Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үшбу хат: Сағыныш пен сыр

Үшбу хат: Сағыныш пен сыр

Фото
Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінде Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлованың туысы Сапураға, Үрмәш Түктібаевтың анасына жазған хаты сақталған екен.
Сарғайған хаттарға зер сала отырып, одан майдан шебінде болып жатқан оқиғаларды, жауынгерлердің қайда жүргенін, елдің амандық-саулығын сұрап жазғандығын оқуға болады. Сақталған қолтаңбалар от-жалынға толы сұрапыл жылдар туралы азды-көпті хабар береді. Бұл хаттарда Отанға деген сүйіспеншілік пен жау­ды жеңу мақсатындағы күш-жігер толқынысы көрініс тапқан.
Мәселен, Үрмәш Түктібаевтың апасына жазған мына бір хатында қан майданда жүрсе де колхоздың қамын ойлап, туған жердің амандығын айрықша жақсы көретіндігі байқалады.
Майданнан хат
Апа! Майданның алғы шебіне келіп түстім. Солтүстік Батыс майданының атқыштар дивизиясындамын. Бір айдан астам жер жүріп әрең жеттік. Келген соң жиырма күндей әскери жаттығудан өттік. Мен автоматтан, пулеметтен оқ атуды үйрендім. Пулемет дегенің сенімді қару. Тек нысананы дәл көздей білу керек, жауды жайратасың да шығасың. Жау демекші кеше алғаш рет қанды майданға қатыстым. Ауылда жүргенде қарғаны да атып көрмеген балаң тұңғыш рет адамға оқ атты.
Міне, окопта жатып аттым жауды. Қарсы жақтан бораған оқтар бұршақ сияқты. Алғаш шынымды айтсам қорықтым, мына оқтың біреусі жазым қылмас па деп. Бірақ ажалым жетпесе бораған оқ түк емес екен. Майданға тұңғыш түскен бір жауынгердің ажалдан қорқып, қыбырсыз бұғып жатқан жерінде оқ тиіп, тіл тартпастан жан тапсырғанын көрдім. Кейін майданға бірте-бірте үйренген сияқтымын. Орысшаға әлі де шорқақпын. Взвод командирі Иванов байсалды жігіт. Ашулануды білмейтін, асып-саспайтын, ақылды әрі бауырмал адам. Менің қазақ екенімді білген соң «Жерлес екенбіз ғой», – деді. Күнде кешкісін сол Ивановпен сөйлесемін. Білмейтін жерімді ыммен түсіндіремін.
«Орысшаны қасымда жүрсең әлі-ақ үйретіп шығарамын», – дейді. Айтпақшы, Ібырайым екеуміз бір взводтамыз. Апа мені уайымдама. Өздеріңіздің қалдеріңіз қалай? Колхоз егінді уақытымен жинап ала алды ма? Жігіттерден ауылда кім бар? Қалекең қайда? Осы хатты алу бойына хат салғызарсыз.
Балаңыз Үрмәш, 1941 жыл, 2 қараша. Сырға толы парақтар. Қолға қаламмен жазылған сарғайған бір жапырақ қағазды алғанда олардың сол кезде қандай бағалы болғанын түсінесің. Жауынгерлер хатынан көптеген жәйтті танып-білесің.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы осындай үшбұрыштардың әрқайсысының өздерінің қайғылы немесе қуанышты тарихы бар. Сондықтан да бұлар өткен күндердің естелігі болып қала береді. Әйел-аналар қарақағаз алып, жақынын өлдіге санап, жерлеу рәсімін өткізгеннен кейін, майданның түпкі бір шебінен жақын адамының дені сау, тірі екенінен хабар беретін үміт отындай болып келген хаттар да кездескен.
Әрбір келген хабарды адамдар қарақағаз болмаса екен деген қорқынышпен ашқан. Әйтеуір бір күні соғыс бітіп, жақындары орталарына оралар деген сеніммен жүрген. Үмітін үзбей, баласының, жарының жолын тосқан жандарға «қаза тапты» деген қаралы хабарды жеткізу кім-кімге де оңайға соқпаған. Осындай қиын-қыстау кезеңде Үрмәш Түктібаевтың мерт болғанын анасына ауызша айтып жеткізе алмай, халық ақыны Нұрсұлтан Жұбатұлы парақ бетіне жоқтау өлең түрінде түсіреді. Сондағы мұңды жыр былайша өрімделген.
Ардақты Наурызбике, Қадірлі ана!
Ер болды емшегіңді емген бала,
Туады «Алып анадан, ат биеден»,
Айтылған сөз бар бұрын қарияда.
Қалады жақсыдан – ат, қаламнан – хат,
Шығады бойдан қайрат, ойдан сана.
Ұл тусаң ерің үшін ер бол дедің,
Тоғыз ай, он күн сақтап құрсағыңда.
Көп болды апа сізді көрмегелі,
Әдейі көрейін деп келдім жаңа.
Сіз бе еді ер Үрмәшті туған ана,
Ақылын қатарынан етіп дара.
Алыпты біздің Үрмәш батыр атын,
Біз соны айта келдік анасына.
Майданда біздің Үрмәш жауды қырған,
Ол неге ер болмасын өзің туған.
Кешегі қанды соғыс қырғын жерде,
Үрмәшқа қарсы неміс қансыраған.
Ақырған айбатына жау шыдамай,
Тау толқып, қаһарынан қалтыраған.
Қамалға қасарысқан қарсы шауып,
Елі үшін ерлікпен беріпті жан.
Мерт болды, о дариға елдің ері,
Жауыздың дәлдеп атқан бір оғынан
Қайғырды бір сен емес, Совет халқы,
Қайғыңа бізде ортақпыз қайғылаған.
Үрмәштің топырағы торқа болып,
Қадірлі халқың болар сенің панаң.
Жыламай, жасыңды сүрт, сабырлы бол,
Сау болсын кейінгі ұрпақ, бала-шағаң.
Тарихта ер еңбегі бос кетпейді,
Сиямен атын жазар алтындаған.
Ерлердің қаза тапқан даңқы артып,
Бірге мың шолпан туар жарқыраған.
Жақсының аты өлмейді, өзі өледі,
Қабіріне гүлдер жайнап, жағылар шам.
Деп келдім, ана сені жұбатайын,
Жолдасы Үрмәштің мен бір балаң.
Ұлы Отан соғысындағы майдангерлер хаты – үлкен күшке ие құжаттар. Оқ тескен әрбір хаттың жолдарынан соғыстың демі, окоптағы қиыншылыққа толы күндер, солдаттың нәзік жүрегі мен Жеңіске деген сенімділігі сезіледі.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
07 мамыр 2024 ж. 216 0