Кішкентайлардың көз ауруы көбеюде
«Бұрын мектепте бір-екі көзілдірік таққан оқушы болатын еді. Бәрі қызық көретін. Қазір көзілдірік тақпаған бір-екі баланы кездестіреміз. Басқалар соларды қызықтайды», – дейді танымал әзілкештің бірі. Зілді әзіл. Бүгінде көру қабілеті бұзылған балалар көбі қоғамның ортақ мәселесіне айналып барады. «Жақыным алыстады» деп бұрынғылар кәрілікті меңзесе, бұл аурудың жасаруы әрбірімізді алаңдатуда. Кейде бірте-бірте көз ауруын кемістікке баламай, назар аудармайтын жағдайға жетеміз бе деген қауіпті пікір санаңнан қылаң береді. Тақырып туралы іздендік.
Алаңға айналуда
– Бұған дейін мұндай жағдайға кезікпеген едік. Балаларымның үлкендерінде алыстан көрмеу бертін келе пайда болған. Ал біріншіге биыл барған кішкентайымның оқуға деген қызығушылық қабілеті көңіліме қуаныш ұялататын. Алайда оным көпке ұзамады. Алғашқы тоқсанға барғанында кенже ұлымның аралас баға алғанын көріп, әлі мектепке үйренісе алмай жүрген болар деп ойлағанмын. Жақында сынып жетекшісі «көру қабілеті төмен болуы мүмкін» деген болжамын айтты. Назар аударып қарасам, расында солай болып шықты. Ауызша айтылған, естіген мағлұматын ойына тоқып, айтып беретін ұлымның өзі де оны жоққа шығармады. Мұғалімі екеуіміз жағдайды реттегенде, үлгерімі де жақсарды. Мен сияқты байқамай жүрген қаншама жан бар. Мүмкін перзентіңіздің неге үлгерімі жақсармағандығының негізгі себебі осы болуы да мүмкін.
Жағдайға себепкер өз салғырттығымыз, телефонды көргенде тоқтау салмағанымыз деп білемін. Дәрігерге барып, ем алдық. Алайда ол аурудан толық айықтырмайды екен, – дейді ата-ана Жұлдыз Нұрқасым.
Жиі кездесетін жағдай
– Қызмет өтілім басталғалы бергі он бес жылда «Баламның көзі нашар көреді. Алдыңғы партаға отырғызыңызшы», – деген өтініш ата-аналар тарапынан жиі айтылады. Анықтағанымызда, кейбірі рас, кейбірі жалған болып шығады.
Рас екендігі тақтаға жазған мәтінді қате жазатын балалардың өзге тапсырмаларды орындаудағы қарым-қабілетін тексергенде байқалады. Салдарынан бағдарламаны дұрыс игермеу, өзгелерден қалыс қалуға әкеліп, бала болашағына үлкен әсерін тигізеді. Жасыратыны жоқ, көруі нашарлаған оқушылар қатары жыл санап көбейіп келеді. Оларды барынша ертерек байқау, жан-жақты көмек көрсету асқындырудың алдын алары сөзсіз. Осы жерде бір нәрсені айта кетейін. Оқушы мектепке қабылданарда арнайы дәрігерлік тексерістен өтеді. Тексерістен өту көп жағдайда қол қойып, ауызша сұраумен шектеліп жататыны жасырын емес. Бұл балалардың денсаулығында қандай кінәрат, ауру белгісі барын анықтауға берілген мүмкіндік емес пе? Сабақ басталған соң демалыстан келген шәкіртке көбірек ойлану, күш жұмсауға тура келеді. Ондайда ағзаның әлсірейтіні бар. Осы кезеңде иммунитет төмендеп, бойындағы «белгілер» «бас көтереді». Ұл-қызымыздан жақсы жетістік күтсек, оны қинамай, алдымен денсаулығына дұрыс көңіл бөлу қажет, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Жадыра Темірханқызы.
Психологтің пайымы
Қазіргі таңда көзі нашар көретін, көру қабілеті төмендеген адамдарды, балаларды кездестіру қалыпты жағдайға айналып барады. Көру қабілетінің бұзылғанын білу өте ауыр. Алайда мамандар балалардағы көз ауруларының көпшілігі ерте жастан диагноз қойылатын болса, оны тез емдеуге болатынын айтады.
Сөз басында айтылғандай, көзі алысты не жақынды әлсіз көретін бала отбасында болса, оған «басқалар да бар ғой» деп немқұрайлы қарамай, дер кезінде себеп пен салдарын анықтап, көмек көрсетілуі маңызды.
Көзі көрмейтін, не көру қабілеті нашар балаларға ерекше назар керек. Ондай жағдайда балада комплекс яғни өзіне деген сенімсіздік пен үрей пайда болады. Мәселен, көзі нашар көретін балаға шектеу де көп қойылады. Ол сыныптасынан көп көмек сұрайды, үйдегілер өзі қалаған смартфон, компьютер, теледидар көргенде, комплексін жиі есіне салып: «Онсыз да көзің көрмейді, су қараңғы болып қалғың келе ме?» деген сияқты ескертпені үнемі есіне салып, тежеп отырады. Нәтижесінде бойындағы айналасы қалыптастырған кемшілік үдеу үстіне үдей түсіп, кішкентайдың тұйықталуы, оқшаулануына әкеліп соғады. Мұндай балалар ашушаң, ызақор, қоршаған орта, тіршілікте болып жатқандардың барлығына негативті көзқараспен қарайды. Бір сөзбен айтқанда, біз көңіл бөлмеген кейбір нәрселер қоғам бұзылысына әсер етуші ұрпақ қалыптасуына бастауы мүмкін, – дейді тәжірибелі психолог Лиля Арзахметова.
Маман кеңесі
– Әдетте қандай дүниеге де балалардың көзі мен миы жақсы бейімделетіні ғылымда дәлелденген. Кішкентайлар арасында көп кездесетін ауру түрлерін айтып берейін.
Миопия – науқас көзімен жақындағы заттарды анық, алыста орналасқан денелерді бұлыңғыр көруімен сипатталатын бұзылыс. Миопияның ауыр түрі кезінде көз алмасы созылып, өте қатты ұзарып кетеді. Бұл көз торының тесілуі, жыртылуына және қыртыстануына алып келеді. Нәтижесінде көз торының астында жаңа қан тамырлар пайда болып, көруді нашарлатады. Ол кез келген жаста дамуы мүмкін. Қазіргі кезде миопиямен 25 процент адам ауырады. Анықталғандай, ауру 8-12 жаста анық көрінуі немесе 20-40 жаста жайлап көрінуі мүмкін. Баланың миопиямен ауыратын туысқандары болса, сол ауруға бейімділігі болады. Миопияның белгілерін бастың ауруы, шамадан тыс көздің ауруы, сығыраюы, алыстан көру қабілетінің төмендеуінен анықтауға болады. Егер мұндай жағдай сізге не балаңызға таныс болса, дер кезінде окулист дәрігер тексерісінен өтуі керек. Миопиясы бар науқастарға арнайы көзілдірік, жанаспалы линзалар немесе хирургиялық ем қолданылады.
Оның алдын алу, әсіресе балалар мен жасөспірімдерде, көрнекі гигиена дағдыларын дамытуды талап етеді. Көзге арналған арнайы жаттығулар мен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Ерте анықталып, дұрыс емделген миопия көруді төмендетпейді.
Сәуленің бір денеден екінші денеге өту кезіндегі сыну процесі – рефракция аталады. Қандай да бір сәуле қасаң қабықтан және көзбұршақтан өту кезінде рефракцияға ұшырап, көз торында нақтыланып, ары қарай бас миына барып адамда көру процесі жүреді. Көз алмасының ұзаруы немесе қысқаруынан, қасаң қабықтың өзгерісі және көз бұршақтың қызметінің төмендеуінен дамиды.
Бұдан бөлек сәбилер арасындағы көз өзекшелерінің бітелуі, халық арасындағы «жалқау көз» деп айтылатын амблиопия аталатын көз кемістігі, катаракта яғни көз жанарының бұлыңғырлануы да бар, – дейді 1 санаттағы дәрігер офтальмолог Гүлжанат Дабылова.
Р.S. Көз – адам өмірі үшін маңызды мүше. «Адамның жасырын камерасы» деп баға берілген тартымды әрі әдемі мүше қоршаған әлемді көруге мүмкіндік сыйлайды. Көз миға ең үлкен жүктеме беруші саналады. Себебі мидағы ақпараттың 80 проценті дәл осы қос жанары арқылы қабылданады екен. Тағы бір қызығы, көз де саусақ іздері сияқты екінші адамда не жан-жануарда кездеспейтін бірегей көрінеді. Олардың мүмкіндігін молынан пайдалану үшін күтім жасап, бір уақыт көңіл бөлу қажет.
Дайындаған
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА