруашылығы өңдеушілері қатысып, өз өнімдерін нарықтағы бағадан 10–15% арзан бағада ұсынды. Жалпы көлемі 120 тоннадан асатын тауар сатылымға шығарылды. Оның ішінде 52,2 тонна ет, 25 тонна картоп, 7 тоннаға жуықкөкөніс, 16 тонна сүт өнімдері, 4 тонна балық, 175 мың дана жұмыртқа және өзге де азық-түлік өнімдері бар.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, жәрмеңкелер еліміздің сауда мәдениетінің бір бөлігі ретінде, өндіруші мен тұтынушыны тікелей байланыстыратын, халық сұранысына ие маңызды алаң болып қала бермек.
"Жәрмеңкелерде тұрғындар өнімді өндірушілерден тікелей сатып ала алады, бұл нарықтағы бағадан 10–15 пайызға арзан. Барлық өңірде жәрмеңкелер кестесі бекітілген. Енді облыстарда ет жәрмеңкелерінің санын арттыру жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірінде 1 300-ден астам жәрмеңке өткізу көзделіп отыр. Бұл қыстық азық-түлік қорын тиімді бағада алдын ала жасауға мүмкіндік береді", – деді бірінші вице-министр Айжан Бижанова.
Бұған дейін Ауылшаруашылығы министрлігі сиыр етінің қымбаттауына байланысты мәлімдеме жасаған болатын.