Қиын уақытта бірлікте болайық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына Үндеу жариялады.
Ел Президенті өз сөзінде елімізде мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмағаннын, көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екенін айтты. Сондай-ақ, қазіргі таңда Үкіметке нақты тапсырмалар берілгенін, жан-жақты жұмыстар қолға алынып жатырғанын атап өтті.
«…Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда. Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда.
…Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр, - деген Мемлекет басшысы зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек болатындығын жеткізді.
Еліміз үшін осындай қиын уақытта бірлікте болуымыз қажет. Күн кеше ауданымыздан су тасқыны орын алған Ақтөбе өңірінің Қобда ауданына қажетті жабдықтар, азық-түлікпен басқа заттар тиелген жүк көлігі жетіп, көмек табысталды. Бұл игі іске өз үлесін қосқан барша аудан тұрғындарына, халық қалаулылары мен кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз.
Ендігі кезекте орын алып жатқан қиындықты жұрт болып жұмылып, бірге еңсерейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
#AMANAT
Ғазиз ӘЛІШ,
Қазалы аудандық мәслихаттың төрағасы