Қорғаныс саласында 1 қыркүйектен бастап цифрлық білім беру жүйесі іске қосылады
Қазақстанда әскери оқу орындары үшін бірыңғай цифрлық платформа әзірленді. Жаңа жүйе оқу процесін автоматтандыруға, әскери қызметшілерді қашықтан оқытуға және оқу орындарын бір кеңістікке біріктіруге мүмкіндік береді.

- Қорғаныс министрлігінің цифрлық трансформация аясындағы басты жетістіктерінің бірі – еліміздегі барлық әскери оқу орындарына арналған көпфункциялы әскери-білім беру платформасының құрылуы. Бұл платформаны біз «Әскери зият» деп атадық. Ол – жоғары оқу орындарында қолданылып жүрген MODUL сияқты жүйе, бірақ бұдан да жетілдірілген нұсқасы.
Оның құрамына қазіргі жоғары оқу орындары мен колледждерде жүріп жатқан барлық білім беру процестері енгізілген. Платформа еліміздегі әскери мамандар даярлайтын барлық жоғары оқу орындары мен әскери колледждерді бірыңғай кеңістікке біріктіруге мүмкіндік береді, - дейді ҚР Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев.
Министрлік өкілі жаңа платформаның мүмкіндіктерін түсіндірді.
- Жүйе оқу процесін толық автоматтандырады: электронды күнделіктер, сабақ кестесі, терминдер глоссарийі, талдау құралдары, есеп беру жүйесі қарастырылған. Сонымен қатар сыртқы ұйымдар да тек қарау режимінде пайдалана алатын ортақ электронды кітапхана қарастырылған, - дейді маман.
Бүгінге дейін 300-ден астам әскери дәл осы палтформа арқылы түрлі курстарға қатысып, сертификат алып үлгеріпті.
- Қазіргі уақытта платформада 20 бағыт бойынша дайындық курстары жүргізілуде. 1000-нан астам әскери қызметші тіркелген, оның ішінде 300-ден астамы оқуды аяқтап, сертификаттарын осы платформа арқылы алды, - дейді ҚР Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары.
Платформа әскерилердің шығынын азайтуға біршама ықпалын тигізіпті.
- Платформаны енгізу арқылы біз әскери қызметшілердің курстық даярлықтан өту үшін бөлінетін іссапар шығындарын қысқарттық. Курстар қашықтан оқыту форматында цифрланған соң, жолақы, тамақтану сынды шығындарды үнемдеуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар, бұл жүйенің артықшылығы – уақыт бойынша икемділігі. Әскери қызметшілер өздеріне ыңғайлы уақытта оқып, қызметтен қол үзбей курстардан өте алады, - дейді Дархан Ахмедиев.
Министрдің цифрландыру жөніндегі орынбасары жаңа жүйе 1 қыркүйектен бастап толықтай іске қосылып, ресми түрде жұмыс процессіне енгізілетінін айтты.
- Қазір платформа іс жүзінде қолданылып, соңғы сынақ кезеңінен өтіп жатыр. Біз оны толық енгізу үшін барлық қажетті сатылардан өткіземіз. Қазіргі таңда жүйені тәжірибе жүзінде пайдаланып жатырмыз. Ал 1 қыркүйектен бастап ресми түрде толық қолданысқа енгізу жоспарланған. Сонымен қатар, бұл платформаны Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараттық жүйелерімен біріктіру жұмыстары да жүріп жатыр, - дейді ол.
Бұған дейін жасанды интеллект әскерилердің ЖОО-ға түсу процесін жеңілдететінін жазған едік.