Үкімет басшысына үміткер Олжас Бектенов елге қандай істерімен танымал?
Премьер-Министр лауазымына "AMANAT" партиясының атынан ұсынылған кандидат – Олжас Бектенов. Президент бұл кандидатураны бүгін түстен кейін Мәжіліс депутаттарымен талқылайды. Премьер-Министр лауазымына ұсынылған Олжас Бектеновтың өмірі жайлы Azattyq Ruhy ақпарат агенттігі анықтап көрді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бектенов жемқорларға қарсы күресте белсенділігімен танымал. 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін Олжас Бектенов Антикор басшысы қызметін атқарды. Бұл қызметте жүргенде ол жемқорлық елдің дамуына әсер ететін кесел екенін анық айтқан еді.
«Өздеріңізге мәлім, жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін, барлық адамгершілік құндылықтарды тоқырауға әкелетін әлеуметтік кесел. Отбасы құндылықтары мен сыбайлас жемқорлықтың қандай байланысы бар? Қазіргі отбасы жемқорлықты жеңуге қаншалықты дайын? Отбасылық дәстүр, әдет-ғұрып пен мәдениет баланың бойында жемқорлыққа қарсы мінез-құлық қалыптастыра ала ма? Жалпы, әр отбасы қоғамды «жегідей жеген жемқорлықты» қалай қабылдайды? Отбасы адамгершілік-әдеп нормаларын бұзатын жемқорлықтан жирене ме? Бұл сұрақтардың барлығы жемқорлықтың алдын алудағы отбасының рөлін байыппен сараптауды талап етеді», – деді Олжас Бектенов.
Ол атағандай, тарихта жемқорлықтың құрсауында қалып, дағдарысқа ұшыраған мемлекеттер туралы мысалдар көп.
«Жемқорлық адамның баққұмарлық, мансапқорлық, ашкөздік, екіжүзділік және жағымсыз қылықтарының салдарынан туындайды. Ол билік пен халық арасындағы қоғамдық қарым-қатынастардағы олқылықтармен ғана емес, тәлім-тәрбиедегі шикіліктермен де ұштасып жатыр», – деді Бектенов.
Антикор басшысы ретінде Бектенов кәсіпкерлердің құқығына аса назар аударды.
«Басшы өңірдегі әлеуметтік маңызы бар проблемаларды негізге алып, оларды шешу бойынша тиімді шараларды ұсынуы және іске асыруы тиіс. Басты критерий – нәтижелер өңірдің азаматтары мен кәсіпкерлері үшін маңызды және пайдалы болуы», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бағалаудың тағы бір критерийі – ұтымсыз немесе қылмыстық пайдалануға жол берілмейтін нақты ақша сомасы. Сонымен қатар бұл тәсіл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті әлсіретпейді, керісінше, алдын ала жұмыс істей отырып, тиімді әрекет етуге бағытталған.
«Біз алдын ала анықталған тәуекелдер туралы өңір әкімі мен бейінді министрлікті хабардар етеміз және объектіні сапалы және уақытылы салуға және пайдалануға беруге қол жеткіземіз. Бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік қызметшілер мен мердігерлер, жасалған әрекеттің ауырлығына байланысты тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық тәртіппен жазаланады», – деген еді бұрынғы Антикор басшысы.
Ал ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісі Олжас Бектенов Tengrinews.kz ақпарат агенттігіне сұхбатында Дебюрократизацияның тағы бір үлгісі ретінде ПА-да қағазбастылық айтарлықтай азайғанын келтірді.
Бұған Үкіметке Президенттің және Әкімшіліктің келісімінсіз әлеуметтік-экономикалық сипаттағы тұжырымдамаларды, Өңірлерді дамытудың кешенді жоспарын, салалық Жол карталарын қабылдау және түзету өкілеттіктерін өздігінен беру де септігін тигізді. Мәселен, қазіргі уақытта 41 түрлі концепция бар.
«Енді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша 30-ға жуық концепцияның жүзеге асуын бақылау, яғни тиімділігіне жауап беру міндеті Үкіметке жүктеледі. Бұл жоғары білім мен ғылымды дамыту концепциясы, зейнетақы жүйесін ары қарай модернизациялау концепциясы, мемлекет қаржысын басқару концепциясы, шағын және орта бизнесті дамыту концепциясы және басқа да маңызды құжаттар», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Олжас Бектеновтің сөзінше, Үкіметке, өңірлер мен жалпы мемлекеттік органдарға дербестік беру қойылған міндеттерді атқаруда олардың жауапкершілігін арттырады.
«Президент Әкімшілігі мемлекеттік органдарға «қамқор» болуды қойып, Мемлекет басшысының тапсырмасын мінсіз орындауға, міндеттерді сапалы жүзеге асыруға ден қояды. Қазір Президент пен Әкімшілік атына мемлекеттік органдар тарапынан «алдын алу үшін» жазылған хат көп түседі. Десе де, мемлекеттік органдар қажет өкілетінің бәрі бар екеніне қарамастан, жауапкершілікті Мемлекет басшысы мен оның Әкімшілігіне жүктеп қоюға дайын тұрады. Жаңа парадигма кезінде мұндай тәжірибе жойылады. Жедел мәселелер, тактикалық міндеттер министрлер мен әкімдер дәрежесінде, қажет болған жағдайда Үкіметте тез шешіліп отыру керек», – деді Олжас Бектенов.
1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген (2001).
Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.
2005-2006 жылдары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.
2006-2009 жылдары – ҚР Президентінің Әкімшілігінде қызмет істеді.
2009-2012 жылдары – ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.
2012-2014 жылдары – ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.
2015-2016 жылдары – Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы хатшылығының меңгерушісі.
2016-2017 жылдары – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.
2017-2018 жылдары – Ақмола облысы әкімінің орынбасары.
2018-2019 жылдары – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.
2019-2022 жылдары – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.
2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін – Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.
2023 жылдың 3 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.
ІІ дәрежелі «Айбын» (2014) және «Даңқ» (2021) ордендерімен наградталған.