Емнің ең жеңілі – күлкі
Күлкі адам өмірін ұзартады дейміз. Мүмкін... Үнемі шаттанып, күліп жүретін адамның өмірі қуанышқа толы болатыны сөзсіз. Ал күлімдеп жүру адамның өзінің ғана емес, өзгелердің де көңіл күйі көтеріңкі болуына септігі тиетіні де рас. Тіпті күлкі арқылы адамды емдеуге болатынын естіп пе едіңіз?
Медицина ілімінің атасы Гиппократ «жан-тәніңмен рақаттанып күлу – емнің ең үлкені» деген екен. Қазір медицинада күлкі терапиясы да қолданылады. Мұны ғылыми түрде «гелотология» деп атайды екен. Мамандардың айтуынша, күлкі иммундық жүйені жақсартып, жүрек пен өкпеге, қан айналымына оң әсер ететіндіктен, бұл – қымбат дәрілер мен тағамдардан әлдеқайда нәтижелі әрі тегін шипа. Күлкі терапиясы бірқатар дамыған елде науқастардың қатерлі ісік пен ауыр кеселдерден айығу үшін қолданылады.
Күлкі терапиясы ХХ ғасырдың 70-жылдары пайда болыпты. 1964 жылы америкалық Норман Казинс деген журналист күлкі терапиясы арқылы айықпас кеселді жеңіп шығады. Ол өзінің ауруын ұмыту үшін түрлі комедиялық жанрдағы фильм мен қызықты журналды оқып, күні бойы ішін басып күлумен болады. Уақыт өте келе, Норман науқасынан толығымен айығады. Осыдан бастап Калифорния университетінің ғалымдары күлкінің иммунитетті жақсартып, адам ағзасын қорғайтынын дәлелдеген. Күлген кезде стресс гормондарының деңгейі төмендеп, түрлі вирусқа төтеп беретін Т-лимфоциттерінің көлемі ұлғаяды екен. Сондай-ақ ғалымдар күлкі адам ағзасындағы қатерлі ісік клеткаларының пайда болуына жол бермейтінін анықтапты.
Гепотология ғылымын зерттеп жүрген невролог-дәрігер Уильям Фрайдың зерттеуінше, күлкі тыныс алу жолдарындағы қан тамырларының жұмысын жақсартып, өзін жақсы сезінуге, өзіне сенімді болуға тәрбиелейді. Жүзінен күлкі кетпейтіндер басқаларға қарағанда торығу мен күйзеліске көп шалдықпайтын көрінеді.
Қазір де науқастарды күлкі терапиясы арқылы емдеу АҚШ, Канада, Израиль сияқты елдерде 20 жылдан аса уақыт бойы қолданылып келеді. Ал біздің елде күлкі терапиясы жаңадан дамып келе жатқан көрінеді.
«Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының төрайымы, психолог, сарапшы маман Лимана Қойшиева мұндай емдеу түрі Астанада барын айтады. Онда адамды кәдімгі шаттандыра күлдіру арқылы емдейді. Бірақ ондай кезде емделушінің қасында маман болуға тиіс екен.
«Қазір мұндай емдеудің түрі біздің елде де бар. Бізде мұны «үнді әдістемесі» деп атап жүр. Мұны көбінесе жасы ұлғайған, яғни күміс жастағы адамдарға қолданады. Бірақ күлкі ем екен деп дарақыланып кетуге тағы болмайды. Ол тіпті кері әсерін тигізуі мүмкін. Қатты қарқылдап күлем деп, ауырып қалуы мүмкін. Өйткені кей адамда тығылып жататын іштегі күйзеліс болады, сол көзден жас аққанша күлген кезде ашылып кетуі мүмкін. Сол себепті ұзақ жасаудың мәнісі сол екен деп айғалап күле беруге тағы болмайды. Бұл жердегі күлу – жымию, көңілді жүру дегенді білдіреді», дейді маман.
Маманның айтуынша, күлкі адам миының сол жақ жартысының жұмысын жақсартады. Сонымен қатар 5 минуттық риясыз күлкі, 40 минуттық релакспен тең. Сондықтан көбірек күліп, көңілді жүру пайдалы. Күлу арқылы адамның эмоционалды иммунитеті көтеріледі, ол өмірге деген құштарлықты арттырады.
«Күлкімен емдеу бақытты болған, ерекше қуанған сәттерді еске алу арқылы жасалады. Күлдіру арқылы емдеумен айналысатын Тілеулиев деген дәрігерді өз көзіммен көрдім. Ол кісі ХVIII ғасырда болған еуропалық бір психиатр дәрігердің тәжірибесіне сүйенетінін айтқан еді. Ол да қуанту, яғни бақытты кезеңдерді еске түсіру тәрізді тәсіл қолданады», дейді Л.Қойшиева.
Бір қызығы, Жапонияда туберкулезбен ауыратын науқастарға классикалық ем-шаралармен қоса күлкі терапиясы қатар жүрсе, ал Нидерландтағы әрбір ауруханада медицина қызметкерлерімен қатар күлдірушілер де жұмыс істейді екен.
«Күліп жарқырап жүру – расында адамның ұзақ өмір сүруіне көмектеседі. Сонымен бірге есте сақтау қабілетіне де пайдалы, өйткені мидың жұмысына әсері бар. Сосын күйзелісте жүрген адам көп жағдайда көңілді видеоларға қарап, көңілін көтереді. Ол күйзелісте жүрген адамның уайымын ұмыттырады. Бірақ ол орынсыз болмауы керек. Себебі бұл өмір сүруді сондай жеңілдетіп жібереді, тіпті адам өзінің барлық проблемасын ұмытып кетеді. Сөйтіп, бейқамдыққа үйренеді. Адам ақылдан, ойдан қалады. Мысалы, демократиялық елдерде арзан күлкі, ойын-сауық аз болады. Ал авторитарлық елдерде бұл керісінше. Адамдардың проблемасын ұмыттыру үшін ойын-сауық, арзан күлкіге мүмкіндік береді. Ондайға әуес қоғам жұмыс істегісі келмейді. Жұрттың наразылығын басу үшін әлеуметтік қиыншылықты күлкімен көмгісі келеді. Артық күлкі адамды масаңсытады», дейді Лимана Құттыбекқызы.
Хакім Абай «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» дегенімен, төртінші қарасөзінде «әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетінін» айтады. «Күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек» дейді. Демек қатты күлкіге салынып кетпесең де, көңілді жүру де өмірге қажетті нәрсе екенін аңғара-
мыз.