Рамазан – Береке айы
Рамазан – жер бетіндегі Алланы бір деп мойындаған, иманның шарттарына шүбәсіз сенген адамзат баласының сағынып күтетін, бізге екі дүниебақытының кілтін ашатын қасиетті Құран кәрім аяттары түсе бастаған сондай бір мүбарак ай.
Ислам діні қазақ даласына келгеннен бастап бабаларымыз Рамазан айын үлкен қуанышпен қарсы алатын болған. Адамның жаратылысы ең кемел жаратылыс болғандықтан, біздің рухымызға қажетті құндылықтарды осы ораза құлшылығы ерекше сіңіре алады. Ғылыммен үндестік тауып, дін мен күнделікті тұрмысымыз сабақтасып жатқандықтан, осы оразаның адам денсаулығына орасан зор пайдасын медицина мамандары дәлелдеп отыр. Оразаны Алланың бұйырған парызы және пенденің негізгі ұлы міндеті ретінде ұстанамыз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Шындығында жаннаттың Раян атты есігі бар, ол есіктен қиямет күні тек ораза ұстағандар ғана кіреді. Олардан басқа ол есіктен ешкім де кіре алмайды» және де Ораза ұстаған адамға Раббымызбен жүздесу уәдесі берілген, «Ораза ұстаған адам екі рет қуанады: Біріншісі, ауыз ашқанда, екіншісі Алланың дидарын көргенде» – деген.
«Жалпы ораза – тамақ, су ішпей нәпсіні тыю. Олардан басқа құлақтарын, көздерін, тілдерін, қолдарын, аяқтарын және басқа ағзаларын жаман істерден сақтау, ойламау. Бұлардан басқа күннің ұзақтығына, ыстық, суықтығына, күні бойы аштық пен шөлге, осылардың барлығына сабыр қылғандар Алла Тағаладан сауаптарын есепсіз алады» - делінген қасиетті Құран аяттарында.
Кейбір дін ғұламалары: «Қанша адам оразамын деп жүр, бірақ ауыздары берік емес, қанша адам ораза емеспін десе де, бірақ ауыздары берік» деген. «Оразамын» деп ауызы ашық болғандар – күнә істеп, шөлдеп ашығып жүргендер. Ораза ұстамай ораза болғандар тамақ, су ішіп жүрсе де, ағзаларын күнәдан тыйғаны үшін ораза деп аталған. Оразада аштықтан денеміз әлсірегенмен, рухымыз шыңдалады. Қарны аш жүретін адамның халін өз басынан өткеріп түсінеді.
Бейпіл сөз, пайдасыз әңгіме айту, артық сөйлеудің зиянын ұғынады. Жанында ешкім болмаса да, өзін Жаратушы иеміз көріп тұр деп қадағалайтындықтан, оразаны бұзатын шарттардың шырмауынан өзін арашалайды. Ораза ұстаушы ауыз ашар мезгілде құдды бір ыждақаттылықпен дәл уақытты күтуде де сабырлылықтың нағыз үлгісін ұстанады.
Қолбасшыдан бұйрық күткен қатардағы әскер секілді әлемдердің Раббысының рұқсат еткен уақытына тиянақтылық танытады. Ораза жайлы өте көп айтуға да жазуға да болады. Бірақ қазіргі дамыған заманда әлеуметтік желілерде, БАҚ-тарда кеңінен айтылып жүргендіктен ауызды бекіту, ауызашар, кімдер ораза ұстай алады, кімдер ұстай алмайтындықтары тағы басқаларын сөз етуді қысқартып отырмыз.
Ораза айында жан басының аманшылығына берілетін Пітір садақасы ораза айының ішінде беріліп болуы тиіс. Биылғы Қазақстан діни басқармасының шариғат және пәтуасы бекіткен күнтізбеге сәйкес, рамазан айы 11-ші наурызда басталады. Қадір түні 5-ші сәуірден 6-ші сәуірге қараған түнге түсіп отыр. Ораза айт – 10 сәуір. Муфтият діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Ораза ұстаушылар осыған абай болғаны абзал. Пітір садақаның мөлшерімен ораза айының кестесін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оларды бекітіп берген күні қосымша жариялайтын боламыз. Алла тағала оразамызды қабыл алып, Құран мен сүннетке сай қайырлы іс қылуымызды нәсіп етсін.
Нәби НҰРДӘУЛЕТ,
аудандық орталық «Жанқожа батыр»
мешітінің Бас имамы