Ата-аналардың 40 пайызы баланы тәрбиелеу жолдарын білмейді
Ата-аналардың 40 пайызы баланы тәрбиелеу жолдарын біле бермейді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездескен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елбасы қаңтардағы Жолдауында балаларды ерте дамыту үшін бірыңғай бағдарлама енгізу тапсырмасын берді. Тапсырманы орындау үшін біз балаларды ерте дамытудың халықаралық тәжірибесіне сараптама жасадық. Соның нәтижесінде мынадай жұмыстар атқарылды. Біріншіден, 1-3 жастағы балалардың әлеуметтік дағдыларын орталықтарда үйрету, дамыту бойынша бірыңғай бағдарлама дайындалды. Қазіргі таңда бағдарлама тиісті органдармен келісілуде. 3-6 жастағы балаларға арналған оқыту бағдарламасы 2016 жылдан бастап жұмыс істеп жатыр. Біздің ойымызша, 1 сыныпқа келген балалар 100 пайыз бір деңгейде дайын болуы керек», - деді Ерлан Сағадиев.
Оның айтуынша, екіншіден, елімізде балалардың дамуын бағалау жүйесі енгізілді. Енді педагог түрлі критерийді қолдана отырып, әрбір баланың бағдарламаны меңгеру деңгейін бағалауға мүмкіндік алды.
«Сонымен бірге, министрлік балаларды ерте дамытудың концептуалдық негіздерін дайындады. Оқу-методикалық әдебиетті әзірледі. Олар ата-аналарға арналған сайтта орналастырылған. Бастауыш білім беру жүйесімен байланыстыру үшін 1-3 және 3-6 жастағы балаларға арналған оқу бағдарламасы мазмұнына интеграция жасадық. Ата-аналармен зерттеулер жүргізілді. Енді сол зерттеуге сәйкес, ата-аналардың 40 пайызы, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған ата-аналар балаларды тәрбиелеу жолдарын жақсы біле бермейді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, мининстрлік отбасы.кз деген портал әзірлеп, 10 500 ата-ананы қашықтан оқытқан. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
«Қазіргі уақытта ата-аналарды оқыту үшін осы порталға келесі жылдарға арналған бюджеттік тапсырыс беру қарастырылуда», - деді Ерлан Сағадиев.