Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділхан Әбілов: Еңбексүйгіш елдің ертеңі жарқын

Әділхан Әбілов: Еңбексүйгіш елдің ертеңі жарқын

Еңбекке жарамды, қолынан іс келетін жұрт ел дамуының драйвері екені даусыз. Үкімет жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында барын салып, баянды бағдарламаларды іске қосқанымен жұмыссыздықты түпкілікті жеңу мүмкін болмай отыр. Бірақ жыл сайын жұмыспен қамту орталықтары арқылы қоғамның әлсіз топтарының әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асып жатқанын елемеуге болмас. Бұдан бөлек екі қолға бір күрек таппағандарға кәсіптің қыр-сырын меңгертіп, қайтарымсыз қаржы беру арқылы күрмеуді шешуге талпыныс бар. Бас қаладан бастау алатын осы тақырыпқа қатысты ақылды амал, тынымды тірліктің аудандағы аяқалысы жайында жақында жергілікті жұмыспен қамту орталығының басшысы Әділхан Әбіловпен әңгімелестік.
– Әділхан Базарбайұлы, ауданда жұмыссыздық деңгейі 5 проценттің айналасында екенін білеміз. Жыл сайын жұмыс сұрап келетін жерлестер саны қанша?
– Жалпылама айтқандағы жұмыссыздық деңгейін дұрыс айтып отырсыз. Дегенмен ресми дерек бойынша 6,3 процентті құрайды. Бұл цифрды еңсеруге тікелей әсер етуші факторлар аз емес. Мәселен, бір жылда оқу бітіріп келген азаматтар саны күрт артуы мүмкін. Сол сияқты кәсіпкерлік нысандар жабылып немесе мекемелерде қысқарту болуы жұмыстың екпінін басады. Алайда жыл сайын жаңа мемлекеттік бағдарламалар іске қосылып, сол арқылы лайықты нәтиже көрсетіп келеміз. Бұған сәл кейінірек тоқталып, негізгі сұрақ жайына тоқталайын.
Жаңа жылдан бері соңғы алты айлықта аудан бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде 2961 адам келді. Оның жартысынан көбін, нақтырақ айтсақ 1551-іне біліміне байланысты қызмет тауып бердік. 1374 адамға тұрақты тіршілік бұйырды. Дәл осы сәтте 2 мыңнан астам азамат жұмыссыздар есебінде тіркелген.
– Ауданда жастар мен орта жастағы жұмыссыздар арасында қатты алшақтық жоқ секілді. Дегенмен жастарға басымдық беру мемлекет саясатының бір бағыты екені анық. Бұл жайында не айтасыз?
– Әрине, елдің келешек тұтқасын ұстар өскелең ұрпақты қоғамнан тысқары қалдыруға болмайды. Оларды қызу тіршілікке араластыруға бағытталған жобалардың көпшілігі жас мамандардың мерейіне жұмыс істейді. Ауданда жастар қатары қалың. Соған сай жарты жыл ішінде мыңға жуық азамат жұмыс іздеп келді. Қазірге дейін 512 адамның өтінішін қанағаттандырдық. Талдап айтар болсақ, әлгінде ғана олардың мүддесіне тікелей бағытталған жастар практикасымен 142 жас жұмысқа жарады. Сол сияқты әлеуметтік жұмыс орнына 8, ақылы қоғамдық жұмысқа 297 азамат орналасты. Бұдан бөлек мамандығына сәйкес ваканция табылмай, кәсіпкерлік саласында өздерін сынауға бекінген 7 жасқа мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. Олар бүгінде ойға алған ісіне кірісіп те кетті. Бұл бағыттағы жұмыстарды жыл соңына дейін одан әрі жандандыра түсетініміз анық.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары жыл басынан бері 6 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесін өткізген. Мұндай акция жылда ұйымдастырылатынынан хабардар боларсыз. Шілде айына дейін жәрмеңкеге 13 жұмыс беруші 46 бос жұмыс орындарын ұсынды. Оған 95 жұмыссыз қатысып, 46 азаматқа тұрақты, 19-ына ақылы қоғамдық жұмыс бұйырды. Тағы 30 адам мамандардан өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
– Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, ауданда кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандар ашылмай тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мүмкін емес. Бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен бұрын сотты болғандардың да тіршілік істеуге таласы бар. Бұл қалай реттеледі?
– Жаңа жұмыс орындарын ашуға жыл сайын күш салатынымызды білесіз. Бұл аудандағы басқа да бөлімдердің бірлесе атсалысатын ісі. Мәселен, биыл 2956 жаңа жұмыс орнын ашуды ойладық. 1 шілдедегі есеп бойынша 1999 жұмыс орны ашылды. Бұл жоспардың 70 процентіне жуықтайды. Жұмыссыз азаматтарға ауыл, орман және балық шаруашылығы саласына – 26, көтерме және бөлшек саудамен айналысуға – 389, экономикалық қызметтің басқа түрлері бойынша – 200 орын ұсынылды. Жыл аяғына дейін жоспарды артығымен орындауды көздеп отырмыз.
Шынында, мүмкіндігі шектеулі жандарға өмір сүруге қолайлы орта қалыптастырып, қоғамдық өмірге белсене араластыру адамдық һәм саяси міндет деп білемін. Қаңтар мен шілде аралығында 47 мүгедек жанды тұрақты жұмыспен қамтыдық. Бұдан бөлек жастар практикасы мен әлеуметтік жұмыс орнына 6, ақылы қоғамдық жұмысқа 42 ерекше тағдырлы азаматтар жіберілді. Кәсіби дипломы жоқ 9 адамды кәсіпкерлік бағытта оқытып, мемлекеттік грант жеңіп алуға жағдай жасадық. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту орталығына жазасын өтеп келгендер мен пробация қызметінің есебінде тұрған 6 тұрғын хабарласып, 4-нің өтініші қанағаттандырылды. Тағы бір азаматты қоғамдық жұмысқа тарттық.
– 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба іске қосылғалы аз уақыт өткен жоқ. Оның бағыттары мен артықшылықтары жайында не айтасыз?
– Үлкен жоба жайында қысқаша түсіндіріп өтейін. Бағдарламаның бірінші бағыты азаматтарды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуді көздейді. Бұған 100 адамды 6 айға дейінгі мерзімге оқытуға облыстық бюджеттен 31639,0 мың теңге қаржы қаралып отыр. Екіншіден, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алуға 381 адамға 1225200 теңгеден қаржы қаралды. Бүгін 21 адам мемлекеттік грант алып, кәсіптерін ашты. Алайда 2022 жылға «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізде оқытудың әлі жоспары жасалған жоқ. Бәрінен ауқымдысы – бағдарламаның үшінші бағыты. Мұнда халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға ден қойылған.
Жастар тәжірибесімен жұмысқа жіберу ­жайын білмейтін адам кемде кем. Биыл 119 адам республикалық, 42 азамат облыстық, 100 адам ҚР Ұлттық қор қаржысы негізінде жұмыспен қамтылады. Сол сияқты осы күнге дейін ақылы қоғамдық жұмысқа 1073 тұрғынды қабылдаймыз.
Бұлардан басқа қызықты әрі тиімді жобалар жұмыс істеп тұр. Мәселен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы бұрын еш жерде жұмыс істемеген жастарды ел дамуына үлес қосуға шақырып келеміз. 1,5 жылдан кейін барған мекеме оны тұрақты жұмысқа қабылдауға міндеттелген. Жыл соңына дейін отыз адам мамандығы бойынша қызметіне кіріседі.
Ал «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы білікті кадр тапшылығының алдын алуға бағытталған. Зейнетке шыққалы отырған қызметкердің жанына жас маман жіберіп, 6 ай көлемінде тәжірибесін толыстырады. Сәйкесінше, негізгі маман зейнетке шыққаннан кейін оған жүктелген іс іркілмейді, жас маман жұмысты болады. Бұған бес адамның қаржысы облыстық бюджеттен қаралған.
Сонымен бірге "Күміс жас" бағдарламасы арқылы 25 адамның жалақысына ҚР Ұлттық қорынан 34028,0 мың теңге қаралса, бүгінгі күні 3 адам жобаға жіберілді. Сол арқылы жұмысқа орналасқан маманның екі жылдық жалақысы Ұлттық қордан төленіп, қалған бір жыл жұмыс беруші мекемеге жүктеледі. Зейнет жасына жеткен азамат осылайша қарттық өмірін өзі қамтамасыз етеді.
– Кейде жастардың жұмыс таңдағыштығы туралы қоғамды қызу әңгіме жүреді. Бұл қаншалықты рас?
– Халықпен тікелей жұмыс істеп отырғасын түрлі адамдармен тілдесеміз. Дегенмен олардың ешбірі еріккеннен келмейтінін, тұрмыс қысқанын байқау қиын емес. Бірақ солай бола тұра кабинетте отырып істейтін жұмыстан басқасына өзін бейім көрмейтіндер көп. Мәселен қазірдің өзінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 29 жасқа дейінгі жастарға арналып жарияланған бос жұмыс орындарына ниет білдірушілер таппай отырмыз.
Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің №9 «Балауса» бөбекжай-балабақшасына мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, Бозкөл ауылдық округі әкімдігіне картограф, «РЗА-Асыл түлік» серіктестігіне тракторшы, іс жүргізуші, бухгалтер, автомеханик, ветеринарлық санитар, инженер- механизатор мамандары керек. Сондай-ақ «Азиза Дента» стоматологиялық кабинетіне мейірбике ісі, «Қазалы –Энергомера» серіктестігіне электромонтер таппай отырмыз. Айта кету керек, аталған бос орындарға бұрын ешқандай жерде жұмыс істемеген мамандар қабылданады.
– Ашық ақпарат, нақты жауабыңыз үшін ризашылық білдіремін!

Әңгімелескен
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
23 шілде 2022 ж. 802 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930