Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапкершілігі мол Жәнібек

Жауапкершілігі мол Жәнібек

Жәнібек бала күнінен теміржол саласында еңбек етуді армандады. Болашақ мамандығын оқушы күнінен таңдаған бозбала оқу бітіре салысымен Ақтөбе қаласына жол тартты. Арманы – асқақ, мақсаты – айқын Жәнібек Ілиясов Ақтөбе коммуникациялық транспорт және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түсті. Бүгінгі таңда өз қалаған теміржол саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген жас маман аталған саланың қыр-сырын біркісідей меңгеріп қалған.
Еліміздің өзге мемлекеттермен терезесі тең дәрежеде дамуында қазақ жастары белсене қызмет атқаруда. Жастардың жалынды талпынысы мен еңбекке ынталары елдің өркендеуіне үлкен үлес қосуда. Дәл осылай, білімі мен адамгершілігі, талпынысы мен жауапкершілігі ұштасқан жастардың қатарында Жәнібек Тимурұлы да бар.
Өз ісінің шебері атанған жас маман Қызылорда облысы, Арал қаласында туып өскен. Мектептен соң Ақтөбе коммуникациялық транспорт және жаңа технологиялар колледжінде оқыды. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясында жоғары білім алды.
Темірдей тәртіпті талап ететін теміржол саласында табандылығымен көзге түсіп жүрген Жәнібек алғашқы еңбек жолын Атбасар теміржол станциясының жол жөндеушісі болып бастаған. Жұмысқа деген жауапкершілігі мол жас маманның уақыт өте келе кәсібилігі шыңдалып, қызмет сатысымен жоғары өрлеп келеді. Жол жөндеуші болып жұмысқа кірген Жәнібек оператор, аға оператор және жол шебері операторы дәрежесіне көтерілді
Туған жердің өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қоссам деген Жәнібек Тимурұлы бүгінде Қазалы жол дистанциясына жол диспетчері қызметін абыроймен атқарып келеді.
– Шынайы талпыныс, нық қадам жасасаңыз, үздік нәтиже көресіз. Мен мамандығымды мақтан тұтамын әрі өзіме артылар жауапкершілік жүгінің салмағын сезінемін. Өзіңді жетілдіріп, жан-жақты байыту бүгінгі қоғамның басты талабы», – деген Жәнібек Тимурұлы бірнеше тренингтік орталықтар, семинарлар мен академиялық конференцияларға қатысып, біліктілігін арттырып отырады. Ол «Қазақстан Ұлттық теміржолының 100 жас есім» жеңімпазы, «Қазақстан темір жолы» ұйымдастыруымен Республикалық жастар форумының активті қатысушысы, VII сессиялық жастар лагерінің белсендісі, үздік әлеуметтік корпоративті волонтер, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына адал еңбегі үшін алғыс хат иегері секілді қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Заман талабымен қатар дамып, ағылшын тілінен біліктілік курстарына да белсенді қатысып келеді. Жас болса да жан-жақтылығымен ұжымда өзіндік орыны бар маман кейінгі толқынға білгенін үйретуден жалықпайды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
23 қыркүйек 2023 ж. 219 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031