Жаңа жоба мүмкіндіктерге жол ашады
Былтыр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй механизмін енгізуді қолға алғанын білеміз. Тіпті бірқатар жұмыстар жүргізіліп, Қазақстанда кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғалар үшін лизинг енгізуді жоспарлаған болатын. Жаңа жылда сол жұмыстар жалғасын тауып, лизингті енгізуді қарастыратын түзетулер зерттеліп жатыр. Тиісті түзетулерҮкімет тарапынан қолдау тауып, қабылданса, қазақстандықтар несиеге батпай-ақ баспанаға қол жеткізіп, темір тұлпарды тізгіндей алады.
Мәжіліс депутаттарының бастамасы аясында бүгінде "Бизнесті жүргізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына жеке кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғалар үшін лизингті енгізуді көздейтін заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Қазіргі таңда түзетулер Үкіметтің келісімін күтуде.
Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, "Бастама жасалған түзетулер лизинг алушы ұғымын кеңейту арқылы жеке тұлғалар үшін лизинг енгізуге бағытталған. Түзетулерге сәйкес, жеке тұлғалардың шарттары бойынша лизинг нысанасы мемлекеттік тіркеуге жататын жеке тұрғын үй, пәтер, автомобиль көлігі болуы мүмкін".
Мерзімі өткен борыштың мөлшерін шектеу үшін 90 күн өткеннен кейін лизинг шарты бойынша сыйақы мен тұрақсыздық айыбын есептеуге тыйым салу ұсынылады. Сондай-ақ, қазақстандықтарға есептелген сыйақы сомасын қайтаруды қоспағанда, лизинг нысанасы құнының қалдығын қайтару жөніндегі міндеттемелерді бір мезгілде тоқтата отырып, лизинг нысанасын бұрын қайтару құқығы берілуі мүмкін. Жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау мақсатында шарт жасасқанға дейін лизинг беруші таңдау үшін лизинг шарты бойынша міндеттемелерді өтеу әдісі мен кезеңділігін ұсынатыны көзделеді.
"Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмайтын жеке тұлғамен жасалған лизинг шарттарында лизинг берушіден алынатын комиссиялар мен басқа да төлемдердің тізбесі, олардың сомалары көрсетіледі", – деп түсініктеме берді министрлік.
Жаңа жобаның жаңалығы жұртшылыққа майдай жағары анық. Өйткені қарапайым халықтың алдында қоса-қабат қарыздардан арылудың мүмкіндігі тұр.
– Түзетулер лизинг алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі нормаларды қамтиды. Осы қаржы құралын енгізу материалдық игіліктерге қол жеткізуді жақсарту және қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ несиеге неғұрлым арзан баламаға көшу есебінен халық арасында берешек деңгейін төмендетеді. Түзетулерге сәйкес, азаматтар жеке тұрғын үй, пәтер, көлігін жалға алады, – дейді Ұлттық Экономика министрлігі.
– Расын айту керек, қазір баспана, көлік алу оңай емес. Бар-жиған тергеніңді шашсаң да, жетпей жатады. Оның үстіне қазіргідей нарық заманында ойыңдағыға қол жеткізу оңай шаруа емес. Өйткені тапқан-таянғанымызды жалдамалы пәтердің ақысына, коммуналдық шығындарға, несиеңе, өзге де тұтынушылық қажеттіліктерге, басқа да қарыздарға жаратып жатырмыз. Қолыңдағы қаржың қалтаңа жетпей, талан-таражға түскенде, баспана алмақ тұрмақ, оған ақша жинаймын деудің өзі құр арман болып қала беруде. Егер лизинг бойынша үй алу мақұлданса, қарапайым халыққа жақсы болушы еді. Әйтеуір басқа пәтерге емес, кейін басымызда қалатынға жұмсасақ, "ақшамыз далаға кетіп жатыр" деп өзімізді жегідей жемес едік, – дейді Күміс Пернебек есімді кент тұрғыны.
Әміржан Керімбеков есімді қазалылық жас жігіт аталмыш жобаның тезірек бастау алғанын күтіп жүргендігін айтты.
– Көптен көлік алуды жоспарлап жүрмін. Бірақ қаржының жоқтығы қол байлайды. Несие алғым келген, бірақ оның үстіндегі үстемесін ойлағанда айнып қалдым. Алсам, қалтама біршама салмақ салғалы тұр. Жуырда "сатып алу құқығымен баспана мен көлікті ұзақ мерзімге жалға алуға мүмкін болады" деген жаңалықты желіден оқып қалдым. Енді сол жоба тезірек қолданысқа енсе деп күтіп жүрмін. Жаңа жоба жүзеге асса, тек маған емес, көлік тізгіндеуді армандап жүрген көпшілік үшін де жақсы болар еді, – дейді Әміржан Керімбеков.
Айта кетейік, жалға алған нысан әбден тозса, оны азаматтарға мерзімінен бұрын қайтару құқығы берілуі мүмкін. Шартқа сәйкес лизинг берушіден алынатын комиссиялар мен басқа да төлемдердің тізімі, олардың сомалары көрсетіледі. Ал әзірге жаңа жобаның ережелері пысықталу үстінде.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ