Қазақстанда үйінің ауласында кілем жуғандарға айыппұл салынады
Фото: persianrugpros.com

Қазақстанда үйінің ауласында кілем жуғандарға айыппұл салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Отырар телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес, аулада кілем жуу абаттандыру қағидаларын бұзу ретінде қарастырылады. Айыппұлдың мөлшері құқық бұзушының мәртебесіне байланысты белгіленеді.
"Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін белгіленген. 2025 жылы бұл шамамен 78 мың теңгені құрайды. Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін айыппұл 30 АЕК-ке дейін жетеді – бұл шамамен 118 мың теңге. Орта бизнес үшін айыппұл 40 АЕК, яғни 157 280 теңге болады. Ал ірі кәсіпкерлікке салынатын айыппұл 100 АЕК-ке дейін барады – бұл 393 200 теңге шамасында", – делінген бапта.
Полицияның мәліметінше, құқық бұзушылықтар тек жоспарлы тексерістер кезінде ғана емес, азаматтардың шағымдары негізінде де тіркеледі. Лас суды төгу, жуғыш заттарды пайдалану, көгалдарды зақымдау және жағымсыз иістер секілді санитарлық нормаларды бұзатын әрекеттер де әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Мұндай құқық бұзушылықтарды қадағалаумен учаскелік инспекторлар, жергілікті полиция қызметкерлері, санитариялық қызмет өкілдері мен әкімдік айналысады. Қайталанған шағым түскен жағдайда арнайы комиссия құрылып, екі еселенген мөлшерде айыппұл салынады.
Заңгер Евгений Яворскийдің айтуынша, санитариялық талаптар мен күнделікті тұрмыс қажеттіліктері арасында тепе-теңдік сақтау маңызды. Оның пікірінше, әр азаматтың ақылы қызметтерді тұрақты түрде пайдалану мүмкіндігі бола бермейді, сондықтан бұл мәселені әлеуметтік тұрғыдан да қарастыру қажет.
"Әкімшілік кодексінің 505-бабы іс жүзінде қызық түсіндіріледі. Бұл бап бойынша тек кілем тазалағаны үшін ғана емес, кондиционерді дұрыс орнатпағандарға да айыппұл салынады. Жеке өз басым мұндай бітпейтін айыппұлдарға түбегейлі қарсымын. Алдымен адамдарға өздері үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Сонда, бәлкім, олар да қандай да бір құқық бұзушылықтардан бас тартар еді. Қазір көпшіліктің қаржылық жағдайы қиын. Әркімнің кілемін химиялық тазалауға тапсыруға мүмкіндігі жоқ. Меніңше, мұндай жағдайлар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға болмайды. Оның үстіне, егер сізге айыппұл салынса және сіз бұған келіспесеңіз, сотқа жүгіне аласыз. Сот шешім шығармайынша, сізді ешкім жазалай алмайды", – дейді заңгер Евгений Яворский.
Айта кетейік, заң бойынша айыппұл туралы қаулыға 10 күн ішінде eGov.kz порталы арқылы немесе әкімшілік сотқа шағымдануға болады. Бұл ретте өзіңіздің кінәсіз екеніңізді дәлелдейтін айғақтар ұсыну маңызды. Ал егер айыппұл 7 күннің ішінде ерікті түрде төленсе, 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы әуежайында “иә” сөзін айтқаны үшін ер адамға айыппұл салынғаны туралы жазған едік.