Баланы неше жастан мектепке беру керек?
Ата-ана бауыр еті баласының дұрыс дамығаны, тұлға ретінде қалыптасып, ұтқыр білім алғаны өте маңызды. Мұндай қасиеттерді бойына сіңіру үшін кейде маңызды шешімдерді дұрыс қабылдауы керек. Осы мәселе төңірегінде "баланы мектепке 6 жасында берген дұрыс па, әлде 7 жастан бастап алған білім сіңімді болады ма?" деген сауал көп адамды толғандырып жүр. Мұның ғылыми тұрғыдағы және тәжірибе жүзіндегі түсіндірмесі бары анық. Ендеше бірге жауап іздеп көрелік.
Ресми мәліметтерді жөн көретін жандар үшін алдымен Оқу-ағарту министрлігі мамандарының пікіріне құлақ түрейік.
– Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары балаларды бірінші сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ білім беру ұйымының қызмет көрсету аумағында тұратын барлық балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, ағымдағы күнтізбелік жылы алты жасқа толған дайындық деңгейіне қарамастан оқуға қабылданады. 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін бала толық 6 жасқа толған болса оны 1-сыныпта оқыту ұсынылады, – дейді министрлік өкілдері.
Ұстаздарға кеңес беруші министрлік 6 жастан бастап балаға ілім үйретуді құп көрсе, психологтар кішкентайдың оған моралдық дайындығын бақылау керек екенін айтады. Мәселен балалар психологы Гүлнұр Базарбайқызы бұған ата-ананың түйсігі көмекке келетінін алға тартады.
– Ата-ана баланың психологиялық, физиологиялық ерекшелігін ескергені жөн. Әр бала тіпті бір үйдің балалары дамуы жағынан әртүрлі болады. Кейбір ата-аналар "үлкен баламды 6 жасынан бергенмін, бірақ еркетайымды 7 жасынан беретін шығармын" деп жатады. Немесе керісінше, үлкенін 6 жасында беріп, кішісі пысықтау болуы мүмкін. Ата-ананың ішкі түйсігі болады, баласын тануы негізінде болады. Сол түйсікке көбірек мән берген дұрыс.
Кей бала 6 жасында дайын болуы мүмкін, кейбірі 7 жасында дайын болады. Ол баланың табиғатына байланысты. Яғни бірі баяу болса, енді бірі пысық, жылдам болады. Кейде ата-ана баласы өзі сияқты деп ойлап жатады. Ең бастысы - баланы "Көршінің баласы 5 жасынан барып, озат болып кетті" деп салыстырмау керек. Әр баланың өзіне сай табиғаты, қабілеті, деңгейі бар. Жұрттың баласы деген түсінік бар ғой. Соған сеніп, баланы мектепке ерте беріп тастаған дұрыс емес. Өз балаңыздың дамуына мән бергеніңіз дұрыс, – деп түсіндірді маман massaget.kz-ке берген сұқбатында.
6 жасында мектепке барған бала қатарынан озық ойлайтынын, оқуға қызығушылығы ерте оянатынын алға тартатындар басымырақ екені белгілі. 6 жасында мектеп табалдырығын аттаған кешегі бала ретінде мұны мен де қолдаймын. Десек те Республикалық "QAZBILIM" орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы бұл сөзімізбен келіспейтін көрінеді.
– Менің берер кеңесім баланы 6,5 жастан аспай, 1-сыныпқа бермеген дұрыс. Адамның миының даму кезеңі болады. Адамның миы толық 12-13 жасқа дейін даму кезеңін бастан кешіреді. Қазір балаңыз қағылез, бәрін алып кететін секілді көрінеді. Бірақ мидың көтеру салмағы бала үлкейе келе белгілі болады. Қазір алып кеткен балаңыз үлкейе келе шаршағанын сезесіз. Мидың даму кезеңдері болады, бұл даму кезеңдерінде қатты салмақты салу – қателік.
Мысалы, биология 6-сыныптан, физика 7-сыныптан, химия 8-сыныптан деген секілді. Яғни адамның әр жасындағы қабылдау мүмкіндігіне қарай зерттеп енгізілген педагогикалық шешімдер. Ал баланы ерте мектепке бергенде, осы зерттеулердің бәріне қайшы шешім шығарасыз. Тіпті қазір 5 жастан жаңа асқан баланы мектепке бере салатындар көп. Неге десе, кейбірі балам алғыр дейді, кейбірі баламды қарайтын адам жоқ дейді. Екеуі де – балаға жаны ашымағандық. Ол баланың тікелей болашағына қатысты. Бала ештеңеден кешікпейді, ойнап, балалығын толық қандырып, мектепке барсын. Бөпе кезінен балалығынан айырмаңыз, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Қоғам болғасын жан-жақты пікір болары анық. Бірақ ғылым тәжірибеге сүйеніп жасалғанын ескерсек, саланың тіс қаққан мамандарының ақыл-кеңесіне құлақ түрген жұрыс секілді. Әрі-беріден кейін балаңыздың білдім алуға дайын, мектепке барғысы келген ынтасын өзіңізден артық ешкім білмейді. Сондықтан бала болашағы үшін джұрыс шешім қабылдау өзіңіздің еншіңізде.
Дайындаған Р.ҚАЙРАТҰЛЫ