Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Проблемалар өте көп

Проблемалар өте көп

Мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің сапасы сын көтермейді. Алматылық тұрғындар "сапасыз салынған құрылыстың кесірінен төбемізден су кетіп жатыр" деп редакциямызға шағым түсірді. Айтуларынша қос қабаттың арасындағы су құбырлары жарылып екі пәтерді де зақымдапты. Бірінің төбесі опырылса, енді бірінің едені ойылған. Ал құрылысқа жауапты Промкомплект-Б компаниясы "бір жылдық кепілдік бітті, біз жауап бермейміз" деп ат тонын ала қашыпты. Әкімдік өкілдері болса тұрғындарға компанияны сотқа беруді ұсынған.
4 баланың әкесі Әділет Мамыров армандаған пәтеріне өткен жылдың шілде айында қол жеткізіпті. "Бақытты отбасы" бағдарламасымен үй алған ол алғашында қуанышында шек болмағанын айтады. Алайда уақыт өте тұрғын үй кешенінде кінәрәт пайда болып, өзінен де маза кете бастаған. Баспаналы болғанда "бір жылдық кепілдік беріледі" деген сөздің жалған екенін де кейін түсініпті.
"Құрылыс жүргізгендер су құбырларын дұрыс жасамаған. Екі қабаттың арасынан су жіберіп тұр. Үйдің төбесінің бәрі түсіп жатыр. Біз үйді 2023 жылдың шілде айында алдық. Кілт алған сәттен бастап бір жыл бізге кепілдік берілуі тиіс еді. Десек те, құрылысқа жауапты "Промкомплект-Б" компаниясы оның бәрін жоққа шығарып "біз білмейміз, біз ПИК-қа бәрін өткізгенбіз, қазір ештеңеге жауап бермейміз" деп отыр. Бұл тек менің проблемам емес, басқа пәтерлер де бар. Әкімдік өкілдері компанияны сотқа беруді ұсынды. Басқа ештеңе айтқан жоқ", - дейді қала тұрғыны Әділет Мамыров.
Ал Пәтер иелері кооперативі өкілдері 1 наурыздан бастап қызметке кірісіпті. Бұрынғы жауаптыларға жұрттың көңілі толмаған екен. Жаңа басшылар шамамыз келгенше жұртты жарылқаймыз, көмек беруден тарықпаймыз дейді. Десек те тұрғын үй кешенінде кінәрәттің көп екенін жасырмады.
"Бұл үйде проблемалар өте көп. Мәселен сумен жабдықтау желілері, кәріз құбырларында ақаулар болды. Кейбірін мердігерді шақырып істететін болдық. Одан кейін еденнің астымен ыстық судың, жылу жүйесінің құбырлары жүргізілген. Алайда егер бұл құбырларда ақау болса бір жылдың ішінде білінер еді. Бір жыл кепілдік бергенімен, мемлекет бұл үйлерге халықты қоныстандырам дегенше уақыты өтіп кеткен. Бұл жерде кінәні әкімдіктен немесе құрылыс компаниясынан іздеуге болмайды. Себебі адамдар 6 айдан бері тұрып жатыр ғой. Оның барлығы еденнің бәрін қопарып қарағаннан кейін анықталады", - дейді Пәтер иелері кооперативі өкілі Талғат Туйшибеков.
Халыққа "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен "Жас-Қанат" шағынауданынан 2 344 пәтер пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ 3 116 пәтердің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Алайда мемлекеттік бағдарламамен берілген үйлердің санына қарап қолыңды, сапасына қарап саныңды соққың келеді. Себебі тапсырыс беруші мен құрылыс салушы компанияның арасындағы кергіме даудың кесірінен қарапайым қараша зардап шегіп жатады. Мұнда да сол жағдай. Әкімдік бас мердігерді сотқа берген.

"Тұрғын үйлерге ақау бойынша кепілдік 2 жылға берілген. Алайда аталған шағынауданның абаттандыру құрылыс жұмыстарын шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты бас мердігер "СК ШАХ" ЖШС-ін Басқарма тарапынан өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбы сомасын өндіріп алу бөлігінде сотқа талап қоюға бастамашылық жасады. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу бөлігінде Басқарманың талап-арыз талаптары толық көлемде қанағаттандырылды", - делінген хабарламада.
Ал "Жас-Қанат" шағынауданындағы 5 үйдің құрылысына басымен жауапты "Промкомплект-Б" ЖШС құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың 24 желтоқсанында аяқтаған. Абаттандыру жұмыстары бітпегендіктен 2023 жылы Алматы қаласы коммуналды инфрақұрылымды дамыту басқармасының теңгеріміне өткізілген. Дәл осы жылы бұқара баспанасына қоныстандырыла бастапты. 
"Промкомплект-Б" ЖШС мердігері аталған шағынауданында 16,17,18,19,20 үйлердің құрылыс жұмыстарын атқарған. Абаттандыру жұмыстары аяқталмағанның кесірінен 2023 жылдан бастап Жас Қанат шағын ауданына АО "Отбасы банк" конкурс нәтижесі бойынша пәтер иелерінің қоныстануы басталды. Пайдалану барысында анықталған ақауларды қоныстанған үйлердің мердігерлік ұйымдары тұрғындардың шағымы бойынша жоюда", - дейді жауаптылар.
Жауырды жаба тоқығанмен, жараның жазылмайтындығы белгілі. Әкімдік құзіретін пайдаланып қызметін адал атқармағандарды тендердың маңына жолатпауы тиіс. Тәртіп орнаса тайраңдаған мердігерлер айылын жыйып, әр ісіне жауапкершілікпен кірісері анық. 
Айта кетейік 2023 жылы 1 131 пәтер кезекте тұрғандарға "Алматы қаласында 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы" мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілді.
12 сәуір 2024 ж. 201 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031