Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға қайтарымсыз грант беріледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 11 тамыздан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Республика бойынша екінші лекте 4 873 адамға грант беру жоспарланып отыр.
"Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, нысаналы мақсаты – жаңа бизнесті бастау және дамыту", - деп жазылған хабарламада.
Гранттың мөлшері 400 АЕК-ті (1 572 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін қажет:
порталда тіркелу;
грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Грант алу үшін бірқатар шартты сақтау қажет.
Грант алуға:
тіркелген жұмыссыздар;
жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
мүгедектігі бар адамдар;
қолданыстағы "қандас" мәртебесі бар адамдар;
өңіраралық қоныс аударушылар
тұрмысы төмен отбасы мүшелері;
көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығандығы туралы 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуға тиіс.
Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен олардың филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ электронды форматта жасалады.