Енді елімізде тұтынушыға сапасыз тауар сатқан кәсіпкерлерге айыппұл салынады
Еліміздің сауда министрлігі "Тұтынушылардың құқын қорғайтын" заңды қатаңдатпақ. Енді тұтынушыға бұзылған, сапасыз тауар сатқан кәсіпкерлерге айыппұл салынады.
Тұтынушылар көбіне сапасыз тауарды сатушыдан ауыстырып беруді немесе ақшасын қайтаруды талап етіп жатады. Бірақ заңгерлер көп жағдайда сатып алушының құқығы тапталып жататынын айтады.
“Егер тауардың сапасы құртылып, бүлінбесе, чегі сақталса және 14 күн ішінде апарып өткізсе, сатып алушы тауар ақшасын немесе басқа тауарға ауыстырып ала алады. Сол себепті сату орындарында айырбастап, қайтарылмайды деген ұстанымға қарсымын. Бізде тұтынушылар құқын қорғау департаменті осыған мән бермейді. Барлық дүкендер мен және сату орындарына мұндай қағазды ілдірмеу керек”, – деді заңгер Венера Нұрғалиқызы.
Осы тұста Сауда және интеграция министрлігі "Тұтынушылар құқын қорғау" туралы заңның талаптарын күшейтпек. Жаңа жоба мақұлданса, сатушымен келіспеген тұтынушы бірден сотқа жүгіне алады. Ал сапасыз тауар сатқан саудагер өнім құнының 50 пайыздық көлеміндегі айыппұлын төлеуге міндеттеледі.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылар құқын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайыновтың айтуынша, кәсіпкер сотқа дейін тұтынушының дау-шағымын өз еркімен шешпесе, заң бойынша оған азаматтық айыппұл салынады.
Онлайн сауда-саттықта да дәл солай. Министрліктің мәлімдеуінше, интернет жүйесі арқылы сапасыз тауар үшін соңғы 6 айда шағым көлемі 411 пайызға артқан. Онлайн сатушылар мұндай жағдайда 103 мың теңгеден астам айыппұл арқалауы мүмкін. Мұндай жаңа өзгерістерді тұрғын үй коммуналдық, байланыс, туризм мен жолаушылар қызметін көрсету салаларына да енгізіу көзделмек.
Қазір жаңа заң жобасы Парламенттің қарауына ұсынылды.