"Аянат" кафесіндегі керемет

Нысанның негізін қалаған Әбдімұрат Айымбетов зайыбы Күлмараш Жалғасбаевамен кәсібін сонау 1990 жылдары орталық базарда тұрмыстық заттар сатудан бастаған. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде кәсіп жүргізу қиынға соқса да, өлшеусіз еңбек пен жүйелі жоспардың арқасында ерлі-зайыптылар еңсесін тіктеп алады. Сосын құрылыс бастаған әрбір қазалылық бас сұғатын “1001 ұсақ” тұрмыстық-құрылыс дүкенінің тұсауын кесті. Ал бүгінгі тірнектеп жиған несібесінің есебінен бой көтерген ғимараты барша бүлдіршіндердің қуанышына себеп болып отыр.
Ойын-сауық орталығын ашуға кәсіпкердің балажандылығы түрткі болған. Бүгінде ол үш ұл, бес немеренің қызығын көруде.
– Жылда немерелерімді басқа жерлерге қыдыртып қайтамын. Үлкен қалаларда балаларға арналған орталықтар өте көп. Онда барған сайын кішкентайлардың кіршіксіз қуанышын көретінмін. Бірақ барлық ойын түрлері қамтылған кешен бізде жоқтың қасы. Оның үстіне ата-анасымен бірге келіп, тамақтанатын алькогольсіз кафе де бірен-саран. Қазалыдан балалар кафесін ашамын дегенімде пайда әкелмейтінін айтып, бетімді қайтарғандар көп болды. Алайда өз немерелерімнің және қазалылық балалардың көңілін көтеретін ғимаратты саламын деп шештім, – дейді кәсіпкер.
Осылайша 2012 жылы “Аянат” балалар кафесінің құрылысы басталып кетеді. 2017 жылы сыртқы жұмысы аяқталса да, оның ішін жарақтауға тағы біршама уақыт қажет болған. Бұлар біткеннен кейін орталықтың ашылу салтанаты бір мезетте өте шыққан көрінеді.
– Келінім әлеуметтік желіге кафенің 7 мамырда ашылатынын айтып, хабарландыру берген. Алайда белгілі бір себептермен кейін ашамыз деп ұйғардық. Десек те Отан қорғаушылар күні таңертең есік алдында бір топ балалар мен ата-аналар жиналып қалды. Балақайлар: “Ғаламторда бүгін ашылады депсіздер. Соған келіп тұрмыз”, – деп қолқалады. Содан кішігірім ашылу рәсімін жасап, балаларды қабылдай бастадық, – дейді Ә.Айымбетов.
“Аянат” балалар кафесінде кішкентайлар үшін барлық жағдай жасалғанын байқадық. Кәсіп иесі қызметкерлерге балалар ойынына шектеу қоймауды тапсырған. Нысан ішіндегі ойыншықтарды, бала қабілетін арттыратын құралдарды келушілер еркін пайдаланады. Өзінің туған күнінде әрбір бала уақыт көлеміне қарамастан, кез келген бөлімде тегін көңіл көтере алады. Ал келушілер көп болған күні жеткіншектердің арасында ойын ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады. Ойын-сауық әкімшілігінің балаларға арнаған бұдан да басқа сыйлық-қошеметтері аз емес.
Ғимаратқа келгендер алдымен кіре берісте орналасқан балалар асханасын көреді. Мұнда жедел даярланатын фаст-фуд тағамдары мен балаларға арналған асхана мәзірі ұсынылады. Тәтті мақта, поп-корн сияқты өнімдер әрқашан кішкентайлардың көңілінен шығады. Сол жақ бұрышта өткір иістен ада, таза өнімнен жасалған интелектуалды ойыншықтар мен бала өресін өсіре түсетін құралдар сатылымға қойылған.
Сондай-ақ туған күн, тұсаукесер сияқты мерейлі мерекелерді тойлауға да арнайы кіші мейрамхана жасақталған. Мұнда бір мезетте 30-ға жуық бүлдіршінді қабылдай алады. Балалар кафесінің тәрбиешілері айтулы күндері кішкентайларды билетіп, тілектерін айтқызып, кештің көңілді өтуіне жағдай жасайды. Ал ғимараттың екінші қабаты түгелімен ойын-сауыққа арналған.
Баласын сергітуге әкелген ата-ана дене жарақатын алады деп уайымдамауына болады. Себебі, еден тұтастай құрастырмалы жұмсақ төсенішпен қапталған. Бұдан бөлек ойын алаңына қойылған отырғыштар, ойыншық машиналардың бәрі бүлдіршін қауіпсіздігін ескере отырып ойластырылған. Ортадағы үлкен теледидардан қазақ тіліндегі үздік мултьфильмдер көрсетіледі.
Орталықтың ойнау базасы кешенді түрде құрастырылған. Кішкентай қонақтар үшін ең қызықты ойын лабиринт, яғни жұмбақ жолдан бөлек бұл жерде құрғақ хауызда да ойнауға болады. Кәсіпкер бұндай бөлімдер бала ойының дұрыс жетілуіне, ойлау қабілетінің артуына көп септігін тигізетінін айтады. Ал түрлі батут пен жасанды алпинистік тау бала денесін ширатып, батылдыққа үйретеді. Сонымен қатар сәби күтіміне, құрылыс, аспаздыққа баулитын ойын әлемдері бөлек-бөлек ұйымдастырылған. Жақын арада нысанның екінші қабатынан балаларға арналған фотостудия ашу да жоспарланып отыр.
Бір ерекшелігі “Аянат” балалар кафесінде ауданда алғаш рет ашылғалы отырған фитнес-джампинг бөлімі жасақталған. Бұны кәсіп иесі Ақтөбе қаласына жұмыс сапарымен барғанда көріп, арнайы тапсырыспен Алматыдан алдыртқан. Айтуынша, джампинг әдісі денені сергітіп, артық салмақтан арылтады. Солай бола тұра спорттың бұл түрімен айналысқан адам артық күш жұмсап, қиналмайтын көрінеді. Фитнес бөлімінде бұдан бөлек велосипед пен жүгіру жолақтары, сондай-ақ, ересек адамдарға арналған екі теннис үстелі бар.
Ойын-сауық орталығымен танысуға барғанда нысан ауласында да ойын алаңы салынып жатқанын байқадық. Бұл үшін арнайы пультпен басқарылатын оннан аса машина мен мотоцикл алдыртқан. Ал гидроскутерге тегіс әрі әдемі алаң қарастырылған. Аулаға тегін әткеншектер орнатқан кәсіпкер әлі де жаңа ойын түрлерін іздестіріп жатқанын айтты. Ал “Аянатқа” алғаш рет баласын ойнатуға әкелген ана Ләззат Айымқұлова таңданысын жасырмай, алғысын жаудырды.
– Таныстарымның кеңес беруімен баламмен осында келдім. Бүлдіршіндерге керемет жағдай жасалған екен. Біз үшін қауіпті орындардың бірі – ашылуы оңай терезе ғой. Мұндағы терезелердің барлығы қауіпсіздендірілген. Бізге ұнады. Бұрындары осындай кең көлемдегі балалар кешені ашылса екен деп ойлайтынмын. “Аянат” кафесінің ұжымына көптен-көп рақметімді айтамын, – дейді.
Қазіргі күннің өзінде бұл жерге аспаз, тәрбиеші, тазалықшы, даяшы сияқты он шақты қызметкер жұмысқа қабылданған. Олармен тілдескенімізде жұмысшы үшін қолайлы жағдай жасалғанын, жалақыларын уақытылы алып тұрғандарын жеткізді. Ғимараттың барлық бөлімі толық іске қосылғаннан кейін тағы да қажетті мамандар жұмысқа алынатын болады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ