Коммуналдық қызметтер тарифінің өсуінен қашып құтыла алмаймыз — Скляр
Коммуналдық қызметтер тарифі көтерілгенімен күрт арту болмайды. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр айтты.

— Барлығы да тарифтердің төмен болғанын қалайды. Бұл қалыпты дүние, дұрыс қалау. Дегенмен, өмір мүлдем өзгеше талап етеді. Бұған дейін жинақталған қорларымыз бен ресурстарымызды іс жүзінде тауысқанымызды түсінуіміз қажет, — деді ол агенттік тілшісінің сауалына орай.
Осы ретте бірінші вице-премьер 2009-2017 жылдары энергетикалық қуаттарды дамыту бағдарламасы жүзеге асырылғанын, сол кезеңде энергия өндіретін ныснадардың тозу деңгейі айтарлықтай қысқарғанын атап өтті.
— Содан соң 2018 жылдан бастап ұзақ уақыт бойы түрлі ілеспе қызметтердің, отынның бағасы өскеніне қарамастан электр энергиясы құнын көтермедік десек те болады. Бұл 37 ЖЭО-ның 20-сының қызыл аймаққа тап болуына алып келді. Шынайы қатер төнді. Олар қыстың ортасында тоқтап, жылу бере алмай қалуы мүмкін еді. Мұнан ары бұл жағдайға төзуге болмайды. Біз бюджеттің аталған стансаларды жаңғыртуға қандай да бір қаражат бөлетіндей жағдай емес екендігін, жалпы бөлмеуі тиістігін нақты түсуніміз қажет. Сондықтан тарифтердің өсімінен жалтара алмаймыз. Бірақ, ол біртіндеп өсім болады. Біз еш уақытта да оның күрт артуына жол бермейміз. Ол біртіндеп көтеріледі. Сонымен қатар аталған коммуналдық қызметтер үшін белгілі бір субсидия алу тиіс әрі құқылы халықтың әлеуметтік осал тобымен жұмыс істейтін боламыз, — деді Роман Скляр.
Бұған дейін коммуналдық қызметтер үшін бірыңғай түбіртек енгізілетінін жазған едік.