Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Байыпты бағыт-бағдар сілтейді

Байыпты бағыт-бағдар сілтейді

Үміт пен күдік. Дәл осы сәтте Ұлттық бірыңғай тест тапсырған мектеп бітруші түлектердің санасын билеген сезімдер осы. Өміріндегі ең алғашқы сынақтарын тапсырған 600-ге жуық үміткердің шекті баллдан жоғары жинағандары қазіргі уақытта өздерін қоярға жер таппай отырғаны бесенеден белгілі.
Өйткені 23-31 шілде аралығында олар грант негізінде білім алу үшін құжат тапсырып, бақтарын сынайды. 50 баллдан болмашы ғана асыра жинағандар да тегін білім алуға талпынады-ақ. Егер жолы болып, таңдаған шаһары қате болмаса жетістік болуы мүмкін. Сол сияқты жүз баллды жүгендеген талапкерлер де қате таңдаудың салдарынан грантқа ілінбей қалуы ғажап емес. Үміткерлердің көпшілігі жинаған балына қарамастан үлкен тәуекел бар екендігін ескере бермейді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын жақын араласатын танысым ҰБТ тапсырды. Өзі жан-жақты, ізденімпаз, талай түрлі бәйгелерден топ жарып жүргендер қатарында. Сынақтан еш қиындықсыз жүзден жоғары жинады. Алайда білімі мен ұпайының молдығына қарамастан мемлекет негізіндегі грантты ала алмады. Оның қасында екінші біреу 65 ұпаймен-ақ оқуға түсті. Егер Күміс өзінің мол тәжірибесі мен біліктілігін пайдаланып, дұрыс бағыт-бағдар көрсетпегенде бұл түлектің де ақылы негізде оқудан басқа амалы қалмас еді.
Біз әңгімеге арқау еткелі отырған Күміс Қаймақбаева Қазалы көлік техникалық жоғары колледжінде 20 жыл, Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектепте 20 жыл химия пәнінен ұстаздық етіп, еңбектің зейнетіне шыққан ұлағатты ұстаз. Осы уақытқа дейінгі жетістіктері де жетерлік. Білімді де білікті шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұдан бөлек 2013 жылы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың білім беру саласы қызметкерлеріне тағайындаған сыйақысын жеңіп алып, қазалылық «миллионер мұғалім» атанғанын көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Күміс Нәбиқызы зейнетке шыққанымен, өз ісіне шынайы берілгендігі сонша, қазір де білім іздеп келген баланың бетін қақпайды.
Мектеп бітірушілер ҰБТ тұсында Күміс апайды көп іздейді. Себебі химия пәнін таңдаған ауылдық округтердегі, қаладағы және кент ішіндегі мектептердің оқушылары жоғарғы ұпай жинау үшін Күміс апайды бір қолқаласа, тест аяқталғаннан кейінгі ұстаз үйіндегі қарбалас тіптен бөлек. Ізденімпаз ұстаз биология, математика, физика, қазақ тілі мен әдебиеті, тіпті шет тілін таңдаған балалар үшін де жинаған балымен қай қалаға грантқа түсуге болатыны туралы жөн сілтейді. «Өз пәнім-өз оқушым» деп емес, әр баланың болашағы жарқын болсын деп жүрген ұстаз-ананың жан-жақтылығына таң қаламыз.
К.Қаймақбаеваның талапкерлердің талабын қалай жүзеге асырып жүргені туралы өзінен сұрағанымызда:
– Ең алдымен ғаламтор желісі мен «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған былтырғы және осы жылы бөлінген гранттар санын анықтап аламын. Әр мамандықты сұрыптап, осыған дейінгі грант жеңіп алған ең төменгі ұпайды белгілеп қоямын. Балалар өздерінің қалаған қаласы мен мамандығын анықтап келгенінде, таңдауының қаншалықты дұрыс екендігіне баға береміз. Жақында ҰБТ-дан 101 ұпай жинаған жас түлек келіп, Алматыға барғысы келетінін айтты. Қаншалықты мүмкін екендігін зерттегенімізде, сол мамандық бойынша өткен жылы грант жеңген ең төменгі балл 126-ны көрсетті. Ойласа келе, көрпемізге қарап көсілдік.
Мектеп бітірушілер үшін жыл сайын жаңа мүмкіндіктердің көбейе түсетіндігін көріп отырмыз. Мәселен, осы жылы «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасын қоса есептегенде 53594 грант бөлінді. Оның ішінде техникалық және ағылшын тілін қоса оқытатын мамандықтарға грантқа түсу үшін аса жоғары ұпай жинау міндетті емес. Жылдар бойы ізденіс үстінде жүріп, білімін толыстырған оқушылар сынақта жақсы нәтиже көрсеткенімен, жолдары болмай жатады. Себебі, өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмайды. Менікі білімге құштар шәкірттердің көпжылғы еңбектерін зая кетірмей, нәтижелі бағыт көрсету ғана, – дейді көкейдегісін ақтарыла жеткізіп.
Әр жыл сайын аудандағы Ұлттық бірыңғай тест тапсырған талапкерлердің әрбірімен жеке отырып, қорытынды жасау арқылы дұрыс бағыт-бағдар беру оңай шаруа емес. Оның үстіне қосымша дайындық үшін таңның атысы мен кештің батысына дейін білім іздеген балаң көңілді қимайды. Айта кету керек, ұлағатты ұстаз ақыл-кеңесі үшін ешкімнен ешқашан ақы сұраған емес. Соның себебінен болса керек, ел-жұртқа құрметті, оқушылары теңдессіз ұстаз деп таниды.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
24 шілде 2018 ж. 1 344 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 22

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930