Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар тілегі тыңдалды

Тұрғындар тілегі тыңдалды

Кеше «AMANAT» партия­сы Қызылорда облыстық филиалының мобильді тобы Бекарыстан би ауылына барды. Көшпелі қабылдау тобының өкілдері тұрғындардың мәселесін тыңдап, әлеуметтік-қоғамдық және өзге де түйіткілді талқылады.
Қоғамдық қабылдауға Бек­арыстан би елді мекеніне көршілес Майдакөл мен Ү.Түктібаев ауылдарының тұрғындары келіп, ұсыныс-пікірлерін айтты. Әдеттегідей қойын дәптер мен қаламды серік етіп біз де сол жерден табылдық.
Бекарыстан биде жол жайы, су келетін каналдардың тазаланбағаны, жайылымдық жерлерді суару, жастарға арналған спорт кешенінің жоқтығы ауыл тұрғындарының көкейінде көптен жүрген мәселе.
Жиында сөз алған аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы келген тұрғындарға аталған ұйымның жұмысынан хабар берді.
– «АMANAT» партиясының жұмысын жандандыру бағытында жан-жақты ұйымдастыру жұмыстары жасалуда. Мемлекет басшысының азаматтарды мобильді қабылдау өткізу туралы тапсырмасына орай ел өңірлерінде мобильді топ қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырып, жұмыс­тарын бастап кетті. Бүгінгі қоғамдық қабылдау Бекарыстан би ауылында ұйымдастырылуда. Сонымен қатар көршілес Майдакөл, Ү.Түктібаев тұрғындары бүгінгі жиынға қатысып отыр. Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарының бірі де, бірегейі осы шалғай елді мекендерге мобильді топтар барып, халықпен етене байланысу. Олардың мұң-мұқтажын тыңдап, мүмкіндігінше жергілікті жұртшылықтың көтерген мәселелерін шешу бағытында жұмыс жасау, – деді аудан басшысы.
Қоғамдық қабылдау екі сағатқа созылды. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев және облыстық, аудандық мәслихат депутаттарымен бірге жергілікті жұртшылықтың сауалдарына құлақ түрді. Жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы осы жерде ­баяндалды. Сондай-ақ халық уәжіне құлақ түруге аймақтан келген басшылар округ азаматтары мен азаматшаларын жеке-жеке қабылдап, түйіні тарқатылмай жүрген түйткілдерін тыңдады. Сол тұста ауыл тұрғыны, кәсіпкер Анаркүл Есіркепова мына бір мәселеге тоқталды.
– Елді мекенде салынғанына 48 жыл болған мектеп бар. Оның 2017 жылы терезелері өзгеріп, 2020 жылы шатыры ауысты. Осы білім ошағы күрделі жөндеуден өтсе екен. Бұл бірінші мәселе. Екінші – аталған мектептің балаларға таратылатын ыстық тамақты кенттегі кәсіпкерлер тендерден ұтып алған. Кәсіппен айналысып келе жатқаныма біраз болды. 2012 жылдан бері тендерге қатыссам да, неге екенін қайдам, әлі күнге дейін біз мұны жеңіп ала алмай келеміз. Сұрасақ, еңбек өтілі қажет екенін айтады. Егер бұған дейін ұта алмасақ, бізде қандай еңбек өтілі болады? Сосын олар нанның өзін жексенбі күні әкеліп тастап кетеді. Мұндағы жұмысын қадағаламайды.
Айтпағым, мұны жергілікті кәсіпкерлердің иелігіне берулеріңізді сұраймын. Тым құрығанда өз ауылымызды өзіміз қамтамасыз етейік. Бұл біздің қолымыздан келеді. Сондай-ақ бізге ет өткізетін орын қажет, – деді ол.
Шарада көрші Ү.Түктібаев халқы да ел ішіндегі электр бағаналары мен желілерін жөндеу, спорт кешені мен балабақшаның бой көтеруі қажет екенін қаперге салды.
Ауылдағы ағайынның талап-тілектеріне құлақ түрген топ өкілдері сауалдарға жеке-жеке тоқталып, жауап берді.
Нәтижесінде Бекарыстан би мен Ү.Түктібаев ауылында спорт кешені бой көтеретін күн алыс емес. Сондай-ақ жуырда батыр есімімен аталатын ауылдың үш көшесіне асфальт төселетін болады. Мектеп оқушыларына таратылатын ыстық тамақтың да жайы шешімін табатын болады. Ал өзге де мәселелерге аудан басшысы алдағы уақытта қажетті жұмыстар жасалатынын жеткізді.
Міне, ауылдағы ағайынға керек көмек. Бұл тек екі ауылдағы мәселе. Одан өзге түйіні тарқатылмай тұрған түйткілі бар елді мекендер жетіп артылады. Сәтін салса, шалғайдағы көпшіліктің тілектері орындалатынына сенім білдіріп, аудан орталығына кері қайттық.

А.БАҚЫТҰЛЫ
29 наурыз 2022 ж. 216 0

Келелі кездесу

11 мамыр 2024 ж. 40

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031