Құрбандық шалу рәсімі оффлайн және онлайн форматта жүзеге асады
Kyzylorda-news.kz. Биыл құрбан айт мерекесі 9-11 шілде аралығында атап өтіледі. Осы ретте облыстағы аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж отбасыларға тегін құрбан етін үлестіру мақсатында арнайы тізім жасақталды. Құрбандық шалу рәсімі оффлайн және онлайн форматта жүзеге асады.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова мәлімдеді.
«Барша мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт мерекесі қарсаңында жергілікті атқарушы органдар тарапынан дайындықтар басталды. Бұл бағытта облыс әкімінің орынбасарымен іс-шаралар жоспары бекітілді. Биыл құрбан шалу рәсімі оффлайн және онлайн форматта өтеді. Онлайн форматта жүргізу үшін ҚМДБ-ның qurban2022.kz сайты іске қосылды. Осы арқылы құрбандық шалу малына тапсырыс беру және мұқтаж жандар құрбандық етін алу үшін осы сайтқа өтініш бере алады. Айт күндері мал бағасын шарықтатпауға және азық-түлік бағасын көтермеуге тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді», – деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Жомартқызы.