Азық-түлік қауіпсіздігі алаңдатады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес», деді.
Шынтуайтында, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және қосымша құнын арттыру қажеттігі туралы көптен бері айтылып жүргенімен, «баяғы жартас – бір жартас» деп Абай бабамыз айтқандай, бұл салада сең қозғалғандай серпіліс болған жоқ. Мәселен, кеңес заманынан қалған мақтаншылықпен рапорт беру «дәстүрінен» әлі жаңылмаған Ауыл шаруашылығы министрлігі мен астықты облыстар әкімдіктерінің мәлімдеуінше, өткен жылы 21,8 млн тонна дәнді дақылдар жиналып, соның 13,2 млн тоннасы экспортқа шығарылыпты. Біздің ойымызша, былтыр жиналған астық көлемі күмәнді, бірақ шетелге жөнелтілген өнім көлеміне шәк келтіру қиын. Өйткені элеваторлар мен шаруалардың астық қоймаларында жатқан дәнді дақылдардың көлемі нақты қанша екенін бір білсе, облыс әкімдері ғана білетін болар. Ал экспортқа шығарылған астық көлемі туралы мәлімет бірнеше мемлекеттік органның есебінен өтетіндіктен, оған сенуге болатын сыңайлы. Демек шет мемлекеттерге сатылған астық көлемі, статистикалық мәліметте көрсетілгеніндей, өндірілген барлық өнімнің 60,5 пайызынан іс жүзінде әлдеқайда көп болуға тиіс.
Мұның өзі еліміздің егіншілікпен айналысатын көптеген шаруашылық жинаған астығын, соның ішінде аса бағалы азық-түліктік дақыл – бидайды экспортқа шығаруды жөн көретінін, ал оны өңдеуге, һәм жергілікті ұн тарту кәсіпорындарына сатуға мүдделі емесін көрсетеді.
«Мұның себебі неде?» деген сұрағымызға белгілі солтүстікқазақстандық аграрий, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Сергей Звольский: «Диқанның көбі астығын шетелге экспортқа шығарып жүргені рас. Өйткені оларға жергілікті ұн тарту кәсіпорындары ұсынатын баға төмен. Сондықтан әзірге шаруаларға бидайды шет мемлекеттерге сатқан әлдеқайда тиімді», деп тоқетерін айтты.
Қазақстан астық өңдеушілер одағының мәліметіне қарағанда, астық өңдеу саласының жүктемесі бүгінде небәрі 33 пайызды құрап отыр. Соның салдарынан 250 диірмен кәсіпорнының 70-сі ғана жұмыс істеп тұр. Өткен жылы еліміздің астық экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 14 пайызға өскен. Сыртқа шығарылған астықтың жартысына жуығын Өзбекстан сатып алып отыр. Осы көршілес ел 2010 жылдан бастап біздің сапалы бидайды өңдей отырып, шетелге ұн сатуды 71,4 мың тоннадан 949,1 мың тоннаға дейін, яғни 56 есе арттырып, былтыр ұн экспорты бойынша дүниежүзінде 3-ші орынды еншілеген. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2296,8 мың тоннадан 1468,7 мың тоннаға дейін, яғни 36 пайызға кеміген. Бұл теріс үрдістің қашан тоқтайтыны белгісіз. Алайда оның еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескермей болмайды. Мысалы, Ресей Федерациясының Үкіметі өткен жылы наурыздан шілдеге дейін астық экспортына уақытша тыйым салған кезде біздің елдің ұн тарту кәсіпорындарында бидай тапшылығы сезіліп, ішкі нарықты ұнмен қамтамасыз ете алмау қаупі туындағаны мәлім. Себебі бидайдың бағасы тоннасына 120 мың теңгеден 180 мың теңгеге дейін шарықтап шыға келген. Тек Ресейден астық сатып әкелу төрт айдан кейін толық көлемде жалғастырылып, өз елімізде де мол өнім жиналғаннан кейін баға бұрынғы қалпына түскен.
Астық нарығындағы қазіргі жағдайда еліміздің ұн тартушылары мен құс өсірушілері Ресейдің арзан бидайын сатып әкелудің үзілмеуіне аса мүдделі болып отыр. Сондықтан да олар ішкі нарыққа импорттық астықты кіргізуді шектеу шарасын енгізуге наразылық білдіріп жүр. Егер солтүстіктегі көршіміз әлдебір себеппен біздің елге астық экспорттауға тыйым салатын болса, халықты нан өнімдерімен және құс етімен қолжетімді баға бойынша қамтамасыз етуде қиындық туындауы әбден мүмкін. Бұл ретте Қазақстанмен салыстырғанда Ресей астығы неліктен арзан деген сауал туындайды. «Ресейде егін шығымдылығы біздің елдегіге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бізде былтырғы ауа райы қолайлы жылдың өзінде әр гектардан орта есеппен 13,8 центнер өнім алынды. Ал Ресейдің Краснодар өлкесінде бұл көрсеткіш 60-70 центнерге жетті. Біздің бидайдың қымбат, Ресейдікі арзан болуының басты себебі осында», дейді С.Звольский.
Әлемдегі көптеген мемлекет Ресейге Украинадағы «арнаулы әскери операциясы» үшін санкция салуының салдарынан солтүстіктегі көршіміздің астығын сататын нарық тарылып, Қазақстанға заңды-заңсыз экспортталған бидай ағыны толастар емес. Мұның өзі Қазақстандағы бидай бағасы күрт арзандап, қазір тоннасына 75 мың теңгеге дейін құлдырауына әкеліп соқты.Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ресей астығын автомобиль көлігімен әкелуді шектеуі бағаның одан әрі құлдырауын сәл уақыт қана тежегенімен, қазақстандық диқандар күткендей нәтиже берген жоқ. Олардың бір бөлігі қазір өз бизнестерінің болашағына қатты алаңдаулы. Осы орайда Сергей Звольский: «Заманауи технология мен техниканы қолданбайынша, егін шығымдылығын арттырып, өнімнің өзіндік құнын және бағасын төмендету мүмкін емес. Тіпті Канада сияқты ауыл шаруашылығы жақсы дамыған елде де жыл сайын жүздеген фермер банкрот болып жатады. Бірақ канадалықтар мұны қасірет санамайды екен. «Бір жамандықтың бір жақсылығы болады» демекші, банкрот болған шаруалардың орындарын әлеуеті жоғары тауар өндірушілер басады екен. Біздің елде де биыл, негізінен, болашағын ойламай, бүгінгі күнмен ғана өмір сүретін ұсақ фермерлер мемлекет тарапынан қолдау болмаса, банкроттыққа ұшырауы мүмкін. Өйткені ондай фермерлер жақсы өнім алған жылы астық сатудан түскен табысын өз өндірісін одан әрі дамытуға емес, қаладан жайлы пәтер немесе жаңа жеңіл автомобиль сатып алуға және басқа да тұрмыстық мәселелерін шешуге жұмсап жатады. Әрине, тұрғынжай да, көлік те керек, бірақ оның бәрін аяққа нық тұрып алғаннан кейін ғана сатып алу керек», деген пікір білдірді.
Кейбір сарапшылар «Қазақстанға Ресейден бейресми жолдармен экспорталған бидай көлемін ескерсек, импорттың нақты көлемі ресми көрсеткіш – 1,5 млн тоннадан екі еседей көп», деп санайды. Себебі Ресейден елімізге бидайды еш құжатсыз, әрі қосымша құн салығын төлемей заңсыз тасымалдаудың және үшінші елдерге қазақстандық өнім ретінде сатып, қосымша құн салығын республикалық бюджет есебінен қайтарудың тұрақты схемасы жасалған көрінеді. Мәселен, 2019 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Ресейден 450 мың тонна арзан бидай сатып әкеліп, жергілікті элеваторларға сақтауға тапсырған. Іле оны өздері өсірген отандық өнім ретінде Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға экспорттаған. Олардың қосымша құн салығын заңсыз қайтарудан мемлекетке келтірген залалы 660 млн теңгеден астам. Бұл біздің елдің мемлекеттік органдары тарапынан Ресейден әкелінетін астық өнімдерін есепке алу және олардың одан әрі пайдаланылуын бақылау жүйесі жоғын көрсетеді. Осындай белең алған бұзушылықтан сыбайлас жемқорлық иісі де мүңкіп тұрған тәрізді.
Түйіндей айтқанда, Қазақстанның сапалы да мол астығы шет мемлекеттерге шикізат ретінде сатылып, өз еліміздің емес, Өзбекстанның өңдеу өнеркәсібінің өркендеуіне оңтайлы мүмкіндік берді. «Өзбекстан Қазақстаннан әкелінетін ұнға жоғары баж салығын салып, бидайға ондай салық салмай отыр. Осылайша, өзбектер қосымша құны жоғары өнім өндіруге қол жеткізді. Әрине, кез келген мемлекет, оның ішінде біздің ел де осылай істеуге тиіс», дейді С.Звольский.
Қазақстан астық өңдеушілер одағының мәліметіне қарағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі 5 жылдан бері астық өңдеуді қолдау мен дамытудың Жол картасын мүдделі бизнес және қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен бірлесе әзірлеп болмапты. Онда астық өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылмақшы екен. Әзірше мемлекет тарапынан тиісті реттеу болмағандықтан, астық және ұн өндіру сынды «бауырлас» салалардың бастары бірігер емес. Ақылға сыймайтын небір келеңсіз оқиғалар болып жатқан қазіргі алмағайып заманда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ойласақ, аталған салаларды ұштастыра дамыту мәселесін шешуді созбаққа салып, кешеуілдете берудің жөні жоқ.