Дәрігер күздегі ұйқышылдықтың негізгі себептерін атады
Күзгі ұйқышылдық пен күйзелістің негізгі себебі – дәрумен тапшылығы мен қандағы мелатонин деңгейінің жоғарылауы. Ағзадағы маусымдық өзгерістердің осы және басқа да себептерін эндокринолог Светлана Шокур айтып берді. Бұл туралы stan.kz хабарлайды.
Маман дәрумендерді алдын ала жинақтау мүмкін еместігін айтты. Олар ағзаға еніп, өз қызметін атқарып, ыдырайды. D дәрумені тапшылығы көбіне оны өндіруге күн сәулесінің жетіспеушілігінен туындайды.
"Күзде стресс жағдайлары көбірек болады. Мысалы, жүктеменің жоғарылауы, оқу жылының басталуы және т.б.
Осындай сәтте магний жүйке жүйесін қолдау үшін пайдалы. Депрессиялық көңіл күй, құрысулар, бұлшықеттердің тартылуы магний тапшылығынан болады", – деді эндокринолог Светлана Шокур.
Сонымен қатар дәрігер күзде диетаға антиоксиданттарды – С және Е дәрумендерін қосуға кеңес берді.
Шокурдың айтуынша, бұл заттар дененің вирустық инфекциялар мен суық тиюге қарсы тұру қабілетін арттырады.
Дәрігер витаминдерден басқа гормондар адамның көңіл күйіне және жалпы әл-ауқатына әсер ететінін айтты. Ол суық мезгілде қандағы мелатонин деңгейі көтеріліп, ұйқышылдықты тудыратынын, ал бақыт гормоны серотонин өндірісі төмендейтінін түсіндірді.
"Күзде қуаныш гормоны допаминнің деңгейі төмендеуі мүмкін. Сондықтан оны синтездеуге арналған тағамдарды диетаңызға қосуға болады", – деді дәрігер.
Қорытындылай келе, эндокринолог Светлана Шокур дұрыс тамақтануды белгілеп, маманнан кеңес алуды ұсынды.