Наурыз мейрамының мәні неде және оны қазақтар қалай тойлаған?
Ертеде қазақ халқында жаңа жылды тойлаудың өзіндік дәстүрі болған. Қысты ығыстырған көктем 21 наурызда қазақ даласына еніп бітеді деп саналған. Табиғаттың жаңаруын білдіретін жарқын мерекеде қазақтар көрісу ғұрпын орындап, табиғатты тазалау шараларын іске асырған, үлкен кісілерге құрмет көрсетуді үлгі етіп, аталы дәстүрді одан әрі жалғай түскен. Әр күнге ерекше мән беріп, ұзағынан тойлаған. Осы күндері бар тіршілік теңеседі деп санаған қазақтар ер мен әйелді күрестірген, айға қарап амал жасаған. Осы ретте мамандардан қазақтар көктемнің маңызды мерекесін қалай тойлағаны және наурыздың мән-мағынасы туралы сұраған едік. Наурыз мейрамы қарсаңында осы атаулы мерекеде орындалған ғұрыптар, дәстүр мен ежелгі танымы жайлы Jusan Bank-пен бірге баяндаймыз.
Наурызды 8 күн тойлаған
Мейрамды бұқара халық сегіз күн тойлағанын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазған екен. Көпейұлы деректеріне сүйенсек, ежелгі Юлиан күнтізбесі бойынша наурызды көктемнің 1-8 аралығында ресми мерекелеген. Ал бейресми түрде бір ай тойлаған дейді мәдениеттанушы Серік Құрманғали.
Алаш үкіметі пәтуасымен 1920 жылы Түркістан республикасының басшысы Тұрар Рұсқұлов наурыздың 21-22-сін “көктем мерекесі” деп жариялайды. Кейіннен бұлай тойлау алты жылға тыйым салынып, халық оны астыртын мерекелейді.
Мамандардың айтуынша, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастауымен 1988 жылдан бері наурыз ресми түрде тойлана бастаған. Ал 1991 жылы 15 наурызда сол кездегі Қазақ СССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев 22 наурызды жалпыұлттық мереке деп жариялайды.
Еркек пен әйел төбелесі: Ерекше ғұрыптар мен жоралғылар
“Наурызда қазақтар теңдіктің барлық жерде орнайтынын барынша көрсеткен. Күн мен түннің теңелетіні сияқты, әйел мен еркек те теңеседі деген ойды жеткізгісі келген. Осы ретте екі тарап күресетін “апаш-құпаш” деген символикалық күрес болған. Бұл арқылы жақсылық пен жамандық теңеседі деп санаған.
Журналистердің сол кездегі жазуы бойынша, өгізшенің арқасына, мойнына леген, тегене не басқа зат байлап, көшені бойлай қуалайтын болған, сонда даңғырлаған дыбыс шыққанда Наурыз келді деп белгі береді екен. Жаңа күн 22 наурыз таңертең келеді деп күткен”, – дейді этнограф Досымбек Қатыран.
Қазақтар күнтізбе жүргізу үшін айды қолданған
Әр дәуірдің өз күнтізбесі бар. Бірақ Юлиан күнтізбесі бойынша жыл басы 14 наурызға сәйкес келеді дейді мамандар.
“Жалпы халықтың есебінде күнмен саналатын күнтізбе жоқ, қазақтың есебі айға қарап жасалған. Яғни амал, есептерін ай арқылы жоспарлап, біліп отырады. Қазақтың өзінің 20-ға тарта амалы бар, солардың барлығы дерлік аймен жүреді, күнмен емес. Көктемдегі ай толғандағы алғашқы мереке осы. Яғни жаңа ай дегеніміз - қазақтың жаңа жылы.
1918 жылы Юлиан күнтізбесінен Григорий күнтізбесіне көшкен кезде күннің айырмашылығы 13 күн болған. Бірақ 22-не қарағанда 14 наурыз қазаққа әлдеқайда жақын. Себебі бұл ай күнтізбесіне жақын”, – дейді Досымбек Қатыран.
Наурыздың шығу тегі ғаламдық, ғарыштық ілімнен бастау алады
Мамандар сөзінше, наурызды тойлау – табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің байырғы күнтізбелік ілімі.
“Наурыздың шығу тегі тәңірлікке жақын дегеннің өзінде көп дүние тәжірибемен байланысты. Мысалы, байырғы қазақ ай жаңасынан бастап той-томалақ ұйымдастырады. Ай кете бастағанда керісінше, ұйымдастырмайтын болған. Той-томалақты алдын ала есептетіп алып, ай жаңарғанда ұйымдастыруға тырысады. Бұның себебі айдың жерге әсерінен. Бұны қазақтар баяғыдан білген. Осының өзін ұмыттық.
Теңіздердің толқуы, толқынның көтерілуі, судың азаюы секілді құбылыстар айдың қозғалысынан болады деп есептеген. Адамның көңіл күйінің өзің айдың жағдайына байланысты деп есептейді”, – дейді Досымбек Қатыран.
Мұнымен мәдениеттанушы Серік Құрманғали де келіседі.
“4000-5000 жыл бұрын ислам болған жоқ. Мұны тәңірліктен пайда болған деп емес, адамзаттық, ғаламдық мереке деп қарастырған дұрыс, - дейді ол.
Наурыздың үш сипаты бар
Мәдениеттанушы наурыздағы символика жайлы айта келе, жеті дән, жеті өң, жеті үн деген үш сипат туралы айтып өтті.
“Жеті дән дегені - наурыз көже, оған қосылатын жеті түрлі ас. Жеті өң - жеті бояу, ақ пен қарадан басқа кемпірқосақтағы түстердің дәріптелуі. Мәселен, үнділер наурызды бояу мерекесі дейді. Былай қарағанда олар наурыздың бір сипатын тойлайды. Барлығының басын қосып отырған қазақтар. Әдетте, наурызда құрақ көрпе, текемет, сырмақты сыртқа шығаратыны жеті бояуды дәріптеуі, паш етуі. Жеті үн дегені - жетіген аспабы. Әр ішегін қосып, күй тартқан. Жалпы көшпелі өмір салты салтшыл, ғұрыпшыл келеді”, – дейді Серік Құрманғали.
Наурыз кезінде жасқа жас қосылады
Этнографтың сөзінше, наурыз кезінде жасқа жас қосылады деп есептелген. Яғни бүкіл қоғам бір жасқа есейді деп саналады.
“Қазір туған күнді бір жаспен есептейді ғой. Ол уақытта наурыз айы барлық адамның бір жасқа есеюін көрсеткен. Бұл жерде ұжымдық сана ұғымы бар”, - дейді Досымбек Қатыран.
Маманнан осы күндері қолданылған ерекше сөз орамдары туралы сұрадық.
“Халық бір-бірін Көктем туды”, “Қыс кетіп, жаз келе жатыр!”, “Бір жасың құтты болсын!” деп құттықтайды, көріседі, құшақтасады. Үлкен үйге барып амандасады. Қазақтарда адамның жасына қарамайды, жолына қарайды. Наурызда қара шаңырақтан, үлкен үйден бастап сәлем беру керек. Үлкен үйде отырған адамның жолы үлкен саналады”, – дейді ол.
Наурыз - жастардың сезім білдіретін уақыты
Наурызды сондай-ақ махаббат пен бірлік мерекесі деуге болады. Дәл осы күні ғашықтар сезім білдіріп, бір-біріне ерекше сый жасаған. Мейрам қарсаңында бойжеткендер ер азаматтарды шақырып, осы мерекеге орай арнайы әзірленген, жаңа піскен ет пен уыз сүтінен дайындалған “ұйқы ашар” ұсынған. Бұл шабандоздарға күш-қуат беріп, ат бәйгесінде және басқа да спорт түрлерінде жеңіске жетуге көмектеседі деп сенген. Ал жігіттер жағы ел аузында “селт еткізер” аталатын сый-сияпаттарын ыстық ықылысы бар аруларға ұсынған. Көбінесе бұл зергерлік бұйымдар мен иіс-су болған деседі. Осылайша, көктемнің жарқын мерекесінде жастардың жүректері де табысып, шақыраң құруға алғашқы қадам жасалады.
Көктемнің жарқын мерекесін ұзағынан тойлау дәстүрі жаңа заманда да жалғасын тауып келеді. Былтыр мемлекет басшысының тапсырмасымен Наурыз мейрамын он күн тойлану ұсынылған. 14 наурыздан басталатын мейрамның әрбір күні мән мағынаға толы екенін ескере келе, әр күніне ерекше ат беріп, атаулы дата еткен.
14 наурыз – "Көрісу”
15 наурыз – "Жайлау күні"
16 наурыз– "Шежіре күні"
17 наурыз – "Тарихқа тағзым күні"
18 наурыз – "Игі істер күні"
19 наурыз – "Шымырлық пен шеберлік күні"
20 наурыз – "Зияткерлік күні"
21 наурыз – "Ұлттық тағамдар күні"
22 наурыз – "Ұлыстың ұлы күні"
23 наурыз – "Жоралғы күні"
Қазақ дәстүрі мен ғұрпын қайта жаңғыртуға себеп болатын бұл бастамаға Jusan да өз қолтаңбасын қалдыруды мақсат еткен. Компания осы он күн ішінде әртүрлі маңызды, өзекті жобалар мен мүмкіндіктерді жүзеге асырады. Сонымен қатар осы мақсатта банк Наурыз мерекесін дәстүрлі түрде қалай тойлау қажет екені көрсетілген ерекше күнтізбе жариялайды. Күнтізбеде әр күннің ерекшелігі мен бұл күні не істеуге болатыны көрсетілген. Мерекеге арналған күнтізбе суретші-иллюстратор Анелия Бекбасовамен бірге дайындалған.
Көрісу ғұрпының мәні мен маңызы, ондағы орындалатын жоралғылар жайлы келесі материалымыздан оқи аласыздар.