Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кімнің несиесі кешіріледі?

Кімнің несиесі кешіріледі?

Жуырда депутаттар жеке тұлға банкроттығы туралы заң қабылдауды ұсынды. Мақсат – банкке қарызын төлей алмай, күнін әрең көріп жүрген қазақты жалғыз баспанасынан айырмау. Бұл бастамаға Алматыда бес бірдей адамның қазасымен аяқталған қайғылы оқиғада себеп болды. Жалпы азаматтардың банкроттығы деген не? Заң қабылданса, қазақстандықтардың өмірі қалай өзгереді? Бүгін осы бір түйткіл турасында ізденіп көрелік.
Ең төменгі күнкөріс мөлшері, яғни 36 мың теңгеден артық 5 жылға дейін қаржы ұйымдарынан қарыз берілмейді. Өйткені олар 3 жылға дейін себепсіз елден шығарылмайды. Тек емделуге, туыстарын емдетуге және ертіп жүруге немесе шетелге жерлеуге қатысуға рұқсат берілген. Сондай-ақ борышкер банкроттықтың соттан тыс рәсімін қолдану туралы арыз бергеннен бастап кредиторлар оны мазаламауы керек. Бүкіл берешегі бойынша өсімпұл, айыппұл тоқтатылады. Тіпті, жеке банктік шоттарынан ақша өндіріп алуға да тыйым бар.

Заңның мақсаты қандай?
Жеке тұлға банкроттығы туралы заң – қарызға белшесінен батып, отбасын асыра алмай жүрген адамдарға екінші өмір сыйлау.Банкроттық процедурасы басталғанда адамның банк алдындағы берешегі өспейді – өсімпұл, айыппұл қосылмайды. Ал процесс толығымен аяқталғаннан кейін борышкердің бүкіл қарызы кешіріледі. Қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін банкроттық «қарыз шұңқырынан» шығудың жалғыз жолы. Депутаттардың «Жеке тұлға банкроттығы туралы» заң қабылдау ұсынысын экономист Мақсат Халық та қолдап отыр.
– Ешкім кредит алғанда оны қайтармай қоямын деп ойламайды. Адамдар аяқ асты жұмыссыз қалады, еңбекке жарамсыз болады. Сондай сәтте оны коллекторлар, сот орындаушылары жан-жақтан қысады. Жағдайы мүшкіл адамды одан сайын қинайды. Ол да біздің қоғамның бір мүшесі ғой. Неге біз одан теріс айналуымыз керек? Сол себепті біздің елге бұл заңның керек екені сөзсіз. Заң қабылданса, ешкім борышкердің жалғыз үйін тартып алмайды. Белгілі бір шектеулер қойылады, әрине. Мысалы, шетелге шығуға тыйым салуы мүмкін. Бірақ бұл пәтерді алып қоюға қарағанда анағұрлым жеңіл жаза ғой, – дейді сарапшы.
Мақсат Халықтың ойынша, адам банкрот деп танылған соң, оған арнайы шот ашылады. Әлгі кісінің бар тапқан табысы соған түседі. Сол кірістің бір бөлігі отбасыны асырауға берілсе, қалғаны банктің есебіне аударылады.
– Несие бәрібір төленуі керек. Сол себепті, менің пікірімше, арнайы шот ашылып, банкрот болған адамның еңбекақысы соған түсіп тұрады. Оның бала-шағасына, күнкөрісіне кететін шығындар есептеліп, жалақысының қажетті мөлшерін ғана алады. Ал ақшаның қалғаны банкке беріледі. Егер отбасының қатары толығып, тағы бір сәби дүниеге келсе, шығын артады, сәйкесінше, өтініш жазып, ұстап қалатын ақшаны азайтуға болады. Ең бастысы баспанасы сақталады– дейді ол. Экономистің есебінше, Қазақстанда несиеге өмір сүретін адамдар жетіп артылады. Сондықтан аталмыш заңның шарапаты көп адамға тиюі мүмкін.

Жауаптылардан жауап
Қаржы вице-министрі Марат Сұл­танғазиев онлайн өткен брифингте жеке азаматтардың банкроттығы туралы заң жобасының негізгі нормаларын түсіндірді. Оның айтуынша, егер тұрақты табыс және қарызды жабуға мүмкіндік болмаса, банкрот жариялау шарасын қолдану ұсынылып отыр. Оның екі түрі болады. Біріншісі – сотсыз банкроттық, екінші – сот арқылы банкроттық жариялау екен.
Сотсыз банкроттыққа жүгіне алатын адамдардың нақты санаттары анықталды. Алғашқысы, қарызды төлеу мерзімі бес жылдан асып кеткендер болса, одан кейінгісі 306 300 теңгеден аспайтын берешекті бір жыл төлемей жүргендер. Мұнан соң 4 900 800 теңге қарызды алты ай төлемегендер.
Бұған өтініш электронды үкімет порталы арқылы жіберіледі. Одан бөлек «Е-салық азамат» мобильді қосымшасы арқылы мүмкіндік болады. Анығында құжат қабылданғаннан кейін мүліктің бар-жоғы, қарызды төлеу мерзімінің үш санаттың біреуіне сәйкес келуі және тағы басқа мәліметтер тексеріледі.
Вице-министрдің айтуынша, қарыз көлемі 5 миллионнан асатын борышкерлер банкроттықты сот арқылы жариялайды. Мүлік болса, сауда-саттық арқылы сатылып, кредитті жабуға жіберіледі. Қалған қарызы кешіріледі. Ал жалғыз баспанасын кепілдікке қоймаған болса, кредитор оны алып қоя алмайды.
– Осылайша «банкрот» деп жарияланған адамның жалғыз баспанасынан басқа мүлкі мен ақшасы болмаса, қарызы кешіріледі. Бірақ нақты шектеулер болады. Атап айтқанда, заң жобасында бес жыл бойы кредит пен займ алуға тыйым салынып отыр. Бұдан бөлек, үш жылға елден тыс жерге шығуға рұқсат болмайды. Жұмыс істеу үшін де рұқсат берілуі мүмкін. Оны әлі де талқылау қажет, – дейді Сұлтанғазиев.
Ал банкроттықтан кейінгі шектеулермен жүргісі келмейтін адамдар қарыздан бірте-бірте құтылу тетігін таңдай алады. Ол «төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» деп аталады. Ондайда борышкер сотқа жүгініп, қарызды бес жылға бөліп төлеуді сұрайды. Бірақ тұрақты табысы болуы шарт. Ал берешегі 5 миллион теңгеден асуға тиіс.Сосын қарыз берген және қарыз алған адамның келісімі болуы шарт. Осыдан кейін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары жасалып, сотта бекітіледі.
Айта кетейік, Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы арнайы заң жобасыәзірленген болатын. Осы айдың басында осы құжат қоғамдық талқылауға шығарылды.

Бастама аяқсыз қалмаса екен...
Елде жеке тұлға банкроттығы туралы заң қабылдау идеясы 2014 жылдан бері талқыланып келеді. Сол жылдары елді басқарған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға бұл заңның қажет екенін айтқан болатын. «Ақ жол» партиясы да бұл іске білек сыбана кірісті, тіпті заң жобасын әзірледі. Бірақ ол үкіметтен қолдау таппады.
Араға үш-төрт жыл салып, қаржы министрлігі «Азаматтардың қарыздарын реттеу, төлем қабілеттерін қалпына келтіру мәселелері туралы» заң жобасын дайындады. Бірақ депутаттар заң жобасы шикі, шала-пұла әзірленгенін айтып, сынады. Олар егер банкротқа ұшыраған жеке тұлғалардың баспанасын сақтап қалу туралы заң шықса, ипотекалық бағдарламалар қарыз беруді мүлде тоқтатуы мүмкін екенін алға тартты. Оның үстіне, адамды банкрот деп жарияламас бұрын мемлекет оның бар жиған-тергенін, кірісі мен шығысын толық бақылап отыруға тиіс. Ол үшін әр қазақстандық табыс декларациясын тапсыруы керек. Үкімет те осыны ескеріп, заң жобасын талқылауды жалпыға ортақ декларация енгізілгенге дейін тоқтатып тастады.
Жақында«Ақ жол» фракциясы жеке тұлға банкроттығы туралы заң әзірлеу бастамасын қайта көтерді. ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесіАндрей Линниктің айтуынша, құжат банкротқа ұшыраған азаматтардың баспанасыз қалмауына және отбасын алаңсыз асырауға мүмкіндік береді. Ендігі біздегі тілек, несібесін несиеге бергендерге қолдау аяқсыз қалмаса екен.
А.ЖОЛТЕРЕК

22 ақпан 2022 ж. 1 120 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930