Олжас Бектенов Президент тапсырмасы бойынша өтіп жатқан «Заң және тәртіп» апталығы аясында ІІМ Басқару академиясының ашылуына қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жарияланған «Заң және тәртіп» апталығы аясында Астанада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясының ашылуы өтті.
«Академияның құрылуы – Мемлекет басшысы жариялаған құқық қорғау жүйесінің даму жолындағы елеулі кезең. Біздің міндетіміз – кадрлық әлеуетті нығайту арқылы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа моделін енгізу. Институционалдық реформалар құқық қорғау органдарының сервистік моделін дамытуға ықпалын тигізеді. Президент ұсынған басым бағыт – азаматтардың қауіпсіздігі және “Заң және тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету», — деп атап өтті Олжас Бектенов.Президенттің тапсырмасы бойынша іске қосылған құқық қорғау органдарын қайта жаңғырту – стратегиялық ойлай алатын басқарушылар буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ технологиялық новацияларды енгізу құралдарын кеңейтіп, жаһандық цифрландыру және жасанды интеллектіні жаппай енгізу жағдайында көшбасшылық пен бәсекеге қабілетті жұмыстың заманауи тәсілдерін меңгеруге жол ашады.

Академия бағдарламасы басқару құзіреттілігіні дамытуға, заманауи тәсілдерді меңгеруге бағытталған. Жыл сайын мұнда басшылық құрамды даярлау бағыттары бойынша 100-ден астам адам, сондай-ақ магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 30 адам білім алады. Бүгінде Академия ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелерінен тыңдаушылардың алғашқы легін дайындауды бастады.














