Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаны аңсау

Ағаны аңсау


Журналистік жол қиындығымен бірге қызығы, қуанышы қатар жүретін қастерлі жол. Таңдаған кәсібімнің арқасында талай жақсы жандармен сұхбаттасып, рухани азығына қанықтым. Адамдық биікке жетелейтін ақыл-парасатына қанығып, өзіме қажеттіні жаныма ұялатуға мүмкіндік алдым. Бұл жолда өзімді жолы болғандар қатарына қосуым орынды.
Бүгін өмірімде есте қалған ерекше сәт туралы оқырманмен ой бөлісуді жөн санадым.
2016 жыл. Қазалыда тарихи саңлақтар Бегім ана, Асандар көтерілісі құрбандарына арнап ескерткіш қойылып, респубика көлемінде үлкен ауқымды шара өтті. Жергілікті газет тілшілерінің бірі ретінде шараны ақпараттандыру үшін межелі орынға біз де бардық. Халық көп жиналатын орта – тілші азығы. Қазақстанға белгілі, әншейінде қол жете бермейтін тұлғаларды көзбен көру, ғибратын сезіну, газетке материал беру маманның мерейі. Сол жолы композитор Ілия Жақановтан сұхбат алудың сәті туды.
Алғаш сәлем бере барғанымда, бала сынды ма, суықтау сәлем алған ол кісі шығармашылығы туралы сұрақтар қоя бастағанда, ашылып, ақтарыла жауап қатты. Ақсақалдық ақылын айтып, арқамнан қағып, ақ батасын берді.
Келесі жоспарым танымал жерлесіміз Кеңес Дүйсекеев болды. Ылғи абыройлы азаматтар қаумалап тұрған орыннан оңтайлы сәтті табу оңайға соқпады. Бір жарым сағатқа созылған еруден соң мүмкіндік алдым.
– Аға, сәлеметсіз бе? – дей бергенім сол еді, суық көзқарас өңменімнен өтіп кетті.
Қазаққа «Айнамкөз», «Еркеледің сен», «Сәлем саған, таған ел», «Ғашықтар жыры», «Қарағым-ай», «Домбыра туралы баллада» сынды қайталанбас туындылар сыйлаған авторды көру бала күнгі арманым болса да, аңсаған сәтім туғанда, қобалжып қоя бергенім бар. Әншейінде көппен тез тіл табыса кететін қасиетімнен арылып, не сөзім, не қағаздан оқып тұрған сұрақтарымды қолым қалтырап оқи алмай тұрғанымда, Кеңес аға, дереу жылы жымия қойды. Арада 2-3 минут өткен соң аздап қалпыма келе бастадым.
– Иә, неге сонша қорықтың? – болды алғашқы әңгімесі.
– Білмеймін, қобалжып тұрмын, – деп қоямын. Аптығымды басып, әңгімені бастадық. Сол бір сағатқа жетпейтін уақыт маған ұзақ жылғы жол сияқты көрінеді әлі. Алғашқы әсерден ұзақ арыла алмадым. Қобалжып тұрсам да, жанарымды қуаныш билеп, іштей Аллаға шүкіршілік айтумен әуремін.
Өзіме қажетті мағлұматтарды алған соң: «Білетіндер «Дүйсекеев бірбеткей, қыңыр» деп жатады. Өзіңізді өзгелерден даралап тұратын бойыңыздағы ешкімге ұқсамайтын мінез қайдан берілді?» – деп сұрақ қойдым. Кемел кісіге: «Не айтып тұрғаныңды білесің бе?» – деп жауап қайтаруына да болатын еді. Әдептілікпен: «Адам табиғатына тартып туады. Мен де Қазалы сияқтымын. Жүзім суық, жүрегім жұмсақ» деп жауап берді. Онысы жершілдік, жікшілдік емес, туған жерінен тамыр үзбеген тұлағаның үлкендік ұлағаты, кішіге көрсеткен үлгісі екенін кейін ұқтық.
Сол жолы туған жері туралы айтылғанда қазаққа ортақ ұлдың үлкен толқыныс, ерекше шабытты тебіреніспен ой бөліскені әлі көз алдыма.
Алматы консерваториясының түлегі, «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері, музыка жетекшісі, «Қазақконцерт» бірлестігінің көркемдік жетекшісі, Қазақ телевизиясы музыка редакциясының бас редакторы болған өнер саңлағы «Толғау» симфониясының, «Жалаңтөс батыр» симфония поэма-картинасының, «О, дүние» кантатасының, «Жыл мезгілдері» романстар циклінің, «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклінің, «Алдар көсе» опереттасын тудырып, тыңдарман жүрегінен өшпес орын алды.
200-ден астам әннің авторы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері 2004 жылы 74 жасқа толғанда дүниеден озды. Пайымдауынша, мен көрген кез азаматтың туған жеріне табан тіреген соңғы сапары болса керек-ті.
Әлем жұрты әнін әуелеткен тұлғамен жолыққан кішкентай кезең менің өмірімде үлкен орнымен қалды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

27 тамыз 2024 ж. 137 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031