Басты жаңалықтар “Бұл үміттің үзілгені емес!”: Ғылым министрі оқуға түсе алмаған түлектерге кеңес берді

Ғылым және білім министрі түлектерге үндеу жасап, оқуға түсудің басқа да жолдары барын айтты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ЖОО-ға грантқа түсе алмаған түлектерге үндеу жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол басқа бағдарламалар арқылы да оқуға түсуге мүмкіндік барын атап өтті. Бұл туралы өзінің Telegram-дағы парақшасында жарияланды.
"Бұл ретте 77 мыңнан астам талапкер грант иегері атанып, көзайым болғандығын атап өтіп, өзімнің және Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан құттықтаймын!
Әр адам өмірінде түрлі асулардан өтеді. Кейде үлкен жетістікке жету үшін кішігірім сынақтардан сүрінбей өту қажет болады.
Егер сіз биыл мемлекеттік білім грантына іліге алмаған болсаңыз – бұл үміттің үзілгені емес! Грант – тек бір мүмкіндік. Ал сіздің бойыңыздағы талап, білімге деген құштарлық пен табандылық – нағыз жетістікке бастар басты күш. Мақсатына сенген адам ешқашан жарты жолда қалмайды. Айта кетейін, биылғы конкурсқа өтініш берушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға көп, сондықтан бәсекелестік те өте жоғары болды. Алайда, бүгінгі таңда білім алуға мүмкіндік беретін бір ғана мемлекеттік грантпен шектеліп қалуға болмайды. Сізге қолжетімді өзге де гранттар мен жеңілдіктер бар. Олар:
Университетішілік ректор гранттары
– белсенді, оқу үлгерімі жақсы, әлеуметтік жағдайы ескерілген талапкерлерге оқу орындары тарапынан берілетін арнайы гранттар. 2025 жылы мұндай гранттардың жалпы саны 2 000-нан асты. Мысалы, «Туран-Астана» университеті негізгі ҰБТ-дан 100-ден астам бал жинап, «Алтын белгі» иегері атанған талапкерлерге 4 жылдық ректорлық гранттар ұсынады. Ал Халықаралық туризм және меймандостық университеті 680 мақсатты грант бөліп отыр.
Жергілікті әкімдік гранттары
– әлеуметтік аз қамтылған немесе сұранысқа ие мамандық иелерін дайындау мақсатында облыстық, қалалық әкімдіктер бөлетін білім гранттары. Мысалы, 2025 жылы жергілікті атқарушы органдар бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға 1 700-ден астам білім грантын бөлді.
Жұмыс берушілердің арнайы гранттары
– Бұл гранттар жұмыс беруші мен жоғары оқу орны арасында жасалған келісім негізінде ұсынылады және болашақ мамандарды жұмыспен қамту мақсатын көздейді.
Жеке демеушілер мен қорлардың гранттары
Мысалы, "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры 500 грант ұсынады, "KAZENERGY" қауымдастығы Солтүстік Каспий және Қарашығанақ жобаларының қаражаты есебінен инженерия, IT, жаратылыстану ғылымдары, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салалары бойынша оқуға төлем жасауға қолдау білдіреді, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы "Murager" білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, ауылдық жерлерден шыққан жастарға уран өндіру мен өңдеу, геологиялық барлау, ядролық отын циклі, энергетика, экология және ғылым салаларымен байланысты бағыттарда гранттар ұсынады” - деп жазды ол.