Тоқаев: Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін
500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозған. Олардың екі жүзінде төтенше жағдай туындау қаупі бар.
Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте айтты.
"Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте президент "Судың да сұрауы бар" екенін айтып, Қазақстан азаматтарын суды үнемдеп тұтынуға шақырды
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отырғанын атап өтті.
"Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз", – деді президент.
Мемлекет басшысының баяндамасына сүйенсек, қазір Қазақстанда 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып тұр. Оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар.
"Кезінде кейбір су қоймалары бұзылып, қайғылы оқиға болғанын білесіздер. Осындай жәйттің алдын алу үшін гидроқұрылымдар жан-жақты тексерілуге тиіс. Апаттық жағдайда тұрған және қараусыз қалған нысандарды бақылауға алу керек. Қауіп-қатерлер картасын жасау қажет. Төтенше жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін қатерлердің алдын алу үшін нақты шараларды қолға алған жөн. Сондай-ақ Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйесін жасау керек", – деді президент.