Берекелі шаңырақтың шаттығы
Отбасы – құндылықтар бастау алатын негізгі тәрбие институты. Апта ішінде облыс орталығынан жағымды жаңалық жетті. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова елге үлгі болып отырған аймақтағы «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық конкурсы жеңімпаздарымен кездесті. Олардың қатарында бекарыстанбилік Мырзағұловтар отбасы да бар.
Келелі кездесуде Гүлшара Наушақызы ынтымақ пен ауызбіршіліктің үлгісін берік ұстанып, ұрпақтарына ұлықтатқан әулеттердің ісі мақтануға тұрарлық жетістік екенін жеткізді. Кез келген мемлекеттің негізгі әлеуеті оның халқы және адами капиталынан тұратынын атап өтіп, мемлекет тарапынан отбасына жасалып отырған ерекше қамқорлық пен жүйелі қолдаулар әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін күн өткен сайын нығайта түсетініне тоқталып, ұлттық конкурстың екінші кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады.
2014 жылдан бастау алған шараға биыл 182 отбасы қатысуға ниет білдірген. Жетінші рет жалауын желбіреткен жарыста дәстүр бойынша әділқазы алқасы отбасылардың жүлдегерлері мен жеңімпаздарын конкурстың негізгі шарттары бойынша анықтады. Бас жүлдеге Шиелі ауданындағы Әбілдашовтар отбасы лайық деп танылса, Қазалы ауданнынан сынға түскен Мырзағұловтар отбасы «Рухты отбасы» номинациясына ие болды.
Бүгінде Бекарыстан би ауылында тұратын Әбдіраш – Сәлима Мырзағұловтар көп жасаған ғана емес, көпті көрген, көкейіне түйген қазыналы қарттар, ауылдың ардақтысы, ағайынның сыйлысы.
Ерлі-зайыптылар саналы ғұмырларын бел жазбай еңбек етіп, туған жердің түлеуіне өз үлестерін қосқан жандар. Отағасы совхозда күріш егіп, мал бақса, отанасы сиыр сауып, сауыншы болып жұмыс істеген. Еңбектен қол үзбей жүріп, дүниеге тоғыз перзентті әкелген алтын құрсақты ана мен абзал әкеден бүгінде отыз бес немере, он бес шөбере өрбіген.
Қызы Ақжарқын немере сүйіп отыр. Абыл әке жолын жағап, ауылшаруашылығы саласында «Лепес» шаруа қожалығын жүргізуді қолға алған. Туған ауылының тынысына бала күннен қанық Абыл қазіргі таңда ауылдағы ағайынға жиі атымтайлық жасап, қайырымды ісімен көпке үлгі болып жүрген азаматтардың бірі. Кейінгі ұлдары Қабыл мен Өмірбай да ортақ істі өрістетіп, кәсіптің алға жылжуына өз үлесін қосып келеді.
Жақсыбайы теміржол саласында қызмет етсе, Ақтолқын мен Ақмарал ағарту саласын таңдап, ұрпақ тәрбиесімен айналысуда.
«Әкеміз бен анамыз жастайымыздан шыншылдыққа, бауырмалдық, кешірімділікке баулып, салт-дәстүрді сақтауға тәрбиеледі. Біздің үйде ешбір дәстүр, атаулы күн, қуанышты сәт ұмыт қалмайтын. Ол бір жағынан ұйысуымызға да ықпалдасты. Тәрбиеге негіз болатын барлық жақсы қасиет бастауын алған шаңырақтан өзге жұртқа барғанда да осы ізгіліктер көп көмегін тигізді», – дейді балалары. Сыйластықтың бір үлгісін келіндердің қарашаңырақтың қыздарындай бауыр басып, бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста екендігінен де аңғаруға болады.
«Шыңырақтағы одақтың берік болуының сыры неде?» деген сауалымызға Сәлима ана: «Отбасы – арнайы жүйеге келмейтін бірлестік. Оның іргесін ыдыратпай, шаңырағын шайқалтпай ұстау үшін өзіміз көрген, білген, түйген дүниелерімізбен ұрпағымызды үнемі сусындатып, жақсыдан үйрену, жаманнан жирентуді ұдайы саналарына құюмен келеміз. Соның нәтижесі шығар, бүгінде, Аллаға шүкір, ұл-қыздарым, немере-шөберелерім де жетістіктерімен сүйсіндіріп отырған жайы бар. Үлкендер үшін оған шүкіршілік айтудан артық қандай жақсылық болсын», – дейді. Тағы бір сөзінде кейуана бүгінгідей жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүріп, оңай олжа іздеуден жастардың бойын аулақ ұстап, еңбек арқылы шыңдалғанға шың да аласа болмайтынын айтады. «Еңбек ер атандырады. Өзіміз «Жастайымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген ұстанымды ұран еттік. Қазір сол бейнеттің зейнетін көріп, елден алған алғыс батамен көгеріп-көктеп отырмыз», – дейді.
«Үлкендіктің жолы – келешегіне жақсы тілек тілеп, жастарды түзу жолға бағыттау. Бүгіндей сындарлы сәтті тек бірлікшіл болмысымыз, ілкімді ісімізбен ғана еңсереміз», – дейді өнегелі отбасының тірегі Әбдіраш ақсақал.
Біз де «берекелі шаңырақтан шаттық арылмасын!» дестік.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА