Қазақстанда IT-мамандардың орташа жалақысы 600 мың теңгеге жуықтаған
Фото: istockphoto.com
Қазір Қазақстанда 18 мыңға тарта IT-компания жұмыс істейді, ал осы саладағы мамандардың орташа айлық жалақысы 600 мың теңгеге жақындаған. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр былтыр еліміздің IT-саласы қарқынды өсіп, жұмысқа тұрғысы келетіндер үшін ең тартымды салалардың біріне айналғанын атап өтті.
«IT-компаниялардың саны 17 922-ге жетті, бұл 2022 жылғымен салыстырғанда 11 пайызға артық. Яғни осы секторға деген қызығушылық жоғары және ол белсенді дамып жатыр дегенді білдіреді. IT-мамандардың орташа айлық жалақысы 588 мың теңгені құрап отыр, бұл өткен жылға қарағанда 35%-ға көп. Бұл елімізде білікті кадрларға деген жоғары сұраныс пен бәсекеге қабілетті еңбек жағдайларын көрсетеді», - деді Мәдиев Сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, IT саласында жұмыспен қамту 12 пайызға ұлғайып, 187 мың адамға жеткен.