Майдакөлдегі мардымды іс
Жуырда Майдакөл ауылдық округі әкімі Қонысбек Құрманбаевқа жолығып, ауылдың тыныс-тіршілігі мен ағымдағы жылдағы атқарылған келелі істері жайында біліскен едік.
Қарға тамырлы қазақтың әрбірінің түптамыры ауылмен сабақтасады. Туған топырақтың бірсүйем жерінің ауыл азаматына ыстық болатыны да сондықтан. Пейілі кең, көңілі дархан, қойнауы құтқа толы, береке-базары үзілмеген Бекарыстан би ауылының тарихы әріден басталады.
Қазалы ауданындағы ең алғаш құрылған ауыл. Қанатының астынан Үрмәш Түктібаев, Майдакөл, Ажар, Жаңақұрылыс, сияқты іргелі ауылдырдың еншісін беріп, бөлек шығарған қасиетті қарашаңырақ. Көзкөргендер Бекарыстан би ауылын қарашаңырақ деп айтатыны да сондықтан.
– Өткенге көз салсақ, Қазалы ауданы, Майдакөл ауылдық округі 1924 жылдардан бастау алады. 1924-1931 жылдары Сырдария өзенінің сол жағалауындағы (күн-батыс беті)орналасқан «Ақжона» жерінің маңынан алты шаруашылық серіктестіктері (Шәуілдір, Қараарық, Ақжона, Палуан, Үлгі бол, Жаңа еңбек, оның ішінде Ақжона қазіргі Бекарыстан би ауылы) құрылып, 1931-1934 жылдары олар үш шаруашылық (Октябрь, Қараарық, Жаңатұрмыс) артеліне ал, 1935 жылдан бастап екі колхозға (Октябрь, Жаңатұрмыс) біріктірілген. 1941 жылы «Октябрь» колхозы 100-130 отбасынан құрылған елді мекен болды.
1948-1962 жылдары «Октябрь» колхозы, 1962 жылы Карл Маркс атындағы күріш совхозы болған ауыл 1994 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен «Бекарыстан би» ауылы болып қайта құрылды.
Елге еңбегі сіңген Мәлік Абдрахман, Лиза Жаңабергенова, Ұзақ Оралбаев, Дәуірхан Айдаров «Еңбек Қызыл Ту», Елеу Көшербаев «Ленин», Жетес Ешниязов «Халықтар Достығы» Қуанышбай Жанкеев, Сақыбай Нармағамбетов, Жібекәлі Байзақ, Дәуірхан Айдаров «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Сонымен бірге Болат Сәдуов пен Құралай Бекжанова «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапатталған.
Майдакөл ауылдық округі аудан орталығынан 57 шақырым қашықтықта орналасқан. Құрамына Бекарыстан би елді мекені кіреді. 456 отбасында 2855 адам тұрады.
2020 жыл Бекарыстан би ауылы үшін табысты жыл болды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде Бекарыстан би ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 1 миллиардқа жуық қаржы бөлініп, инженерлік-инфрақұрылым жүйесі жаңғыртылды.
Тұрғын үйлер мен 6 мекемеге сервистік су желісі тартылып, 10 көше асфальтталды. Мектептің шатыры жаңадан ауыстырылды. Жаяу жүргіншілер жолы төселіп, 10 көшеге түнгі жарықшамдар орнатылды. Электр желісі жаңғыртылды. Ауылымыздағы жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтылды, – дейді ауыл әкімі Қонысбек Кітабияұлы.
Бұрын жол жүру мен ауыз су тасу үлкен мәселе болатын. Ал қазіргі уақыттағы атқарылған жұмыстардың нәтижесі бірқатар қиындықтарды ұмыттырғандай болды.Ауылымыздың кешегісі мен бүгінгісі бірқатар өзгерістер мен жаңаруларға толы десем, қателеспеген болар едім.
Жоба шеңберінде ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру үшін бірқатар міндеттер шешімін тапты.
Әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту. Аз қамтамасыз етілген 3 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленді. Округ бойынша 10 адам тұрақты жұмысқа, 43 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 15 адам жастар тәжірибесіне, 2 адам «Күміс жас» жобасы бойынша, 2 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен, 7 адам әлеуметтік жұмысқа, 11 адам маусымдық жұмысқа жіберілді.
Білім ордасы №24 мектепте 488 оқушы білім алуда. 2021-2022 оқу жылында 11 сыныпты 31 оқушы бітірді. 2 оқушы «Алтын белгі» иеленді. 31 оқушының 26-сы ҰБТ-ге қатысты. Көкейге қуаныш сыйлайтыны, мектеп бітірген барлық оқушы жоғары және арнаулы оқу орнының студенті атанды.
2021 жылы білім саласында үлкен жоба жүзеге асты. «Туған жерге тағзым» жобасы аясында ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Б.Сансызбаевтың демеушілігімен 100 орынға арналған «Емжай»жеке балабақшасы салынып, пайдалануға берілді.Бұл ауылда тұратын қанша адамның игі арманы, балалардың мерейі еді.
Халыққа мәдени - рухани демалыс сыйлайтын 200 орынға арналған Бекарыстан би ауылдық мәдениет Үйі қазақтың күйшілік, жыршылық дәстүрі мен ән өнерін насихаттауға жұмыс жасап келеді. Өзге де азаматтардың демеушілігімен құны 2 миллион теңге болатын LED экран, сахна кілемі сатып алынды.
Жыл көлемінде ұлттық спорт түрлерінен, волейбол, футбол, киберспорт түрлерінен жарыстар өткізілді.
Ауыз толтырып айтарымыз 2021-2022 жылғы Қазалы аудандық «Llf» әуесқой футбол лигасында ауыл жастарынан құралған «Бекарыстан би» шағын футбол құрамасы 14 команда бақ сынаған додада 2 орында аяқтады. Бұл жеңіс басқа да жастарға үлгі болсын деп орталық көшеге «Ауыл мақтаныштары» айдарымен билборд орналастырдық. Алдағы уақытта басқа да салаларда толағай табыстарға жеткен азаматтарымызды осылай құрметтейтін боламыз.
Тұрғындардың «Спорт кешенінің құрылысын салынса» деген тілегі бар. Алғы-шарты жасалды. Жоба-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Қаржыландырылуы күтілуде.
Бекарыстан би ауылында шағын және орта кәсіпкерлік жылдан-жылға дамып келеді. 140 шағын және орта жеке кәсіпкерлік субьектісі тіркелген, оның ішінде 10 заңды тұлға, 24 шаруа қожалық, 106 жеке кәсіпкер. Ауылда тойхана бизнесі де жанданды. 2020 жылы пайдалануға берілген «Тілеулес» тойханасы Қазалы және Арал ауданының тұрғындарына үздіксіз қызмет етуде. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлер қоғамдық монша және кілем, көлік жуу орталығының құрылысын салуда. Бұл нысандар да көп ұзамай халық игілігіне беріледі.
2022 жылдың 11 айында мемлекеттік бағдарламалар арқылы құны 82,7 миллион теңге болатын 34 жоба қаржыландырылды. Нақтырақ айтсақ, «Бизнестің жол картасы-2025» арқылы 2 адам 9,5 миллион теңге, аграрлық Несие Корпорациясы арқылы 1 адам, 3,2 миллион теңге болса, «Атамекен» арқылы 1 адам 2,6 миллион теңге. Тағы «Сырдария-1» ЖШС арқылы 3 адам, 34,3 миллион теңге және мемлекеттік қайтарымсыз грант 27 адам, 33,1 млн. теңге.
Ауылда мал шаруашылығының әлеуеті зор. Төрт түлік мал біраз иігіліктің бастауы болып отыр. Бүгінгі күнге шаруашылық пен жеке тұрғындардың иелігінде МІҚ – 2961 бас, жылқы – 3051 бас, түйе – 48 бас, қой мен ешкі – 5977 бас тіркелген. Мемлекет қолдауымен берілген несие мен гранттардың есебінен мал басында жылдан-жылға өсім бар.
Егін шаруашылығында «РЗА Агро» ЖШС-гі 500 гектар жерге күріш, 150 гектар жерге жаңа жоңышқа екті. 100 гектар көне жоңышқа күтімге алынған. Ауыл тұрғындары 10 гектар жерге бақша дақылдарын екті. Алынған өнімдер нарықтан төмен бағамен тұрғындарға ұсынылып келеді.
«Ауылым – алтын бесігім» деп, туған еліне қолдан келгенше көмек бергісі келетін азаматтар бар. Жеке балабақша құрылысын салу, мектеп бітіргендеріне 30 жыл толған азаматтардың балалар жылына орай балаларға спорттық жаттығу алаңын сыйға тартуы, жасыл белдеулер жасап тал егу тағы басқа іргелі жұмыстар ауылдан шыққан азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншілігі деп білеміз.
– Ауылда байланыс желісі жақсы жолға қойылған. «Актив», «Билайн» ұялы байланыс желілері 4G жылдамдықпен қамтылған.
Қазіргі таңда «Радиокөпір» сымсыз интернет желісі 60 үйге орнатылды. Тұрғындардың өтініміне сәйкес орнатылуда.
Автомобиль жолдарының жағдайы да жақсы. Экономиканың басты күре тамыры – жолдар. Тақтайдай тегіс жолдардың арқасында адамдар діттеген жеріне тез жетсе, тұрғындар жүк тасымалын да реттей алып жатыр. Бір сөзбен айтар болсақ, жол инфрақұрылымы арқылы экономиканың көптеген салалары дами түсетіні ақиқат.
Биылғы жылы Бекарыстан би-Жаңақұрылыс, Бекарыстан би-Майдакөл бағыттарындағы аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Көркейту-көгалдандыру және абаттандыру, санитарлық тазалық. Ауылдық округте санитарлық тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 24 дана қоқыс жәшігіне жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орынға шығарылуда. Ағымдағы жылы 3 дана қоқыс жәшігі жаңадан алынды.
Округ көлеміндегі 15,7 га жерге егілген көлеңкелі ағаш күтімге алынған. Аяқ су арықтары тазартылды. Жаңадан 0,3 га жерге жасыл белдеу орналастырылды. Сонымен қатар «Диін» бағына жеміс ағаштары отырғызылды, – Қонысбек Құрманбаев.