Вирусқа мықты тосқауыл
Сыр елінің жас таланты алғаш рет әлеуметтік желідегі вирустарға қарсы қорғаныс жүйесін ойлап тапты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тәлімгері Дастан Айтбай өзі жасаған жүйесі вирусқа мықты тосқауыл болатынына сенімді. Бұл хакерлердің жемтігіне айнала қоймайтын жоба ретінде бағаланып отыр. Әлеуметтік желіде вирус тарататын сілтеме өте көп. Оларға қарсы антивирус жасалғанымен, көп ұзамай оны жойып жіберетін өзге вирус пайда болатыны баршаға аян. Осы мәселенің шешімін тапқан Дастан бұл еңбегімен республикалық байқауларға қатысып, жүлделі оралып қайтты.
– Алматы қаласында өткен ІТ саласы мамандарының байқауында өз жобаңызды қорғадыңыз. Жобаның ерекшелігі неде?
– Көктемде «Alma you management university» ұйымдастыруымен өткен сайыста «Кафка» атты ақпараттық технология саласында өзекті тақырыпты талдап, аталған жобаны өзіндік жүйеге келтіру жайлы ұсыныс тастаған едім. Сөйтіп, ақпараттық қауіпсіздікті сақтаудың жаңа формасын құрастырдық. Франц Кафка есімді жазушының өмірлік ұстанымын негізге алып, жобамды «Кафка» деп атадым. Жобаның басты ерекшелігі – хакердің өзіне дәл сол шабуыл тізбегін кері қайтарып, өзін әлсіз етуінде. Яғни, жіберілген вирус бұрынғы «ұясына» барып, арқалап келген жүгі арқылы өзін-өзі жойып жібереді. Жобаны келешекте дамытып, түрлі вирустың таралуына кедергі келтірмекпін.
– Бұл салаға қызығушылығыңыз қалай оянды?
– «Қорғаныс – утопия» яғни, елес тәрізді. Бұрын қорғаныс дегенге сенбейтін едім. Ақпараттық технология ғана емес, жалпы, өмірде де солай. Осы ойымды өзгерткен IT саласы болғандықтан, қызығушылығым оянды. Зерттей келе, болашағымды осы саламен байланыстырамын деп шештім.
– Бүгінде жұмыс компьютерлері вирусқа толы, бұл алаңсыз жұмыс істеуге кедергі. Антивирустардың көбінің көмегі тимей жатады...
– Әрине, «уoutube» немесе өзге де сайтты ашсаңыз, жарнамаға толы екенін көресіз. Іздеген зат өзі-ақ алдымыздан шыға келеді. Бұның бәрі трояндық вирус екенін аңғара бермейміз. Бұл вирустық тізбек адамнан қаражат алу мақсатында қолданылады. Мұндай вирустан құтылуға, оны көрмеуге тырысыңыз. Бір рет байқамай ашқанның өзінде, ұялы телефонның немесе компьютердің жұмысын баяулатады.
– Ал, компьютер, веб-сайтты хакерлік шабуылдан қорғауда қандай тіл қауіпсіз?
– Шетел жаңалықтарына мән берсек, хакерлер 2 млрд АҚШ долларын ұрлапты немесе ЦРУ базасына шабуыл жасалды дегенді жиі естиміз. Мұның барлығы АҚШ-та хакерлік жүйе жақсы дамығанын аңғартады. Десе де, сайттың жұмысына кедергі келтіру немесе жою, ол – өнер емес, нағыз қылмыс. Тіпті өзге елде хакерге сайтты бұзғаны үшін 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Біздің жас мемлекетіміз мұндай дәрежеге жеткен жоқ. Өйткені бізде мықты хакерлер жоқтың қасы. Ал біздің мақсат – аталған хакерлік қылмысқа қарсы тұру. Осы тұста «C++sharp» компьютерлік бағдарлама тілінің негізінде сайт жасаған абзал. Өйткені, бұл тіл – қауіпсіз әрі қиын тілдің бірі.