Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпсіздік шаралары қадағалана ма?

Қауіпсіздік шаралары қадағалана ма?

Жыл бойғы карантиннің салдарынан күнкөрісінен айрылған қоғамдық көлік иелерінің басым бөлігі “Газельдерін” жаппай сатқан болатын. Соның салдарынан адам тасымалдайтын маршрут саны азайып, оның жүру жиілігі де кеміді. Есесіне таксисттердің наны жүрді. Осындайда екі-үш адамның басы қосылғанда түрлі әңгіме қозғалады. Сондағы елді алаңдатып отырғаны жауын-шашын жауа қалса, жердің тайғақтығынан жазатайым оқиғаның көбейюі екен. Олардың естуінше, күн суығанда жаңбыр жауып, жеңіл көлік түгілі адамның қауіпсіз жүріп-тұруына кепіл жоқ.
“Жаман айтпай, жақсы жоқ” деген. Бұлай айтудың да жөні бар. Тұрғындарды мазалайтыны – жүргінші жолдарға тұз себу мәселесі уақытылы орын алуы және теміржол өткеліндегі көпірдің жайы. Себебі оған жауапты Қазалы жол дистанциясы соңғы жылдары көпірдің ағаштарын жаңаламақ түгілі, оның қауіпсіздігіне мән бермей отыр.
Жалпы “Қазгидрометтің” мәліметінше, Қызылорда облысы бойынша осы жылдың желтоқсан айында жауын-шашын көбінесе қар түрінде бірінші онкүндіктің басында, үшінші онкүндіктің басында және соңында күтіледі. Көктайғақ айдың басында және соңында болады деп болжануда. Тұман екінші онкүндіктің соңында және үшінші онкүндіктің ортасында болуы ықтимал. Үшінші онкүндіктің басында бұрқасын болуы мүмкін деген болжамды келтіреді.
Биыл қарашаның ортасында үш күн бойы ауа-райы өзгеріп, бұлтты күннің арты қарға ұласты. Аяқасты күрт суыған күні жол тайғақтанып, жаяу жүргіншілер мен автокөлік тізгінін ұстағандар үшін жолда қауіпсіздік сақтау қиынға соққаны баршаға аян. Мұндайда аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын қысқы маусымда күтіп ұстау және қауіпсіз қатынасты қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын сала мамандары жеткізді. Олардың айтуынша, 2021 жылға барлығы 6,3 миллион теңге қаралған. Бөлінген қаржыға жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, “ДСУ-2010” ЖШС-мен келісімшарт жүргізілді дегенді алға тартады.
Олардың айтуынша, жол қауіпсіздігін қысқы маусымда үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын қалың қардан тазарту және тұз араластырылған құм автомобиль жолдарына төсеу жұмыстары қарастырылған.
Қазіргі таңда 10 бірлік жол-құрылыс техникасы мен автокөлік құралдары дайын. Атап айтсақ, 1 автогрейдер, екі екіден “Трактор К-700, МТЗ” бен Погрузчик, 5 жүк таситын автокөлік техника іске қосылмақ.
Сондай-ақ тайғаққа қарсы себілетін 1010 тонна инертті материалдар әзірленді. Яғни құм аралас тұз – 500, тұз – 60, құм – 450 тоннаны құрайды. Ал жоба сметалық құжатта қысқы кезеңде техникаларға қажетті жанар-жағармай көлемі қарастырылған. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына “Тайғақ жол” және “Жылдамдықты шектеу” және тағы басқа уақытша ескерту жол белгілерін қою жоспарланған. Бұл күзгі-қысқы кезеңде аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, өндірістік базалар мен жол техникаларын қауіпсіз және тоқтаусыз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген іс-шаралар жоспары саналады. Ал Әйтеке би кентіне қарасты жолдарға қауіпсіздік шаралары алдын ала әзірленген бе? деген сауалымызға әкімдік тарапынан жауап ала алмадық.
Осыған орай теміржол ауруханасының травмотолог дәрігері Амангелді Қанатовтан тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қалай қолдану қажеттігін сұрадық. Маманның кеңесінше, әр адам өз өзін алдын ала сақтандырғаны абзал.
– Далада тайғанақ болған кезде, бірінші кезекте өзіңе сәйкес тайғанамайтын аяқ киімнің қамын ойлау керек. Себебі тез жүрген сайын жарақат алу қаупі жоғарылайды. Сол себепті асықпай, баяу жүру үшін үйден ерте шығуды дағдыға айналдырыңыз. Қажет кезде тепе-теңдікті қайтару үшін қолдарыңыз бос болуы керек. Қас қарайған кезде, бір орныңда тұрып та тайып кетуге болатынын естен шығармаңыз. Иық арқылы асылынатын ұзын тұтқалы сөмкеден бас тартыңыз.
Қарт кісілер үйден үшкір ұшы бар таяқпен шығу керек. Егер ұзын пальто немесе ішік кисеңіз, көліктен шыққанда немесе баспалдақпен түсіп бара жатқанда киімнің астыңғы жағын түруді ұмытпаңыз. Кетіп бара жатқан автобустың артынан жүгірмеңіз, себебі тайып, жығылып қалуыңыз әбден мүмкін. Егер құлап бара жатқаныңызды сезсеңіз, барлық артық нәрселерді лезде лақтырып тастауға тырысыңыз.
Баларға аяқ киім сыртынан арнайы тайдырмайтын затты кигізген дұрыс. Жолда машина жолынан алысырақ жүрген жөн. Себебі тайғақта автокөлік жолдан тайып кетуі ғажап емес. Осындай қарапайым қауіпсіздік ережесін естен шығармасақ, жарақаттан аман боларсыз, – дейді дәрігер.
Жалпы, құлап бара жатқан кезде соққыны жеңілдету үшін санаулы секундтың ішінде қолдарыңызды жиып, басыңызды иықтарға қарай тартуға тырысыңыз. Бәлкім, ауыр жарақат алмассыз.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
07 желтоқсан 2021 ж. 351 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031