Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұнай мұнаралары

Мұнай мұнаралары

Павлония ағашын жаппай өсірсек, қағазды өзімізде өндіреміз. Шеттен сатып алмаймыз. Тіпті AliExpress интернет-дүкендерінде павлонияның бір текше метрін 1000 долларға дейін сатады. Түркістан облысының Сарыағаш ауданында павлония өсіретін кәсіпкер бағбан Балтабай Құрбанбаевтың сөзі осы. Айтуынша, баласы Дәуренмен бірге екі жылдан бері еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ден қойыпты. Дәлірегі, аса бағалы павлония ағашын өсіреді. Ендігі мақсаты – осы тірлігін тұтас өндіріске айналдыру.

«Қытайдан 50 мың түп тамыр әкелдік»


Сарыағаштық Балтабай Құрбанбаевтың баласы Дәурен Қытайдағы оқуын аяқтап, елге келгеніне айға жуықтады. Ол Қытайдың Тяньцзинь қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде Халықаралық сауда және экономика мамандығына оқыған. Павлония ағашы туралы да сол Қытайға барған кезінде естіп-біліпті.

«Қытайда оқып жүргенімде жұмыс істедім. Мамандығым саудаға қатысты болғаннан кейін де демалыста Қытайда қалып, елді аралап, саудамен айналыстық. Солай сауда-саттықпен айналыса жүріп, 2016 жылы павлония ағашы туралы білдім. Бұл ағаш көбіне Қытайдағы Шанхай қаласының маңындағы аймақтарда өседі екен. Өйткені, сол аймақ ауыл шаруашылығына бейімделген. Зауыт-фабрикалары аз. О жақта 32 млн гектар аумаққа павлония егіп тастаған. Сонда жүргенімде павлонияны кейбіреулер Алматыға әкетіп жатқанын естідім. Алғаш көргеннен кейін, зерттеп қарап, ойлана келе 2017 жылдың сәуірінде 50 түп тамырын сатып алып, елге әкелдік. Осында жол бойынан 2 гектар жерді мемлекеттен ұзақ мерзімге жалға алып, барлық тамырын топыраққа отырғыздық. Сарыағашта бұрын-соңды мұндай ағаш өспейтін. Сондықтан да жерсіне ме жоқ па деген ой болды. Бірақ, павлония ағашының өте төзімді екенін білгенімнен тәуекелге бардық. Павлонияның тамыры 2-3 аптаға дейін ашық жата береді. Өліп қалмайды. Қытайдан Сарыағашқа әкелгенімізше 2 аптадай уақыт өтті. Десе де топыраққа отырғызғаннан кейін тез бой алып кетті. Бірінші жылы жапырақ шығарып, тез өсе бастады. Жылына 4-5 метр өседі. Мысалы, мынау осы сәуірде екі жыл болатын ағаш. Су берген сайын өсе береді. Судан қысса баяу өседі. Жапырақтары жалпақ болғандықтан адамдар мұны күнбағыс деп ойлады. Расымен де әуел баста күнбағысқа ұқсайды. Павлония көшетін қыс бітуге таяғанда, яғни әлі жапырағы шықпай тұрғанда басқа жерге ауыстырып отырғызған жөн. Күтімі қиын емес. Өндірістік мақсатта өсіру үшін аптасына 20-30 литр су береді. Көшетін алғанында оның кішкене не биік болуы маңызды емес. Бастысы, тамырына қарайды», - дейді Дәурен Құрбанбаев.
 

«Адам ағашы», «Мұнай мұнарасы» деп атайды»


Баласының сөзін әкесі Балтабай жалғай түсті. Ол ұлының павлония көшетін әкелмек ойы барын естігеннен, бұл ағаш туралы әбден зерттеп алған екен. Қытайда жоғары бағаланып, өсірілетін ағаштан көл-көсір пайда табуға болатынын ойлапты.

«Қытай халқы ненің жақсы екенін біліп, сонымен айналысады. О жақта миллиондаған жерге павлония егіп тастаған. Мұны әлемде «Адам ағашы», тіпті «Мұнай мұнарасы» деп те атайды. Неліктен, «Мұнай мұнарасы» деп атайды? Білесіз бе?» деген Балтабай кәсіпкер әрмен
қарай өз есебін былай айтып берді.

«Павлонияны өндірістік мақсатта ексеңіз, онда бір гектар жерге 1200 түп отырғызасыз. Әр түптің арасын 2,5-3 метр аралықта егеді. Жылына 4-5 метр өсіп, 7 жылда биіктігі 25 метрден асады. Діңі де тез жуандап, жеті жылда диаметрі 30 сантиметрге жетеді. Қазір біздегі жасы екі жылға жетпейтін павлонияның диаметрі 10 см болып тұр. Міне, сол жеті жылда бір рет түбінен қырқып алады. Қырқып алсаңыз, бір ағаштан 1 текше метр дайын ағаш өнімі шығады. Біз Алиэкспресс, Алибаба дүкендерінен қарадық, павлонияның сапасы жақсы бір текше метрін 1000 долларға дейін бағалап, сатып алады. Оны базарға шығарып сатудың да қажеті жоқ. Алиэкспресске шығарып қойып, сата беруге болады. Есептеңіз, бір гектар жерге 1200 түп павлония егілсе, жеті жылдан кейін бір түптен 1 текше метр ағаш алынса, сол 1 текше метрін жүздеген долларға сатсаңыз, 1200 текше метрден қанша табыс түсіретініңізді есептей беріңіз», - дейді кәсіпкер.
 

«Павлониядан қайық та жасайды»


Сонымен Балтабай Құрбанбаевтың тоқтаусыз мақтауына ие павлония ағашының нендей кереметі бар? Бағалы ағаш тұқымына жататын павлонияны өндірісте қандай мақсатта пайдаланатынын Балтабайдың өзі айтып берді.

«Павлониядан қағаз, жиһаз, музыкалық аспаптар, қайық, тіпті теннис ракеткасын жасауға болады. Кереметі – өте иілгіш әрі жұмсақ ағаш. Қасиеті сол, су тартпайды. Басқа ағаштар кепкенінен кейін де су тартып, мысалы есік-терезенің ағаштары су тартып, ісініп, ашылмай қалады. Ал павлония су тартпайды. Қалпын сақтайды. Жапон елінде павлониядан жиһазды көп жасайды. Және ондай жиһаз қымбат бағаланады. Тағы бір кереметі, павлония өрттің қызуы 400 градусқа жеткенде ғана жанады. Көптеген ағаш 200 градус ыстықта жанып кетеді. Бұл ағаштың «көзі» болмайды. Кейде қарасаңыз, қымбат сауналардың қабырғасын аппақ ағаштан өріп шыққанын көресіз. Соның біразы павлониядан жасайды. Ең маңыздысы – павлониядан көп қағаз алуға болады. Біз қазір қағазды шетелден импорттаймыз. Оған миллиондаған шығын кетеді. Ал мына павлонияны өзімізде өсірсек, сол қағазды өзімізде өндіретін жағдайға жетеміз. Шетелге қағаз шығарып сатпасақ та өз сұранысымызды жабамыз. Павлонияның тамыры өте мықты болады. 6-7 жылда бір рет кессеңіз, сол түбінен қайта өсіп шығады. Осылайша бір түптен өсетін павлонияны әрбір 6-7 жылда кесіп, діңін алып, барлығы 8 рет қырқып алуға болады. Павлония алты апта гүлдейді. Гүлінен бал көп жиналады»,-дейді Балтабек Құрбанбаев. 

«Павлония биоотын алуға таптырмас ағаш»


Әкесінің айтқанын баласы Дәурен де қостайды. Оның сөзінше, павлониядан биоотын алуға әбден болады.

«Қытайда жиһаз өндірісіне пайдаланады. Сосын биоотын шығарады. Биоэтанол алады. Жеті жылда бір рет қырқып алуға болатындықтан өндіріске жақсы. Сосын сәндік мақсатта өсіреді. Еуропа елдерінде, АҚШ-та қала орталығына өсіріп қояды. Мысалы, Париждегі Эйфель мұнарасы алдына өседі. Өндірістік мақсатта гектарына 1250 түпке дейін егуге жарайды. Одан әрі егуге болмайды. Биомасса ретінде бір гектарға 2500, 10000 түп егуге болады. Биомасса биоотын, целлюлоза алуға болады. Өсіресіз, екі жыл күтесіз, екі жылдан кейін қырқып аласыз, сонда гектарынан 80 тонна биомасса аласыз. Кесіп алып, биоотын не целлюлоза шығаратын цехқа апарады. О жақта биоотынға айналдырады. Алдағы уақытта осы павлония өсіру шаруашылығын өндірістік мақсатта 10 гектар жерге егуді жоспарлап отырмыз. Қазір ешқандай қиындық жоқ. Бәрін біліп алдық», - дейді Дәурен.


«Бір түп көшетті 8-9 мыңнан сатамыз»


Қазір Сарыағаш жұрты Балтабектің тұқымбағынан келіп, павлония көшетін сатып алып жатыр. Мұндағы 2 гектар жердегі 40 мың түптің алатындардың басым бөлігі – мемлекеттік мекемелер, балабақшалар, мектептер, әртүрлі ұйымдар.


«Қазір әкімдік, тағы басқасына хабар беріп жатырмыз. Бірақ, ұмтылып жатқаны шамалы. Неге? Біріншіден, әлі үйреніспеді. Екіншіден, көбі пайдасын білмейді. 3-5 жылдан кейін бәрі де жабылып павлония егетініне сенемін. Жоғарыда павлонияны өндірістік мақсатта еккенде гектарына 1200 түп егетінін айттық. Ал бізде көшеттік мақсатта егілгендіктен, 40 мың түп павлониямыз бар. Бір көшетті сату бағасы әртүрлі. Ақшаны есепшотқа аударса, қымбатырақ, ал қолма қол берсе, басқаша баға болады. Көбірек алса, арзандау береміз. Азырақ алса, бір көшетін 8-9 мыңнан береміз. Ендігі жоспарымыз, үлкен плантация жасау. Биыл 40 мың көшет шығарсам, келер жылы 200 мың көшет шығарамын. 2021 жылы млн-нан артық көшет шығарамын. «Елге пайдасы тисе» деймін. Әрине, ақша да табу керек. Ақша тапсаңыз, басқа да кәсіпке салып, және бір кәсіп ашып бастаймыз. Биыл бір түп павлония көшетін орта есеппен 10 мың теңгеден сатсам, келер жылы 5 мың теңгеден, арғы жылы 3 мыңнан сатамыз. Бұл жерді мемлекеттен келісіммен алып жатырмыз. Қазақстан экономикасын гүлдендіретін ағаштың бірі осы», - деді Балтабай Құрбанбаев.


14 наурыз 2019 ж. 1 219 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 84

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930