Ұлттық ұлан академиясында 30-дан астам курсант әскери ант берді

Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан академиясында салтанатты түрде 30-дан астам курсант әскери ант берді. Олар Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасының әскери оқу орындарына оқуға қабылданған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Барлығы халықаралық келісімдер аясында конкурс арқылы іріктелді. Биыл іс-шарада ерекше назарға іліккен қос ару да қатардағы курсанттармен бірге ант қабылдады. Олар – құқықтық тәртіп әскері қатарынан әскери-медициналық бағыт бойынша оқуға жіберілген төртінші лектің өкілдері. Алда оларды Санкт-Петербургте бірнеше жылдық оқу күтіп тұр. Олар әскери дәрігер бағытын таңдады.
Академия бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Ерден Балғымбаев бірінші курс курсанттарына құттықтау сөз арнады. Ол өз сөзінде бұл сәттің маңыздылығын атап өтті.
«Ант қабылдау арқылы сіздер Ұлттық ұланның толыққанды жеке құрамы қатарына қосылдыңыздар. Сіздерге шет мемлекеттерде Қазақстан атынан білім алу мәртебесі бұйырды. Сіздердің оқудағы белсенділіктеріңіз бен күнделікті тәртіптеріңіз арқылы өзге елдер біздің мемлекетіміз туралы пікір қалыптастырады», - деді Ерден Балғымбаев.
Сондай-ақ Петропавл қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Тәтваев та жас сарбаздарға ақ жол тіледі.
«Әскери ант – әрқайсыңыз үшін өмір бойы моральдық және адамгершілік бағдар болуы тиіс. Оны курсанттық кезеңде де, офицер болғанда да адал ұстану қажет. Әскери антқа адал болыңыздар, Офицер болу – арман ғана емес, ол – мәртебелі әрі абзал міндет. Бұл – нағыз отаншыл, ержүрек адамдардың кәсібі», - деді И.Тәтваев.
Жас курсанттар атынан Азамат Тұрсынханов сөз сөйлеп, көрсетілген сенім үшін алғыс білдірді. Ол шетелдік оқу орындарында елдің абыройын лайықты қорғауға уәде берді.
Осылайша бұл күн болашақ офицерлер үшін маңызды жолдың бастамасы болды. Ант олар үшін тек ресми рәсім ғана емес, нақты әрекетке итермелейтін бағыт және Отанға адалдықтың белгісі болмақ.