Дүниені дүр сілкіндірген “дельта”
«Пәле бір айналдырса, шыр айналдырадының» керін кеше ғана «Дельта» штаммы пайда болғанда білдік. Үнді еліндегі ауруханалар мәйітке толып, жерлеуге жер таппай жатқанын көріп отырмыз. Бірақ біздің көңіл беймарал. Былтыр осылай жүріп, індет өршіген тұста қаза тапқан науқастардың санына жете алмай қалған едік. Әр көшеде кемі бір-екі үйде азалы үн шықты. Үкімет басындағылар жаңа штаммның одан да қауіпті екенін айтады. Бұл сақтанбаудың салдары тұтас ұлт сағын сындыру мүмкін екенін білдірсе керек.
Бүгінгі күні өңірде ауру құрсауына түсірген жандар тіркелгені айтылып жүр. Науқастар күнделікті тіркеліп отырғандықтан олардың жағдайы әрқилы. Солай бола тұра мамандар «Дельтаның» дүниемен қош айтыстырудағы деңгейін жоғары бағалап отыр.
– Вирустың мутацияланған жаңа түрі “Дельта” штамның қауіптілігі шынында жаға ұстатады. Індеттің бұл түрінің жұғу пайызы жоғары. Яғни, аталмыш дертке шалдыққан науқас бір мезетте 5-6 адамға жұқтыруы мүмкін. Оның үстіне “Дельта” штаммы клиникалық өте ауыр жағдайда өтеді. Науқастың буындары ауырып, қызуы жоғары болып, құсу және іш ауруы байқалады. Науқас ауруханаға дереу жатқызылып, мамандардың бақылауына алынады. Статистикалық деректерге сүйенсек, “Дельта” штаммын жұқтырғандардың басым көпшілігі қаза болып жатыр. Аурудан кейін науқастардың құлағы естімей қалған жағдайлар да кездескен, – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігер-эпидемиологы Салтанат Қалмырзаев.
Дәрігер дерттің алдын – алып, сақтанудың жалғыз жолы – вакцина салдыру екенін кезекті мәрте еске салды. Екпе егу арқылы ғана ұжымдық иммунитет қалыптастырып, дертке қарсы тұруға болатынын айтып, қызылордалықтарды барынша ертерек екпе алуға шақырды.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ