Несие алғанда неге мән беру керек?
Қаржылық сауаттылық. Бұл – айлықты айлыққа жалғап жүрген қазақстандықтардың жетесіне жете бермейтін тақырып. Дәл қазіргі сәтте мұны халық санасына құюға ниетті қаржы ұйымдары да жоқ. Тек бірқатар журналистер ара-тұра қалам тербеп тұратыны болмаса, алған несиені еселеп қайтарып, уақытынан бұрын құтылғандар қосымша комиссия төлеп жатқаны ешкімді алаңдатып отырған жоқ. Керісінше, несиеге сұраныс берген адамның джек-пот ұтқандағыдай қуанышы банктердің «тонау» деп аталатын астыртын саясатын ойдағыдай жүзеге асыруға септесіп отыр. Қазақстанда мемлекеттік бағдарламаның демеуінсіз ойға қонымды үстемемен несие беріп отырған қаржы ұйымы жоқ. Десек те, бұқара салыстырмалы түрде болса да тиімді банктердің атауын біле жүргені жөн.
Бұл үшін Қазақстанда танымал әрі жұрт қызметіне жиі жүгінетін он банктың несиелік мөлшерлемесін қаперге алдық. Баршаға түсінікті болу үшін 300 мың теңге несиені 12 айға алып жатырмыз деп ойлайық.
Біреу айтса сенбеуіңіз мүмкін, бірақ елдегі ең ұтымды банк көшін «Fortebank» бастайды. Банк тұтынушыларына үш миллион теңгеге дейін қарыз бере алады. Несие мерзімінің максималды ұзақтығы 60 ай. Несие бойынша базалық мөлшерлеме – жылдық 10,99%, ал тиімді мөлшерлеме – жылдық 25,50%-ті құрайды. Несие беру үшін бастапқы несие сомасынан 5 проценттік комиссия алатынын да естен шығаруға болмайды. Сақтандыру полисін алудың қажеті жоқ. Банк бағдарламасының жалғыз кемшілігі ретінде несиені мерзімінен бұрын өтеу үшін жалпы қарыздың 1 процентін төлеу керек болады. Егер біз банктен 300 мың теңге несие алсақ, оның үстіне 36 156 теңге ғана қосып төлейсіз.
Бұдан кейінгі тиімділік «Altyn Bank» байқалады. Неге десеңіз, мұнда несие беру үшін комиссия алынбайды. Сіздің табысыңыз бен кредиттік тарихыңызға қарай, 9 мыңнан 3 миллион теңгеге дейінгі несие лимиті бекітілген. Төлем қабілетіңізден күмәндансаңыз, келісімшартты бес жыл уақытқа жасауға болады. Қарызды мерзімінен бұрын өтегені үшін өсімпұл тіркелген күннен бастап алғашқы үш айға ғана алынады. Әлгі 300 мыңды осы банктен алар болсаңыз, несиені 339 600 теңге етіп қайтарасыз.
Үздік үштікті «Центр Кредит Банкі» құрайды. Бұл мекеме өз клиенттеріне көлемді несие ұсына алады. Мысалы, қолма-қол ақшаны 36 айға дейін береді. Несие беру мерзіміне байланысты сыйақы мөлшерлемесі жылдық 23-тен 25,0%-ке дейін. Бұл да қарыз бергені үшін 5% комиссия алады. Жақсы жері – қарызды мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұлдар қарастырылмаған. Ал біз мысалға алған несиенің үстеме құны жылына 43 200 теңгені құрайды.
Қарапайым тұрғындар үшін ұтымды банктер тізімін «Казкомерцбанк» жалғастырады. Бұдан кейінгі тиімдірек «Capital Bank» пен «Сбербанк» бөлімшелері Қазалы ауданына келе қойған жоқ. Сараптама үшін тізімге алған банктердің 7-8 орындарына «Хоум кредит» пен «Еуразийский банк» жайғасқан. Ең қызығы қазалылықтардың басым бөлігін несиемен қамтамасыз етіп отырған «Halyk bank» тізімнің соңында, 9-шы орынға орналасты. Мұны былай түсіндірейік.
Қаржы ұйымы біршама ұстамды несие саясатын жүргізеді және өзінің әлеуетті клиенттеріне өте талапшыл. Кепілсіз несиені «Халық банкінде» ашылған жалақы немесе зейнетақы картасының иесі ғана бере алады. Ең төменгі шек – 150 мың теңге, ал ең жоғарғы сомма – 4 миллион теңгені құрайды. Жылдың базалық мөлшерлемесі – 20, ал тиімді мөлшерлеме жылына 27,8 процентті көрсетеді. Клиенттің шотына қаражатты аудару үшін берілген несиенің 1%-ін, ал несие бергені үшін 7% комиссия алады. Егер банктен 300 мың теңге несие алсаңыз, оған 91 020 теңге қосып қайтаруыңыз керек болады. «Халықтың» банкі бұлай жасамаса керек еді.
Шыны керек, «Kaspi bank» клиенттерін жылдам әрі ыңғайлы бағдарламасымен баурап алды. Қазақстандық банк жүйесіне «онлайн» терминін енгізген де сол. Дегенмен несие алушыларға тиімді банктер ондығынан соңғы орынға жайғасып отыр. Бұл банкте сақтандырусыз несиені 1 миллион теңгеге дейін алуға болады. Несие екі жыл ішінде өтелуі керек. Пайыздық мөлшерлеме әрбір қарыз алушы үшін жеке белгіленеді. Несие мерзімі неғұрлым қысқа болса, соғұрлым төмен пайыздық мөлшерлеме белгіленеді. Біздің жағдайда 12 айға 300 мың көлеміндегі несие жылына 23,99 процентпен беруге дайын. Сондай-ақ 2,19% комиссия бар. Несие бойынша 126 мың теңгені артық төлейміз.
P/S: Негізінен қаржылық сауаттылықтың әліппесі оны үнемдеу және артылған ақшаны жинаумен түсіндіріледі. Алайда мұндай «салтқа» бағынатын көпшілік кемде-кем. Өйткені керек кезде көмек беретін кредит бар. Бұл әдеттен арылу бүгінгі буынға қиын соғатыны түсінікті. Бірақ мектеп бағдарламасына қаржы сауаттылығын үйрететін пән міндеттемейінше, екінші деңгейлі банктерге жем болған күйіміз осы.Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ