Қырымбек Көшербаев пен Бердібек Сапарбаев ортақ мәселе көтерді
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекеттік рәміздерді жасайтын серіктестіктердің жауапкершілігін арттыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Өңір әкімдері өз ұсыныстарын Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен Мемлекеттік рәміздер мен ведомствоаралық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында білдірді. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірде Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру, жас ұрпақтың санасына сіңіру - ең басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Әкімнің айтуынша, Сыр өңірінде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Тарқатып айтқанда, 2016 жылы Қызылордада биіктігі 60 метрлік ту тұғыры бар. Жалпы, 3 гектарды құрайтын Мемлекеттік рәміздер аллеясы пайдалануға берілген. Облыс әкімдігінің жанындағы арнайы комиссияның шешімімен ендігі кезекті барлық аудан орталықтары мен 46 тірек елдімекендерінде дәл осындай аллеялар пайда болады. Оның айтуынша, Қызыорда облысындағы барлық мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында Мемлекеттік рәміздер талапқа сай орнатылған. Десе де, Қырымбек Көшербаев бір мәселеге байланысты өз ойын білдірді. «Дегенмен проблема да жоқ емес. Мемлекеттік рәміздерді дайындайтын лицензиясы мен сертификаттары бар жеке серіктестік мекемелер Мемлекеттік рәміздер туралы Қазақстан Республикасының конституциялық заңын сәйкес келмейтін Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға беруде. Бұл жағдайлар Қарағанды қаласында орналасқан «Ақ бастау КЗ» ЖШС және Астана қаласында орналасқан «Зум» жарнама агенттігі» ЖШС-да кездесті. Бұл жөнінде техникалық реттеу және метрология комитетіне тиісті ұсыныс берілді», - деді Қырымбек Көшербаев. Қызылорда облысы әкімінен кейін баяндама жасаған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев да әріптесінің ұсынысын қолдайтынын білдірді. «Қырымбек Елеуұлы жаңа ғана айтып кетті. Мен сол ұсынысты қолдайын деп едім. Құрметті комиссия мүшелері өздеріңіз жақсы білесіздер, Туды, Елтаңбаны қазіргі таңда дайындайтын мекемелер көп. Олардың әрқайсысы әртүрлі дайындайды. Тапсырыс беруші бізбіз, дайындайтын олар. Бірақ оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Сондықтан, біздің ұсынысымыз - біріншіден олардың да жауапкершілігін арттыру керек. Екіншіден, олардан дайындап жатқан Мемлекеттік рәміздер мемлекеттік стандарттарға сәйкес болу керектігін сұрау керек. Егер олардың лицензия болатын болса, олар сондағы көрсетілген талаптарды толығымен орындауы тиіс. Сол кезде ешқандай кемшіліктер болмайды деп ойлаймыз», - деді Бердібек Сапарбаев.
inform.kz