Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұмай ана: Аңыз бен ақиқат

Ұмай ана: Аңыз бен ақиқат

Әлқисса... Есте жоқ ерте заманда алып Алтай тауын мекендеген бір қауым болған деседі. Олар ну орманды мекен етіп, сондағы аңдарды аулап, күнелтеді екен. Күндердің бір күнінде толассыз қар жауады. Бұл қалың орман арасын мекендеген халық үшін алпауыт апатпен тең еді. Нәтижесінде тұтас қауым табиғат апатының құрсауында қалып, түгелдей мертігеді. Тек аю терісін жамылып, аңшылық жасап кеткен Аю батыр ғана үңгірге жасырынып, жан сауғалап қалады.

Көңілін мұң басып, жақындарын жоқтаған Аю қар тоқтаған соң тегістікке шығады. Мүмкін тірі қалған біреуді тауып қалармын деген үмітті ойымен өздері қоныстанған аумақты аралайды. Кенет ат шаптырым жерден қар астын қазбалап, бірдеңені тартқыштап жатқан көк бөріні көзі шалады. Кім болса да абадан тісінен айырып алайын деген оймен айқайға басады. Жанына жақындаған адамды көрген хайуан тістелеген денені тастай салып, сағымдай көкке ұшады. Ал Аю батыр өзі құтқарған жан Айсұлу есімді айдай сұлу екенін білгенде ерекше қуанады. Бөстекке оранған күйі қар үстінде жатқан аруға қасқыр тісі тимепті. Өкпесі бүлкілдеп, ауыр тыныстап жатты.

Жартылай болса да тірі жанды, оның үстіне келбеті келіскен аруды тапқанына өзін тым бақытты сезінген жігіт Айсұлуды өзі өмір сүретін үңгірге алып келеді. Бірақ қыздың ес жинауын күткенімен, ойдағыдай болмады. Бейне бір терең ұйқыға кеткен ертегі кейіпкері секілді тамжылмай жата берді. Өмірдегі ең ауыр сынақтардың бірі күту екенін дәл осы сәтте батыр анық түсінді. Дегбірі шығып, биікте орналасқан үңгір апанынан айналаға көз тігеді. Онысы көмек берер біреу табылып қалар ма дегені еді. Мұнысынан да түк шықпаған болуы керек, шыдамы таусылған Аю толассыз қар жаудырған Көкке қарап, ұзақ налиды.

Қанша уақыт өткені белгісіз, бір мезетте көктен жерге жүйіткіген екі бірдей құс құлдилап келеді. Олар Ұмай мен Құмай екен. Қанатын кеңге жайған құстар Аю батырдың басын сипай өтіп, бірі ақ, екініші қара түсті екі тас тастап, қайта көтеріледі. Батыр алғашында бұның не екенін түсінбейді. Үңгірдің кіреберісіне жайғасып, оларды бір-біріне жанастыра ұрғанда, ұшқыны желмен қурай ұшып келген шөп-шалаңға тиіп, тұтана бастайды. Осы сәтте үңгірге ұшып кірген құс ақ шашты Ұмай анаға айналады да, қу шөптерді құшақтай әкеліп, жеңімен желпіп, отты маздатып жібереді. Ықпана жарық әлемге айналып, жылу үңгір ішін шарпығанда, бойы жылынған Айсұлудың денесіне жан кіреді. Басын көтеріп, өзін өлімнен құтқарған отқа сыйынады, от анасы Ұмайға иіліп сәлем салып, алғысын айтады. Жас қыздың бұл әрекетін ұнатқан Ұмай екі алақанын отқа жайып, Айсұлудың бетін сипайды. Бұдан соң қолдарын Аю батырға ұстатып: “Енді екеуің бас құрап, үй болыңдар. Өрен-жараңдарың көп болсын, оттарың өшпесін!”, – деп батасын береді де, көзден ғайып болады.

Алапат апаттан аман қалған жандарда қандай күй болсын?! Оның үстіне орманды ойсыратқан қалың қар аң мен құсты да аяп қалмаған еді. Батыр найзасына ілігетін ешқандай жануар болмағандықтан екеуі қатты ашығады. Үңгір ортасында тіршілік белгісі барын көрсетіп тұрған отқа дем беруден басқа амалдары жоқ еді бұлардың. Осылай шарасыз отырғанда үңгір қуысынан тыпыршыған дыбыс естіледі. Жақынырақ келіп зер салса, қоян іні бар екен. Салқында қозғалыссыз, дымын шығырмай жатқан қояндар оттан жылу барғаннан кейін, азық іздеп інінде тыпыршыған көрінеді. Аю батыр осы інге қолын салып жеті қоян алып шығады. Оны қыс бойы талшықтап азық етіп, аман қалады. Қазақ қауымының “жерден жеті қоян тапқандай қуанды” деген сөзі осыдан шыққанға ұқсайды.

Өмірде ештеңе мәңгілік емес. Бәрі өзгереді. Сол сияқты нәубет әкелген қыс та бітеді. Қалың қар еріп, орман арасы ашылады. Бұрынғыдай аң-құс көбейіп, тіршілік қалпына келеді. Аю батыр орман аралап, нәпақасын айырады. Ал Айсұлу: “Аю да болса байым, үңгір де болса үйім” деп отын сөндірмей, ас-суын даярлап отырады. Дәл осылай күйбең тіршілік жалғаса береді.

Күндердің бір күнінде Айсұлудың құрсағына сәби бітеді. Жүктіліктің қандай болатынын білмегесін бе, әлде басқа себебін көрді ме, Аюға бұл жайлы тіс жармайды. Бірақ күйеуі аулап әкелген аң-құстың етін де, жеміс-жидек те жегісі келмейді. Өйткені ас алғаннан кейін қайтып құсып тастайды. Уайымға шомған батыр аңшылықтан қалып, жүдеп кетеді. Алайда Айсұлудың бір асқа тәбеті ашылғанын естігенде айрықша қуанады. Ол – аққудың жұмыртқасы еді.

Жарының жерік асын тауып беру үшін Аю жолға шығады. Бірақ асқар асу таудан асып, тар жолмен тайғақ кешіп, аққулар шоғырланған айдынға жету оңай-оспақ іс емес- тұғын. Аю батыр айдынға жетер жолдағы кедергілермен арпалысып, әрең жеткенде, уақыт оздырып алғанын білмеген еді. Себебі бұл уақытта Айсұлудың толғағы келіп, жанын көзіне көрсетеді. Тас үңгірде жалғыздан-жалғыз жаратқаннан жәрдем сұраған күйі, жалбарынып жылай береді. Өзін өлімнен құтқарған Ұмай ананың атын атап, көмек сұрағанда ғана ғайыптан пайда болып, асқан мейірімділікпен маңдайын сипайды. Осы сәтте толғақ тоқтап, бойжеткен шекесі торсықтай екі сәбиді өмірге әкеледі. Ұмай ана бұлардың кіндіктерін кесіп, жөргекке орайды. Айсұлуға: “Бауы берік болсын” айтады да кетіп қалады.

Жүктіліктен жаны қалып, егіз туылған қызы мен ұлын емізіп отырғанда сырттан: “Армысың, бармысың?!” деп Аю батыр кіріп келеді. Бұған жауап ретінде Айсұлу: “Біреу еді Ұмайым, екеу болды құмайым” деп қуанышты хабарды жеткізеді. Бұдан кейін де Ұмай маңдайын сипаған әйел егіз-егізден құрсақ көтеріп, оның балалары рулы елге айналады. Аю батыр мен Айсұлу бикеш ұзақ та мағыналы ғұмыр кешеді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
06 қаңтар 2020 ж. 8 704 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 74

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 69

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930