Су тасқыны сақтандыру нарығына қалай әсер етті
Коллаж: Kazinform /Freepik /DALL-E
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мемлекеттік органдармен және халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, төтенше жағдайлар кезінде мемлекет пен сақтандыру ұйымдарының өзара іс-қимыл механизмін әзірлеп, залалды өтеу тәртібін анықтап жатыр.
Апаттық тәуекелдерден сақтандыруды енгізудің негізі себебі, табиғи апаттардың, соның ішінде Қазақстандағы ауқымды су тасқындарының қарқындылығының артуы болып тұр.
Қазір табиғи апаттан келген шығынды мемлекет негізінен бюджет қаражаты есебінен төлейді. Сақтандыру өтемі өз мүлкін табиғи апаттардың тәуекелдерінен сақтандыру бойынша алдын ала шаралар қабылдаған азаматтар мен кәсіпкерлердің шағын бөлігін қамтиды.
Біздің елде апаттық тәуекелді сақтандыру ерікті. 2023 жылы 366 мың ерікті сақтандыру шарты жасалды, 2022 жылмен салыстырғанда 11,6 пайызға артқан. Соңғы 5 жылда – 114%.
Ал, ел бойынша тұрғын үйлерді табиғи апаттардан сақтандыру бойынша орташа қамту Алматыда 3,2% және 7,7%. Бұл өңіріміздің географиялық және климаттық ерекшеліктерін ескеретін болсақ, халықаралық стандарттар бойынша төмен көрсеткіш.
«Ең дұрысы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік принципіне негізделген қорғау механизмін құру. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, сақтандыру ұйымдары ірі табиғи апаттардан келген залалды толық өтей алмайды. Аумағы тұрақты түрде табиғи апат тәуекелдеріне ұшырайтын елдердің көпшілігінде апат тәуекелінен сақтандыру міндетті. Соның ішінде Түркия, Румыния, Франция, Испания, Марокко, АҚШ және Қырғызстан бар», — деп атап өтті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Айтуынша,қазіргі уақытта Қазақстанда да тұрғын үйді міндетті немесе есептелген сақтандыруды енгізу мәселесі қарастырылып отыр. Сақтандыру республикада тіркелген барлық тұрғын үйлерді қамтуы мүмкін. Міндетті сақтандыру төлемдері белгіленген сома болады. Міндетті сақтандырумен қатар, ерікті сақтандыру шартын жасасқан азаматтар да көп шығынды өтей алады.
Бүгінгі күні дүниежүзіндегі бірде-бір мемлекет өз аумағында болып жатқан апаттардан залалды дербес өтей алмайды, отандық сақтандыру ұйымдарымен қатар халықаралық қайта сақтандыру ұйымдары да ірі тәуекелдерді қайта сақтандыруға қатысуы керек.
Сақтандырудың ең төменгі төлем мөлшерін анықтау үшін сақтандыруға жататын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша олардың құрылым түрі, салынған жылы, жер сілкінісінен қорғау деңгейі және басқа да параметрлер бойынша сипаттамаларын қамтитын кешенді статистика қажет.
Сондай-ақ, жылжымайтын мүліктің жойылу дәрежесіне байланысты, залалды өтеу мөлшері туралы тарихи ақпаратқа қол жеткізу маңызды.
Апаттық тәуекелдерден сақтандыруды енгізу актуарлық есептеулерді және тиісті заңнамалық түзетулерді әзірлеуді талап етеді. Тұрғын үйді міндетті сақтандыруды енгізу туралы шешім қабылданған жағдайда жеке заңнамалық акт қажет болады.