Лайықты емес, likе-ты бағалы

Ұлттық арнасы «Қазақстанда» өткен ауқымды «Қазақстан дауысы», «Егіз лебіз» көрерменіне сондай қуаныш сыйлап, көңілді жадырататын теңдесіз жобалар. Таланттыларды танытып, талаптылардың бағын ашатын бағдарламаны қуана күтетін көрерменді мұңға батыратын да жоғарыдағы жайт. Жоба соңына дейін төрешілердің әділ төрелігінен керегін алған өнерпаздарға шешуші шешімді дауыс берушілерге қалдырады. Барлық адам өнертанушы, не терең музыкалық білімі бар маман емес. Бұл ой неге ұйымдастырушыларды мазаламайды екен. Әлде коммерциялық жұмыс болған соң, амалсыз бара ме екен, кім біліпті?
Тіпті бір маусымда эстрада әншісі Маржан Арапбаева тобындағы дүлділдерден финалға блогер баланы қалдырды. Бір пернені басқаннан қай саз екенін білетін, қазақтың атын әлемге кең тынысты даусымен танытып жүрген сахна саңлағы бұл жерде басқаларды байқамады емес, осы соңғы жағдайға жасалған қадам үшін барған болар деген ой келеді көкейге.
Жақында елімізге белгілі бір депутаттың парақшасына жазылдым. Мақсатым, Парламентте болып жатқан жаңалықтармен танысу, халық пен биліктің арасына көпір болып жүрген «жанашырдың» ісіне терең бойлау болған. Алайда ел мақтаған, жұрт жақтаған «қалаулының» «Маған like басыңдар. Біздің жұмысымыз Сіздердің көзқарастарыңызбен санамаланады» дегенін қайта-қайта оқып, шығып кетуге тура келді. Депутатты сайлаушы мемлекет мүддесі жолында жасалған әрекетіне, белсенділігі, азаматтық ұстанымы үшін таңдамайтын ба еді?.. Бағалаудың жаңа түріндегі жаңалық жанымды жабырқатты.
Тағы бір мысал, еңбегімен еленгендерді елейтін үлкен жарысқа қолына жетістіктері толы папкасын ұстап тұрған үміткер сөзін естідім. «Байқау қатысушысы болу үшін 147 түрлі талаптан тұратын портфолио дайындадым. Тәжірибем, төккен терім, алған марапатым, атқарған істерім келіп тұр. Алайда жеңістен үмітім жоқ. Жеңімпазды like-тар анықтайды екен», – деді.
Лүпілдету трайбализм, бұра тарту, кейбір жағдайда, ақпараттық кеңістіктегі нормаларды бұзуға алып келеді. Ол – елімізде ғана емес, дүниежүзінде белең алып тұрған қоғамның мұңы. Әдетте шығармашылық адамдары өз еңбегі дұрыс бағаланбаса, өмірден баз кешуге бейім тұрады. Бұл тұрғыдан ескерсек, like шеберлікті шыңдауға емес, керісінше, тұншықтыруға апарады. Сонда мәреге лайықтылар емес, like-тылар жетсе, өмірде әділеттілік, адамгершілік деген ұғым қайда қалады екен?..
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА