Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұз сасыса...

Тұз сасыса...

Су үшін талас адамдар арасындағы ұзақ жылдарға жалғасқан жанжалдың бастысы. Тіршілік көзін тұтыну, тапшылыққа тап болмау жайы жер бетінде жыл өткен сайын күрделеніп, маңыздылығы артып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл жағдайға біздің елдің таяу арада тап болуы мүмкін деп дабыл қаққанынада біршама уақыт өтті. Мемлекет алдында Қазақстан 2050 жылға қарай «суға мұқтаж елдер» санатынан көрінуі мүмкін деген болжам тұр. Сыр күрішін – ел ырысы, тірлігінің тынысы деп білетін қызылордалықтар ол кезде не істемек? Тақырып туралы байыптап көрдік.

Тіршілік тініне талас
Өзен, көл, аңғар саласы көп болғанмен, Қазақстан географиялық тұрғыдан алып қарағанда, су қоры тапшы елдер қатарына жатады. Біздегі негізгі су қоры бастауын көршілес мемлекеттерден алатын өзендермен байланысты. Соған қарамай, еліміз Азия мелекеттері арасындағы суды ең көп тұтынатындар қатарынан табылып отыр. Woridometers дерекетеріне сүйенсек, суды тұтыну бойынша әлемде 11 орыннан көрінсе, тапшылық бойынша 8-орында тұр.
Шектеулі ресурс жолындағы күрес әлемде шиеленісіп, геосаясаттың басты бағдарына айналып кеткеніне куә болып жүрміз.
«Сағадағы су ішеді, Аяқтағы у ішедінің» керін келтіріп отырған трансшекаралық аймақтағы су көлемі еліміздегі барлық су қорының 100-ден аса текше шақырымының 50 проценті шет елден жетеді. Ертіс, Іле, Шу, Тобыл, Сырдария, Жайық, Есілдердің барлығында мәселе бар. Қырғызстаннан басталып, Тәжікстан, Өзбекстан арқылы елімізге жететін Сырдария өзені Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарындағы мақта, жеміс-жидек, бау-бақша, егістен бөлек, Қызылорда облысындағы күріштің 90 процентін суаратын өндірістік су, аяқ су, ауыз су қажеттілігін өтеп отыр.
Су шаруашылығына қырық жылдан астам уақытын арнаған су маманы Есіркеп Әли негізгі факторларды былайша тізбелейді.
«Салада тапшылыққа әкелетін жағдайлар көп. Алғашқысы, трансшекаралық өзендердегі су көлемі тең бөлінбеуі. Олардың аясын жыл сайын тарылтып бара жатқан экологиялық жағдайға да «бас ауыртып» отырған ешкім жоқ.
Кадрлар тапшы. Сушы болуға ұмтылған түлек кемде-кем. Себеп белгілі, ақысы мардымсыз. Салада салғырттық көп. Каналдар тозған. Техника жоқтың-қасы.
Елімізде су ресурстарын басқарудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы дайындалып жатқанын естідік. Алайда судың жайын білетін білікті ғалымдар мен зерттеушілер елімізде бар деп айта алмаймын», – дейді.
Әлем елдерінің құрғақшылыққа қатысты қолға алған жұмыстары бізге де үлгі болуы тиіс. Мәселен Лас-Вегаста көгалдар егу тоқтатылып, бассейндер көлемі қысқарған. Тұрғындар суды көп қажет ететін шөпті су үнемдейтін, тамшылатып суаратын өсімдіктерге ауыстырса, үкімет ақы төленеді. Мұнда су патруль полициясы бар. Германияда адамдар жаппай жуыну уақытын қысқартқан. Жапонияның «Bubble 90» саптамасы су мен жарықты үнемдеудің таптырмас өнертапқышы болып отыр. Қазір дәретханаға бір уақытта 5 литрден астам суды кетірген кәрістер 2500 долларға дейін айыппұл арқалайды.
Бүгінгі таңда немістердің «ZIM Plant Technology» компаниясы жапырақтар ылғал­дылығын және оларға қанша су қажет екенін анықтайтын сенсорды қолданысқа қосқан. Құрғақшылық қамытымен өмір бойы күресіп келе жатқан Біріккен Араб Әмірліктері бұлттардағы электр разрядтары арқылы жаңбыр тудыратын дрондарды қолдануда.
Сарапшылардың 2030-2050 жылдары судың бағасы алтын мен мұнайдан да қым­баттайтынын айтуда. Дамыған елдердің өзінде суды тиімді тұтынуды қарапайым әдеттен ортақ іске айналдырған. Біздегі салғырттық салдарын сезінбеу созыла берсе, табиғи ресурстан тапшылық көретініміз анық.

Егінші – мәрт, ал жер жомарт па?
Біздің заманымыздан бұрын 2000-3000 жылдары егіле бастаған күріштің Орта Азияда өсірілгендігін айғақтайтын алғашқы жазба Страбон, Геродот еңбектерінде кездесіпті.
Ал атақты «Жібек жолы» қатынасы орныққан кезеңде Сыр жағасындағы жергілікті жұрттың егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысатыны айтылған. Бүгінде қазақстандықтар күрішті аса маңызды азық-түлік қатарына қосады. Әлем бойынша 150 млн гектар жерге күріш дақылы егіледі. Олардың қатарында Сыр күрішінің де мыңызы жоғары.
Жыл өткен сайын «егінші – мәрт, жер – жомарт» деген дала еңбеккерлері күріш егуде қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр.
Су тапшылығы, ауа райының құбылмалығы, тыңайтқыш, жанар-жағармай қымбаттылығы, дайын өнімді қабылдау орындарының жолға қойылмауы сынды қолбайлаулар бар. Күріш егу науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ жиналған егінді логистика мен сақтауға қатысты мәселелер де маңызды. Президент пәрменімен ауыл шаруашылығы техникасын жаңалауда “ҚазАгроҚаржы” АҚ үшін жылдық төменгі мөлшерлемеге тарту туралы шаралар қабылданса да, ол барлық қажеттілікті өтей алмайтыны анық.
Ғалымдар күріш шаруашылығы сұрыптарын жаңартуды жайын да жолға қою жайын көтеріп келеді. Кез келген сұрып 3-4 жылда ескіреді. Облыста қазіргі қолданыстағы күріш түрлерін диқандар ширек ғасырға жуық өсіруде. Мұндай ескірген және әр түрлі ауруларға ұшыраған сұрыптарды жаңа жаңа аудандастырылған түріне ауыстыру жұмыстары көп қаржыны қажет етеді. Көршілес Ресей Федерациясында мемлекеттің қолдауымен жылына 5-7 жаңа сұрып пайда болып, күріш түрлері үнемі жаңартылып отырады. Күрішшілер 40-қа жуық өзіндік сорттарын пайдаланады. Ондай шаруаны атқаруға «Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-тің ғылыми-техникалық инфрақұрылымы сай емес.
Селекциялық жылжай салу тиімділігін Оңтүстік Корея, Индия, Филипин аралдарында көрсетіп отыр.
Мемлекет басшысы егіншілерге өңделген өнімнің үлесін өндірілетін шикізаттың 70 процентіне дейін ұлғайту мақсатын қойып отыр. Бұл орайда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары қабылданды.
Үкімет қолға алған ілкімді істің бірі – 2025 жылдан бастап қаржы институттарын тікелей субсидиялау болып отыр.
Инвестициялық субсидиялауға мұқтаж ауылға ағайынның үмітін жалғаған “Ауыл аманаты” биылғы жыл үшін 80 млрд теңге бөлінген.

Өңірдегі өзектілік
Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов мінберде өңірдегі өзекті мәселелерді жиі көтеріп келеді. Халық қалаулысы жеткізген жайдың бірі «Кіші Аралды» сақтап қалу, яғни «Үлкен Аралдың» жағдайына жеткізбеу.
Кіші Аралға және Арал маңындағы көлдерге судың түсуінде соңғы 12 жыл көлемінде теңіздегі су көлемі 27 млрд текше метрден 20 млрд текше метрге дейін азайып, өз жағасынан 15-20 метрге алыстаған. Қалыпты деңгейде ұстау үшін жыл сайын кем дегенде 3 млрд текше метр көлемінде су құйылуы қажет.
Сенатор Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Көкарал бөгетін жөндеу және Сырдария өзенінің Кіші Аралға құяр атырабын қалпына келтіру жобасын жедел арада жүзеге асырмаса, жағдай күрделене түсетінін айтады.
Суды қажет ететін өнімдерден түбегейлі бас тартудың тиімсіздігін, тамшылап, жаңбырлап суарудың мүмкін еместігін тізбелейді.
Суды үнемдеу маңызды болғанымен, күріш дақылы егілмеген жағдайда Қызылорданың экологиялық ахуалы күрт төмендеп, топырақ тұзданып, «жарамсыз оазиске» айналатынын, тұздану үздіксіз жүруінен, ауыспалы егіс те айналымнан шығатынын алға тартады. Руслан Рүстемұлы су үнемдеудің тиімді тәсіліне лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізуді жандандыруды ұсынады.
Ыбырай Жақаев атындағы Қызық күріш ғылыми-зерттеу ниституты ғылыми қызметкерлері күріш атыздарын дәлдікпен тегістеу – атызды сумен ез бастырып, тұқымының біркелкі өнуіне, арамшөптер болмай, өніміліктің көп, су мөлшерін 20-25 процентке үнмдеуге сепетесітінін ұсынады.
Мамандар күріш атыздарына су беруді және есепке алуды автоматтандыру қашыртқылауды тұрақты қамтып, еңбек өніміділігі арттыру мен бақылауға, баға қолжетімділігіне септесетінін бірден-бір жол дейді.
Мемлекет басшысының ауыл шаруа­шылығындағы жалпы өнім көлемін 2 есе арттыру жөніндегі тапсырмасына орай облыста 2024-2028 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Онда 2024 жылға 18 көрсеткіш белгіленген.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аграрлық мәселеге арналған Үкімет отырысында 2028 жылға қарай күрішті 72 мың 200 гектарға дейін оңтайландырып, су үнемдеу технологиясы арқылы мал азықтық және жүгері, көкөніс, бақша дақылдары көлемін көбейтетінін айтқан болатын. Бүгінде өңірде су тапшылығын азайту бағытында ауқымды шаралар бастауын алған. Тақырып аянында дайындалған 3 жобаның қазір біреуі ПУИД-2 жүзеге асуда.
Аймақта күріштен өзге дақылдарға су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Биыл олардың көлемі 4 мың 393 гектарға жеткізіліп отыр.
«РЗА Агро» ЖШС жаңбырлатып суару әдісімен 1000 гектарға сүрлемдік жүгері ексе, қытайлық компаниямен бірлескен «Таң ЛТД» ЖШС, 3 мың гектарға тамшылатып суарумен жүгері, «Camel Pro» ШҚ 800 гектарға жоңышқа өсірген.
Агроөнеркәсіптік кешендегі 2024-2026 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы аясында алда 51,3 млрд теңгенің 30 инвестициялық жобасы жүзеге асу жоспарланып отыр
Түйін: Деректерге сүйенсек, Орталық Азия халықтарының суды көп тұтынуының негізі себебіне егін егу мен төмен тариф кінәлі көрінеді.
Күріш суды ең көп қажет ететін дақыл. Қажеттілік һәм қауқарға қатысты мамандар су ресурстары және ирригация минстрлігін құру жайлы мәселе көтеріп жүр. Ол жүзеге асса жоспарланған үдеден табылмай, қыруар қаржы желге ұшмай ма? Уақыт үлесінде. Аграрлық сала министрлігі ел үшін тиімсіз, тығырыққа тосылмаудың жолы деп азайтқан алқаптардың жайы жер баққан қауым көңіліне алаң тудыруда. Егіс көлемі тарылса, баға шарықтайтыны анық. Аз өнім алу халық табысын төмендетіп, тұрмысқа кедергісін келтіреді. Экономист маман Қайрат Жәнібеков бірер жыл бұрын күріш егілмесе, 300 мыңнан астам адам жұмыссыз қалатынын айтқан.
Трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану туралы халықаралық келісімге қол қойылғанымен, «Кісідегінің кілті аспанда» деп, норма өз мүдделеріне қарайы ойысып тұрғаны тағы бар. «Ет сасыса, сұз себеміз, Тұз сасыса, не себеміз?» деп үрей құшағында отырған сырбойылықтар үшін жалғыз амал уақыт талабына иек артып, суды аз қажет ететін, өнімділігі жоғары, нарықта сұранысқа сай дақыл түрімен айналысу ғана болып отыр.
Фото: Ашықдереккөзден
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
19 қазан 2024 ж. 167 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 48

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930