Мемлекет басшысы: «Өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау маңызды»

«Балалар өмірлік дағдының көбін мектепте меңгереді. Олар мұнда тәртіпке бағынып, жүріп-тұру ережелері мен әдеп нормаларын сақтауды үйренеді. Сондықтан мектеп өзара құрмет пен жанашырлыққа толы үйлесімді қоғамның үлгісі болуға тиіс.
Балаларды жауапкершілікке баулып, оларға кез келген әрекеттің салдары болатынын түсіндіру маңызды. «Заң мен тәртіп» қағидаты тәрбие жұмысының ажырамас бөлшегіне айналуға тиіс. Ең басты міндет – осы тұжырымдаманың мән-маңызын түсінікті тілде, озық педагогикалық әдістер арқылы өскелең ұрпақтың санасына сіңіру.
Бұл іске директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтерінен бөлек, барша ұстаздар қауымы атсалысуға тиіс. Өйткені бұл – мемлекеттік маңызы бар міндет.
Балаларды әлеуметтік кеселдерден қорғау үшін олардың сыни ойлау қабілетін ұштау қажет. Жас ұрпақтың көп уақытын Интернет пен әлеуметтік желілерде өткізетіні жасырын емес. Олар жалған идеялар мен мінез-құлықты бұзатын теріс тәрбиенің ықпалына оңай түсуі ықтимал. Сол себепті әр педагог балаларды өз эмоциясын ұстауға, кез келген нәрсеге немесе жағдайға байыппен қарап, дұрыс шешім қабылдауға үйретуі керек.
Нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әдеттермен күресуде мұғалімдер айрықша рөл атқарады. Жас ұрпақ арасындағы наркотизмге қарсы іс-қимылға бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Мен бұл туралы жақында Қауіпсіз Кеңесінің отырысында айттым. Бірақ, ең бастысы, әртүрлі стимуляторлармен әуестену, тіпті ол зиянсыз болса да, түбі жарға жығатынын балалар мен жастарға түсіндіру қажет.
Зиянды заттарды тұтыну немесе виртуалды ойындар арқылы шындықтан ажырап, қиялға ерік беру адамды айналасына жексұрын қылып, қоғамнан шеттетеді. Шын мәнінде, мұндай жандар өз болашағына балта шабады. Олар жақсы жұмыс тауып, берекелі отбасын құру мүмкіндігінен айырылады. Өзінің дарынын көрсетіп, биік мақсаттарға жете алмайды».