Мемлекеттен қалай 1,5 миллион теңге алуға болады? Еңбек министрлігі түсіндірді

11 тамыздан бастап екінші лек бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыруға грант алуға өтініш қабылдау басталады. Гранттың мөлшері - 400 АЕК (1 572 800 тенге). Мұны қалай алуға болады? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Екінші лекте 4 873 адамға грант беру жоспарланып отыр. Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, мақсаты - жаңа бизнесті бастау және дамыту.
Өтініш беру үшін мына қадамдарды жасау қажет:
business.enbek.kz порталында тіркелу;
Грант алу шарттарына сәйкестігіне тексерістен өту;
Бизнес жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
Өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтініш беруге болады.
Грант алу үшін бірнеше шартты сақтау қажет:
Грант алуға:
тіркелген жұмыссыздар;
жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.
Үміткер мына әлеуметтік санаттардың бірінен болуы керек:
мүгедектігі бар адамдар;
қандас мәртебесі бар адамдар;
өңіраралық қоныс аударушылар
аз қамтылған отбасы мүшелері;
көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Нені ескеру керек?
Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуға тиіс.
Грантты қажет құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, мал, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Грант кредитті өтеуге, тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.