Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түрмеге тоғытылған бала тағдыр

Түрмеге тоғытылған бала тағдыр

ФОТО

Ауылда көрші тұрған жалғыз әжей бар-тын. Баламыз ғой, өмір бойы солай жалғыз тұрады деп ойлаушы ек. Өсе келе кейуананың басынан өткен оқиғаны біліп, есеңгіреп қалдық. Заманында жақсы қызметте абыройлы еңбек етеді. Тұрмысқа шығып, ұлды болады. Баласы 1-ге енді толғанда жесір қалады.

Тағдырдың тауқыметіне көндіккен жас ана жалғыз ұлын бағып-қағып, ұяға қондырады. Тым жас еді. 19-ға енді ғана толған ұлы көрші ауылдың үкілеп отырған кішкентай қызын алып қашады. «Ұят» боладыдан аса алмаған соң қыз көнеді, қалады. Бірақ жас келін тосыннан келер соққыдан бейхабар еді. Бірде үйге полицейлер келіп, жігітті есірткі сатты деген айыппен алып кетеді.Бірнешежылды арқалаған күйеуіне келіншегі әрдайым керегін апарып тұратын. Бірде жігіт әйеліне таныстарынан зат алып келуін сұрайды. Ойында еш күдігі жоқ ол ақ пакетке оралған затты тамақпен қоса түрмеге әкеледі. Сол жерде әлгі заттың есірткі екенін біліп, ол да жазықсыз түрмеге жабылады. Ішінде 6 айлық баласы бар жас келін елдегі түрмелердің бірінде жазасын өтейді. Сол жақта баласын босанып, өмірі өтіп жатады. Осылайша көрші әжей жалғыз қалған еді. Өткенде Балалар күнінде түрмедегі бүлдіршіндерді қуантқан жандардың видеосын көрдік. Елдегі жалғыз балалар колониясы екен. Іздей келе жаның ауырар түрлі дүниені таптық.

ШЕҢБЕРДЕГІ ӨМІР

Қазақстанда сотталған әйелдер үш жасқа толмаған баласымен бірге бола алатын жалғыз түрме бар. Ол Алматы облысы, Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесі. Мұнда қазір жазасын өтеп жатқан келіншектер баласымен бірге тұрады. Абақтыда туған бүлдіршіндер қалай өмір сүріп жатыр?
Түрме Алматыдан 40 шақырым жерде орналасқан. Ауылдың ішіндегі бұл мекеменің сырты қоршалған, жан-жағы күзетіледі. Келген-кеткен адам жоқтың-қасы. Ауыл көшелері жасыл түске боялған. Ал абақты аумағы сұрғылт тартқан, қоңырқай. «Мұнда ешкім ешқайда асықпайды» дейді екен мекеме қызметкерлері. Себебі дәл осы абақтыда 24 жылға дейін бас бостандығынан айырылғандар бар екен.
Қазақстан бойынша жүкті күйінде абақтыға түскен әйелдің бәрі осы мекемеге қамалған. Әйелдер ай-күні жеткенше жалпы бөлімде болады. Барлық тиісті тексеру жүргізіледі. Жүктіліктің 37-38 аптасында медициналық бақылауға алынады. Перзентханада босанып, баласымен бірге балалар үйіне келеді. Сырты дуалмен қоршалып, бөлек оқшауланған балалар үйінде екі қабатты ғимарат, бақша, балалар алаңқайы бар. Мұнда ана мен бала күні-түні бірге жүреді.
Жазасын өтеушілер баласы 3 жасқа толғанша күні-түні баласының жанында болады. Тәрбиесін қадағалайды. Тіпті сабағының қалай өтіп жатқанын бақылайды. Осылайша қазір әйелдер сәбиі үш жасқа толғанша олардан ажырамайды.
– Анасы баласын тәрбиелеуге атсалысқан кезде психологиялық тұрғыдан өзін жазасын өтеп жатқан адамнан гөрі әйел сияқты сезінеді. Өзім жұмыс істеген 12 жыл ішінде осында босанған әйелдердің ашулы болғанын көрген емеспін. Босанған әйелдермен психологтар да жұмыс істейді. Бұл жақтағы әйелдерде де босанғаннан кейінгі күйзеліс болады. Бірақ бізде бұл жағдай әлдеқайда тыныш өтеді, – деген еді балалар үйінің бастығы бір сұқбатында.

ТҮРМЕДЕГІ ОЙ

Осы колонияда жазасын өтеп жатқан Анна есімді әйелдің оқиғасы әлемжеліде жарияланған болатын. Ол үш баланың анасы. Кенжесін абақтыда босанған. Бостандықта ата-анасы мен күйеуі, балалары күтіп отыр.
– Бұл жерге жүктіліктің алтыншы айында түстім. Осы жерде босанып, ұлыммен бірге тұрып жатырмыз. Үйде үлкен екі ұлым бар. Кішкентайым қазір екіге келді. Енді бір жыл бірге боламыз, содан кейін тағы бір жыл жалғыз осында боламын. Әжесі мен әкесі ұлымды күтіп жүр. Ұлымның осы жерден шыққан сәттегі эмоциясын көргім келеді. Себебі мұнда тек мысық қана бар, одан басқа жануарды білмейді. Олар мұнда нан алып келетін көлікті көріп, шексіз қуанады. Арасында көмір әкелетін көлікті көреді. Олар үшін темір тордың ар жағындағы әлем – осы ғана. Сондай сәтте ұлымды қолыма алып, осы есіктен бірге шыққым келеді. Көліктің көп екенін, автобуспен жүруге болатынын, мысықтан басқа да жануардың көп екенін көрсеткім келеді. Кілең әйелдің ортасында жүргендіктен әйелдерден бөлек басқа да адамдардың көп екенін білгенін қалаймын. Себебі олар аздаған өзгешелігі бар адамды басында қызық қабылдайтын. Шашы қысқа әйелді «ағай» деп атайтын, – дейді ол.
Айтуынша, мекемеде балаларға деген қамқорлық, ас пен қажетті заттың бәрі бар. Бірақ әйел мұны жұмыста немесе балабақшада апталап, айлап, жылдап тұрумен салыстырады. Әрі өзі істеген ісіне өкінетінін жеткізді.
«Менен әрекетім үшін өкінесің бе деп сұраса, «әрине» деп жауап беремін. Мен ғана емес, үйінде баласы қалған әйелдің көбі өкінеді. Бәрінен сен осында, ал балаларыңның өзіңнен жырақта екені қорқынышты. Ұлдарым хабарласып, «мектепте аналарды 8 наурыз мерекесімен құттықтадық» деп айтады. Ол жақтағы балаларыңды анасынан жырақ өмір сүруге, ал қолыңдағы балаңның тек анасымен бірге тұруына мәжбүрлегенің қорқынышты. Ұлымның бұл жерде жағдайы жақсы, бірақ оның мұнда әкесі, әжесі, ағалары мен әпкелері жоқ» дейді Анна көзіне жас алып.
Қазір түрме 110 орынға қысқарған, былтырғы жылдың мәліметі бойынша, түрмеде 50-ден аса бала бар. Әр балаға күніне 1 129 теңге жұмсалады. Колония ішінде мектеп бар. Онда мұғалімдер жұмыс істейді.

БІР ҮЙДІҢ БАЛАСЫНДАЙ

Түрмедегі балалар үйінде үш жасқа дейінгі балалар тұратындықтан, алғашқы білім беру процесі осында өтеді. Себебі балалар үйі балабақша әдісімен ұйымдастырылған. Балаларды топқа бөліп, дамуы үшін сабақ өтеді. Мұнда бір дәрігер, төрт медбике бар. Сондай-ақ тәрбиешілер, психологтар жұмыс істейді. ЛА-155/4 мекемесі балалар үйінің бастығы сол жердің педиатр-дәрігері. Оның сөзінше, мамандар жазасын өтеу мекемесіне түскен әйелдермен сотталушы ретінде емес, баланың анасы ретінде тілдеседі.
Мекеме үш жасқа дейінгі балаға арналғандықтан, үш жасқа толғанда 5 күн ішінде олар Бағанашыл кентіндегі балалар үйіне беріледі. Немесе жазасын өтеп жатқан әйелдің туыстарына табысталады. Кей жағдайда анасымен бірге бостандыққа шығады. Баланы балалар үйіне немесе туыстарына беретін кезде әйелдермен психологтар жұмыс істейді.
Мекемеде тәрбиеші болып жұмыс істейтін мамандардың айтуынша, мұнда бөтеннің баласы деген түсінік жоқ. Ал балалардың тұйық, бірақ көпшіл болып өсетінін жасырмады.
«Балалар үйіне барған балалардың қалай оқып жүргенінен хабар алып отыруға мүмкіндік бар. Кейінгі жылдары 3 жасқа толған соң балалар үйіне жіберілетіндер азайды. Ұмытпасам, мұндай жағдай ең соңғы рет 3 жыл бұрын болды. Қалған балаларды туыстары алып кетті. Анасы жылап қалады, баласын туыстарына берсе де жылайды. Көп жағдайда баланы әкесі болса, әкесіне немесе ата-әжесіне табыстайды. Мұнда өскен балалар тұйықтау болады. Бұл жерде бәрі бірдей, аналар балаларды бөлмейді. Анасы бір жерде жұмыс істеп жатса, екіншісі қарап отырады» дейді олар.

ӨЗГЕ ӘЛЕМДЕГІ ӨМІР

Колониядағы балалар ас-судан тарықпағанымен, 3 жыл қоғамнан алшақ өмір сүріп жүр. Бұл – қасірет демей не? Түрлі тағдырмен темір торға тоғытылғандар өзін ақтап алуға тырыспайды, мүмкін баласының біраз мүмкіндіктен қол үзгеніне өзін кінәлауы да мүмкін. Алайда шындық біреу – сәбилердің еш жазығы жоқ.
Мұндағы бүлдіршіндер әлемді өздері тұратын үйдің ауласымен ғана өлшей алады. Ал оның сыртындағы әлемді анасының әңгімесінен ғана естиді. Себебі қоршалған аумақтан балаларға шығуға болмайды. Жазасын өтеп жатқандардың сөзінше, балалар сол есікке қарай жүгіреді, шығуға ұмтылады. Бірақ қайран жоқ...
Бүлдіршіндер өздері тұратын үйдің ауласында ғана серуендейді. Өзге жаққа шығып, танымын дамытуына мүмкіндік жоқ. Қатаң тыйым салынған. Сол себептен, абақтының ар жағындағы өмірді тек аналарының әңгімелерінен естиді. Мекемеге тек колония қызметкерлері мен балалардың аналары ғана кіріп-шыға алады. Ал бөтен адам келсе, балалар қонақтарға таңырқай әрі жатырқай қарайды екен. Жазасын өтеуші келіншектерді сөзге тарту қиын. Қойылған сұрақтарға құлықсыз жауап беріп, өткен өмірі туралы айтуға именеді.
Бұл жердегі балалар – еңбектейтіндер, жүретіндер, ересек және оқшау топтарға бөлінеді. Баланың қабілетін жетілдіру үшін әдістемелік кабинет жұмыс істейді. Мұнда кішкентайлар қоршаған ортаны, жан-жануарларды танып, түстерді ажыратуды үйренеді. Үшке таяған балалар тіпті әріп танып шығады екен.

БАЛА КІНӘЛІ ЕМЕС

Бөбектерге жағдай жасалғанымен, қоғаммен байланыссыз оқшау өсу – ауыр дүние. Біреудің ала жібін аттап, опық жеген келіншектің жанына баласын да түрмеде тұруға мәжбүр еткені жаныңа батады. Осы түрмеде жазасын өтеп жатқан әйелдің айтуынша, ол қылмысқа қаржылық қиындықтан барған.
«Баламның еш жазығы жоқ, оны осындай күйге түсіргеніме кінәлімін. Өткенге қайта оралсам, қылмысқа бармас едім. Ақша болмады, балаларымды асырау үшін заңнан аттадым. Ақырсоңы менің кесірімнен қызым алғашқы жылдарын түрмеде өткізуге мәжбүр болып отыр. Тамағы тоқ, көйлегі көк. Бірақ үйде өспеген соң қиын» дегенді алға тартады ол.
Ал анасы қылмыс жасап, темір торға қамалғанымен, бүлдіршіні бостандықта болуы керек дейді психологтар. Мамандардың сөзінше, кішкентайлар титтейінен қандай жағдайда өсіп жатқанын сезеді. Сондықтан оларды бөліп-жармай қоғамдық жерлерге және мәдени демалыс орындарына шығарып тұрған жөн екен. «Балалар қылмыскер емес, анасының қылмысы үшін оларды оқшаулау дұрыс емес. Өсе келе жасқаншақ болуы мүмкін. Дамуында психикалық тежеуі пайда болуы да мүмкін» дейді олар.
Жауғашты колониясында жазасын өтеп жатқандардың әрқайсының тағдыры әртүрлі. Бірі қылмысқа қасақана барса, енді бірі абайсызда от басқан. Алпысыншы жылдары бұл түрмеде бухгалтерлер, судьялар мен заң саласының қызметкерлері көп отырған екен. Қазір жазасын өтеушілердің дені алаяқтық пен ұрлық бабы бойынша қамалған. Сондай-ақ мұнда адам өлтіргендер де кездеседі. Айтып айтпай не керек, елде қарттар үйі, балалар үйі, балалар түрмесі болмасыншы деген тілек бәрімізде бар. Ақ парақтан ашылған бала өмір – басталмай жатып қара жолақты көлденең басады. Қанша дегенмен түрменің аты түрме ғой...

Түйін

Елдің қай түкпірінен болмасын, жазасын арқалаған ана осы түрмеге тоғытылады. Бір үміт. Бір күдік. Күпті болған көңіл. Өкінішпен өткізілген өмір. Жарық дүниені көре алмаған сәби. Еркіндікте тай-құлындай тебісе алмаған бала. Кейде барымызды бағалай алмай жатамыз. Сол барымыз бала емес пе? Жыламасыншы...

Айнұр ӘЛИ
02 сәуір 2024 ж. 1 497 0

Тағы да TIK TOK...

18 маусым 2024 ж. 30

Ғани туған топырақ

18 маусым 2024 ж. 18

Нар тұлғалы нөсер батыр

18 маусым 2024 ж. 28

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930