Азиядағы арынды немесе төрттік тұғыр

Жаңашылдық пен дәстүрлер тоғысы
Маңызды шараның ашылу салтанаты 80 минутқа созылды. Сары құрлық бәсекесінің ашылу рәсімінде заманауи озық технологиялар мен Шығыстық мәдени дәстүрлерін ортақ көрініс тапқан.
Маңызды шараның ашылу салтанаты 80 минутқа созылды. Сары құрлық бәсекесінің ашылу рәсімінде заманауи озық технологиялар мен Шығыстық мәдени дәстүрлерін ортақ көрініс тапқан.
Азия ойындарының 2025 жылы ресми ашылғанын Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде жариялады
Харбиннен басталып, Қытайдың басқа аймақтарына, одан әрі бүкіл Азияға бағытталған поэтикалық саяхат түрінде ұсынылған көрініс үш бөлімнен тұрды. Көріністе қыс мезгілінің құдіреті, қысқы спорт түрлерінің рухын көрсету, сондай-ақ құрлықты байланыстыратын берік қарым-қатынасқа құрмет сипаты адам өмірі лирикалық оқиғасымен өрнектелген.
Harbin International Convention and Exhibition Center Stadium спорт кешенінде ұсынылған интерактивті бейнелер, жасанды интеллект және толықтырылған виртуалды шынайылық та өзінше үйлесім тапты. Азия ойындарының ресми әнұраны – "Харбиндегі қар" әні шырқалып, Азия ойындары-2025 алауының тұтануымен аяқталды.
Кешенді жарысқа құрлықтағы 32 елден 1 147 спортшы қатысып, олар спорттың 6 түрінен 196 медаль жиынтығы үшін күш сынасты. Ұлттық құрамадағы 139 атлет аттанды. Құраманың туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова ұстап барды.
Мүмкіндік мұнан да мол еді...
Сарапшылар Харбин-2025: Қазақстан үшін мүмкіндікті толықтай көресете алмаған Ақ Азиада болды деген көзқарасты айтады. Себеп мынау, Қазақстан Ұлттық құрамасы тарихында бұған дейін қысқы Азия ойындарында 6 алтыннан кем болмаған. Биылғы олжа 4 алтын.
Тарихқа үңілсек, Қысқы Азия ойындарында Қазақстан 1996 жылдан бастап бақ сынады. Демек, бұл еліміз өнерін көрсеткен жетінші қысқы Азия ойындары.
Қазақстандықтар қатысқан алғашқы Азияда 1996 жылы дәл осы Қытайдың Харбин қаласында өтті. Сол жерде ұлттық құрама 34 жүлдені еншілеп, жалпыкомандалық есепте, қытайлықтардан небәрі 1 ғана ұпай айырмасымен, екінші орын биігінен көрінген болатын. Жүлденің 14-і алтын, 9-ы күміс, 8-і қола болған-ды.
1999 жылы Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өткен қысты сында да үштікті толықтырды. Алтын саны 10, күміс 8, қола 7-ге жеткен.
2003 жыл Жапониядағы Аомори, 2007 жылы Қытайдың Чанчун қаласында өткен қысқы Азия ойындарында құрама қазіргідей төрттікке табан тіреді. Бұл кезде қазақстандықтар 7 алтын, 7 күміс, 6 қолаға қол жеткізді. Қытайлық Чанчунда ұйымдастырылған 2007 жылғы Ақ Азиядада біздің команда 6 алтын, 6 күміс, 6 қола медаль алды.
Елімізде өткен 2011 жылы Алматы-Астана Азиядасында көш бастады. VII қысқы Азия ойындарында 70 медальға қоржынға түсті. Оның 32-сі алтын, 21-і күміс, ал 17-сі қола медаль.
2017 жылғы Саппоро Азиядасы қазақ спортшыларына 9 алтын, 11 күміс, 12-сі қола, барлығы 32 медаль алуға мүмкіндік берді.
Харбиндегі қарқын
Биылғы Қысқы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар 4 алтын, 9 күміс, 7 қола медальмен жалпы есепте төртінші орынға тұрақтады. Бірінші медаль 8 ақпанда шорт-трекшілердің аралас эстафетасында бұйырды. 2000 метр аралас эстафетада Алина Әжғалиева, Яна Хан, Денис Никиша және Әділ Ғалиахметов мәреге Оңтүстік Кореялықтардан кейін екінші болып жетті. Қола жүлдені жапониялық қарсыластар қанжығалады.
Қазақстанға алғашқы алтынды ерлер командасы әкелді. 5000 метрге эстафетада жеңіске жеткен команданың құрамында Денис Никиша, Адиль Галиахметов, Мерсаид Жаксыбаев, Айбек Насен, Абзал Әжғалиев және Глеб Ивченко бар. Жапония құрамасы күміске қол жеткізсе, жарыс қожайындарына үштікті түйіндеу мүмкіндігі туды.
Бұл Қазақстан шорт-трегі тарихындағы, Азия ойындарындағы алғашқы алтын медаль.
Жеңісті жолды фристайлдың акробатика бағытындағы жігіттер жалғады. Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов жұптары өз бабында екендіктерін көрсетті. Синхронды секіруде үздік атанған жүптасып өнер көрсетушілер бірден екі Қытай командасын шаң қаптырды.
Екінші мүмкіндікте қазақстандық фристайлшылар 97,92 ұпай жинап, жарыстың жеңімпазы атанды.
Жарысты ауыр эмоционалдық күйде бастаған биатлоншы Владислав Киреев кездескен кедергілерге қарамай, тәуекел етіп, өз әдісіне түзету енгізіп, 10 шақырымдық спринтте чемпион атанды.
Соңғы алтынды хоккейшілер алып берді. Ерлер құрамасы финалда Жапонияны 5:0 есебімен жеңіп, алтын медальдарды иеленді.
Финалдық бәсеке Жапония-Қазақстан құрамаларының арасында өрбіді. Тартысты жарыс 5:0 есебімен Қазақстан құрамасы қарсыласының тас-талқанын шығарды. Шайбаны қақпаға Андрей Буяльский, Дмитрий Бреус, Роман Старченко, Кирилл Панюков, Кирилл Панюков соқты.
Топтық кезеңде біздің құрама Қытай, Жапония, Тайпей мен Оңтүстік Корея командасымен сынға түссе, ширек финалда Қытайдың Гонконг командасын, жартылай финалда тағы Қытайды жеңді.
Күміспен қуантқан шорт-трекшілер ерлігін мұзда коньки тебушілер қайталады. Евгений Кошкин 100 метрлік жарыста екінші орын алды. Аталмыш қашықтықты 9,47 секундта жүгіріп өткен Кошкиннің көрсеткіші Азияның жаңа рекордын орнатса да, қарсыласы қытайлық спортшының 9,35 нәтижесі жағдайды өзгертті.
Шорт-трек әйелдер эстафетасынан Қазақстан құрамасы екінші орын алды. Құрамында Яна Хан, Ольга Тихонова, Малика Ермек, Алина Әжғалиева және Мадина Жанбосынова 3000 метр эстафетада ел намысын қорғады. Алтын медальды Қытай командасы жеңіп алса, Жапония қолаға қол жеткізді.
Фристайл-акробатшылар Аяна Жолдас, Шерзод Хаширбаев және Асылхан Асандар аралас командалар арасындағы жарыста күміс медальды жеңіп алды. Командамыздағы Аяна Жолдас, Асылхан Асан, Шерзод Хаширбаев жалпы алғанда 235.39 балл жинады.
Биатлоншы Вадим Куралес те 10 шақырым спринт жарысын жақсы көрсеткішпен аяқтап, Қазақстанға алтыншы күміс медальды алып берді.
Ксения Шалыгина, Камила Елғазинова, Ангелина Шурыга және Надежда Степашкина бар Қазақстан әйелдер құрамасы 4×5 шақырымдық эстафетада күміс медальды жеңіп алды.
Александр Мухин, Асет Дюсенов, Кирилл Бауэр және Владислав Киреев сынды биатлоншы жігіттер де 4×7,5 шақырымдық эстафетада екінші орынға табан тіреді.
Мұз айдынындағы хоккейші қыздар құрамасы Оңтүстік Кореяны 3:0 есебімен жеңіп, күміс медальға ие болды.
Қола жүлдені фристайл-акробатика Аяна Жолдас, мұзда коньки тебуден әйелдер құрамасы, шаңғыдан 10 шақырым қашықтықта Олжас Климин, синхронды секіруде фристайл-акробатшы Ардана Маханова мен Аяна Жолдас, шаңғы жарыстарының ерлер эстафетасында Константин Борцов, Наиль Башмаков, Олжас Климин және Владислав Ковалев, қоманда құрамында Дарья Климина, Арина Крюкова, Ольга Полторанина және Елизавета Белецкая бар биатлоншылар, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров қола медаль жеңіп алды.
Айта кетерлігі, Харбин қысқы олимпиадасында қытайлық спортшылар көш басынан көрінді. 32 алтын, 27 күміс, 26 қола медаль жеңіп алған. Ал 16 алтын, 15 күміс, 14 қола иеленген Оңтүстік Корея спортшылары екінші орын алса, үздік үштікті 10 алтын, 12 күміс, 15 қола медаль иеленген Жапония спортшылары қорытындылады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА