Білім және баспана алу үшін балаларға 2 млн доллардан астам қаржы аударылды
© Sputnik / Болат Шайхинов
"БЖЗҚ" АҚ "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы аясында 2,2 млн долларды уәкілетті операторларға аударды. Бұл қаржы өтініш берушілердің банктік шоттарына түседі.
2024 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша жалпы 8 айда 21 933 өтініш орындалды. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 1,3 млн АҚШ долларына жуық сомаға 12 487 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 947,6 мың АҚШ долларына жуық сомаға 9446 өтініш мақұлданған.
Бұл ретте жинақты алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, пайдаланылмаған қалдық сома нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады.
Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары:
одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарына салымды толықтыру (1,2 млн АҚШ долларынан астам сомаға 12 048 өтініш орындалды),
азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 15 мың АҚШ долларынан астам сомаға 150 өтініш,
тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге -11,7 мың АҚШ долларына 116 өтініш.
Білім алу ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар:
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (758,4 мың АҚШ долларынан астам сомаға 7561 өтініш орындалды),
білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру (137,1 мың АҚШ долларынан астам сомаға 1 366 өтініш орындалды),
шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) бір рет біржолғы ақы төлеу (43,4 мың АҚШ долларынан астам сомаға 433 өтініш орындалды) жүзеге асты.
Естеріңізге сала кетейік, "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің 50% мөлшері жылына бір рет 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан Республикасының азаматы болып есептелетін балалар арасында теңдей бөлінеді. 2024 жылғы ақпанда БЖЗҚ-да 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлық балаларға алғашқы нысаналы талаптар есептеліп, 2024 жылы 18 жасқа толған азаматтардың нысаналы жинақтау шоттарына (НЖШ) нысаналы жинақтар (НЖ) есептелді және төлемдер жүзеге асырыла бастады.